Ұлт тұтастығы – тыныштықта
«Қазақта көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» деген нақыл бар. Саналы өмірін ұрпақ тәрбиесіне арнаған, КСРО, Қазақ КСР кәсіптік білім беру ісінің озаты, Қазақстан білім беру ісінің үздік қызметкері, еңбек ардагері, айтары бар азамат Молдабай Ақниязовпен жолығып, көкейде жүрген сұрақтарға жауап алдық.
– Молдабай аға, кәсіптік білім көкжиегін кеңітуде ауданға еселі еңбегі сіңген жанның бірісіз. Қос ғасырдағы жүйені бастан өткердіңіздер. Өмір жолыңызға үңілсек, тәуекелге барған кездеріңіз туралы көп айтылады. Әңгімені өз аузыңыздан естісек...
– Бүгінде мерейлі отыз жылдығын тойлап отырған Тәуелсіз ел атанып, қадамды нықтау бізге оңайға соққан жоқ. Еліміз жаңа өзгеріске бейімделу жолында түрлі сындарлы сәтті басынан кешірді. Ол Қазақстандағы әрбір мекеме, ұжым, отбасы, санадағы өзгерістерге әсерін тигізбей қоймады. Солай бола тұра ел аңсаған азаттығын бағалап, ертеңіне үкілі үмітін жалғады.
Осындайда ойыма екі оқиға оралады. Өзім ұзақ уақыт басшылық тізгінін ұстаған қазіргі Қазалы көлік-техникалық колледжіне бірнеше рет жабылу қаупі туындады.
1992 жылы аудандағы темір жол саласына қатысты мекемелердің барлығы Батыс Қазақстан темір жолына қарайтын. Сол жылдың наурыз айында басқармадан біздің №5 кәсіптік-техникалық училищенің және техникалық мектептердің жабылуы туралы бұйрық келді. Себебі түсінікті, бюжеттік түсім жоқ, қаржы тапшы.
Мәселеге байланысты жоғары жаққа 7 рет шағымданып, Қазақстан Республикасының премьер-министрі Сергей Терещенконың қабылдауында болып, училищені аман алып қалдық.
Екінші рет 1996 жылы Батыс Қазақстан темір жолы басқармасы қаржыландырудан бас тартып, оқу орнын жергілікті бюджетке берді. Ол тұста аудан жағдайы да жақсы емес-тін. Осы тығырықтан шығу үшін сол кездегі ҚР спорт, білім және мәдениет министрі Қырымбек Көшербаевтың қабылдауына жазылып, мән-жайды, училище тарихын, маңызын жан-жақты жеткіздім. Қырымбек Елеуұлы да бұл жағдайға ерекше ден қойып, республикалық бюджеттен қаржы қаратып, мекемені сақтап қалдық.
– Қазіргі таңда ғасырға жуық тарихы бар оқу ордасы республикадағы озық білім беру ошақтары санатында. Алайда оны жабудан аман алып қалумен бірге, сақтап тұру да оңайлық туғызбағаны белгілі. Осы бағытта қандай қадамдарға бардыңыздар?
– 1996-1999 жылдар аралығында училище контигенті азайды. Мемлекеттік тапсырыс болған жоқ. Оқу өндірістік шеберлері қысқарды. Небәрі үш топты сақтап қалуға мүмкіндік болды. Өз-өзімізді ұстап қалуға қаржы табуымызға тура келді. Шеберлер мен оқушылар болып бақша егіп, одан шыққан өнімді саттық. Өндірістік шеберханаларда тұрмыстық бұйымдар әзірлеп, мекемелермен келісімшарт жасасып, тапсырыс қабылдадық.
1999-2000 оқу жылында мемлекет тарапынан үлкен қолдау болып, оқу орны жаңа сипат алып, жанданды. Мамандар дайындайтын топтар көптеп ашылды. Уақытында 5 облыс: Қызылорда, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбені мамандармен қамтуға қауқарлы орынның шәкірттері қазір де Қазақстанның түкпір-түкпірінде үлгілі қызметімен еленіп жүр.
– Зейнеткерлікке шыққаныңызға 15 жылдан астам уақыт өтсе де, қоғамдық жұмыстардан қалыс қалмай, ел ішінде өмірден түйген мол тәжірибеңіз, өнегеңізді көрсетуден аянбай келесіз. Аудандық ардагерлер кеңесіндегі қоғамдық жұмысыңыз туралы білсек...
– «Үлкендік жолы – ұлағат» дейді. Сондай-ақ дұрыс қартайып, үлкею де аз күшті қажет етпейді. Адамнан көп нәрсе талап етеді. Әркім өзі дұрыс болмаса, айналасына қалай ақыл айта алады? Алдымен ұрпақтарың ұлағатты үлгі алатын, жүрген жерің дұрыс көзқарас қалыптастыру үшін өз өмірің, жолың, кейінгіге көрсетер өнегең, айтар сөзің болуы керек.
Зейнеткерлік демалысына шыққан соң, он жыл өзім қызмет еткен орында ардагерлер кеңесінің төрағасы болдым. Олардан ешқашан байланысымды үзген емеспін. Жақсылығына сүйініп, қиындығына күйініп отырамын. Сондай-ақ өзіңіз айтып кеткен аудандық ардагерлер кеңесінің тұрақты мүшесімін. Елдегі, аудандағы саяси, әлеуметтік жағдайдың қай-қайсысы да біздің назардан тыс қалмайды. Өзара талқылап, қолымыздан келген жұмысты жүргізіп, ел тыныштығы, ауызбіршілігіне атсалысуды басты назарда ұстаймыз. Жыл басында арнайы жоспар бекітіліп, сол бойынша және өзге де жағдайларға орай жұмыс жүйесін түземіз.
– Үстіміздегі жыл кім-кімге де оңай соққан жоқ. Мұндайда елді ұйыстыруға өздеріңіз сынды аға буынның белсенділігі қажет болды. Бұл бағытта қандай істер атқардыңыздар?
– Рас айтасыз. Төтеннен келген «тажал» қаншама азаматтан айырды. Ел абдырап, «енді не болады?» деген үрейде қалғанда, бұл қиындықты еңсеруге берік бірлігіміз көмегін тигізді. Осы жолда аудан ардагерлері де қалыс қалмады. Өз үнін қосты. Алдымен рубасылары саналатын әрбір ақсақалға өз туған-туыстарына ықпал етуді тапсырды. Сол арқылы аурудың ушығуын азайтып, тойларды тоқтатуға күш салды. Шақыртулардан барынша бас тартып, тиюды өзімізден бастауды қолға алдық. Аудандағы идеологиялық топ: ішкі саясат бөлімі мамандары, діни өкілдермен бірлестікте халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізудеміз.
Аптасына бір рет бас қосып, түрлі тақырыптағы саяси оқуларға қатысамыз.
Жақында вакцинаның қажеттілігі туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде Ақтан батыр ауылындағы 86 жастағы Шалқарбай, 82 жасқа толған Шеңгелбай есімді ақсақалдар ел алдында екпе алып, көпке үлгі болды. Отбасыммен түгел өзіміздің, қоғамның қауіпсіздігі үшін вакцинаны алғашқылардың бірі болып ектірдік.
Әулеттің үлкені болған соң, үйге хал сұрасып, сәлем беріп келуішер көп болады. Әсіресе мереке күндері. Ондайда барынша көп адам жиналуға болмайтынын ескертемін. Ал жиналатын жағдайда құда-жекжат, балалар, ұжымдастардың әрқайсынына аз-аздан, кезекпен келуі керектігін айтамын.
– Аудандағы ұлтаралық келісім, татулық туралы көзқарасыңыз қандай?
– Қазалы жерінде ұлтаралық татулық туралы мәселе жоқ деп ойлаймын. Жергілікті тұрғындардың дені қазақтар болғандықтан, мұндағы өзге ұлт өкілдері де қазақ тілін төл тілінен артық біледі. Жақында бір жағдай болды. Ауруханада ем алып жатқанмын. Бір өзге ұлт өкілі жанымызға келіп қосылғанда, екі замандасым орыс тілінде амандасып еді, әлгі емделуші қазақша жауап беріп, оларға ренішін жеткізді. Назар салып қарасам, училищеде 1963 жылы бірге оқыған Михаил Потроков есімді жігіт екен.
Көп жағдайда өзіміз осылай орысша сөйлеп, қазақ тілінің аясын тарылтамыз. Бұған бейжай қарамау керек. Қазақ тілінің, қазақ елінің жанашыры қазақ қана. Ұрпаққа ұлтжандылықты дарыту басты міндетіміз екенін ешқашан естен шығармаған жөн.
Қазіргі уақытта аудандағы саяси жағдайда тұрақтылық байқалады.
Мені алаңдататыны, көп қандасымыз жат ағымның жетегінде адасып жүр. Біз жақта бұл мәселеге жиі ұшыраспаймыз. Десе де оған салғырт қарауға болмайды. Әрдайым бақылауға алып, туралықты отбасында дарыту адасудың алдын алар еді. Кейде әлеуметтік ахуал да осындай жағдайға итермелейді. Дін идеологиялық құрал болуы керек. Оны мемлекеттік саясаттан бөліп қарауға болмайды.
– Әсерлі әңгімеңізге рахмет! Аман болыңыз!
Сұхбаттасқан
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА