Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Барлығына көз жұма қарау – ақсақалдығымызға сын

Барлығына көз жұма қарау – ақсақалдығымызға сын

«Тәжірибе – табыс тұтқасы» деген әлемдік тенденция бар. Ол қай бағыт, сала болмасын, қажеттілігін байқатып жатады. Өзі қызмет атқарған салаға қатардағы жұмысшы болып келіп, мақтаулы маман, білікті басшылыққа дейінгі жолды ізденісімен ұштастырған Мұхараб Табынбаев айтары бар азамат. Ауылшаруашылығы саласының майталманы, Қазалының құрметті азаматымен сұхбаттасып, тәуелсіздік тартулары мен толғандырған жайлар туралы толымды пікірін зерделеуді жөн деп таптық.
– Жаңа Қазалы қыстағында туылған баланың ауылшаруашылығы саласын таңдауында қандай сыр жатыр?
– Мен қазіргі Қазалы мен Төретамның аралығындағы шағын разъезде дүниеге келгеніммен, құжатта қыстақ деп көрсетіліпті. Балалық шағым осы аудан орталығында өтті. Сегізінші сыныпты бітірген соң, әкем Жұмабайдың жолын қуып, теміржолшы болуға бекіндім. Алайда жасыма байланысты мені оқуға қабылдамай, Қазалы қаласындағы ауылшаруашылығы мамандарын дайындайтын техникумға оқуға түсуіме тура келді. Сол арнауалы оқу орнын техник-механик мамандығы бойынша қызыл дипломға бітіріп шықтым. Техникум қабырғасында жүргенде өндірістік тәжірибеден өту үшін аудандағы «Астық тарату базасы» аталатын мекемеге барып, еңбекке араласа бастадым. Бітірген соң да сондағы жұмысты жалғастырдым. Жұмыс істей жүріп, Алматы қаласындағы қос ауылшаруашылығы институтына құжат тапсырып, қабылдандым, алайда ол жақта отбасылық жағдайға байланысты ұзақ оқуға мүмкіндік болмай, ауылға қайтып, үлкейген ата-ана, әлі бұғанасы бекімеген бауырлардың жауапкершілігіне мойынсұнуға тура келді.
Астық тарату базасында қатардағы жұмысшылықтан, бас инженерлік қызметке дейін көтерілдім. Ол тұста базаға өңделмеген өнімді қабылдап, дайын күріш, бидай, жарма, жеммен ауданның 80 мың халқымен бірге Байқоңыр қаласындағы біздің жергілікті тұрғындардан 1,5 есеге жуық әскерилерді қамтамасыз ету міндеттелген-ді.
–Осы мекеменің басшылық тізгінін де ұстадыңыз...
– Біз еңбекпен қол үзбей жүріп өзімізді шыңдадық, білімімізді жетілдірдік. 1971 жылы Алматыдағы ауыл шаруашылығы министрлігінің кадр дайындайтын курсын, кейіннен Мәскеудің тамақ өндірісі институтының экономикалық басқару факультетінен білім алдым.
1977 жылы Арал қаласындағы астық тарату базасына директор болып тағайындалдым. Аралда сол кезде тәулігіне 100 тоннаға ұн шығаратын зауыт бар еді. Олар облыспен бірге республиканың біраз өңірін өз өнімдерімен қаматамасыз ететін.
1982 жылы Қазалы аудандық астық өнімдерін тарату базасы басшылығына ауыстық. Бұл орында он бес жылға жуық қызмет атқарып, одан соң аудандық ауылшаруашылығы бөлімі, Қызылорда облыстық аумақтық басқармада жұмыс істеп, зейнет демалысына шықтық.
– Өмір жолыңызға үңілсек, халық қалаулысы болған кездеріңіз де бар екен...
– Арал қаласында жүргенде қалалық атқару кеңесінің депутаты, Қазалы ауданында екі мәрте поселкелік, 3 рет аудандық кеңестің депутаты болдық . Мәслихаттың алғашқы сайлауына араласып, халық қолдауына ие болған азаматтың бірі ретінде сол кездегі қоғамдық мәселелерге азды-көпті өз үлесімізді қоссақ – азаматтық парызымыз деп білемін.
– Сіз тер төккен салаға бүгінде жастар ықылассыз. Мәселе қайдан туындады? Оларды шешудің қандай жолдары, тетіктері бар?
– Кешегі мен бүгінгіні салыстыруға мүлде болмайды. Уақыт алмасты, заман жаңа өзгерістерді санаға сіңірді. Бірақ оның барлығын заманға жабудың қажеті жоқ. Мәселе заманда емес, қоғамда. Үлкендердің кейде білгенін айтуы ескілікті көксеген болып саналады. Алайда оны дұрыс емес екен деп, барлығына көз жұма қарау –ақсақалдығымызға сын. Біздің жас кезімізде барлығы Одақ үшін деген ортақ мүддеге сенім тоғыстырдық.
Жоғары оқу орнын қаласаң, ауылшаруашылығына кемі үш жыл жұмыс істеу міндеттелген. Білім алғың келді ме, үш жыл өрісті өркендетесің. Осы орайда кешегі қысылтаяң, тоқырау заманында қырдағы жұртты Қарақұмды, Қызылқұмды тастап, ата қонысымызды қиып, жаппай қалаға көшіруге тура келді. Оған өзіміз кінәліміз. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында үкімет барлық мүмкіндігін жұмылдырды. Алайда ауылшаруашылығы саласына шетелден білім алып келген «Болашақ» бағдарламасының түлектері басшылық етті. Ақыны ауылдағы ағайынның орталыққа шоғырлануына емес, сол жерді қалай да ұстап қалуына жұмылдырғанда иен дала иесіз қалмай, бүгінгідей жұтаңдыққа жолықпас едік. Өзен-көлдер, жайылымдық жерлер, бақшалық, барлығы сатылып, өріс тарылды, егіс егу, шөп шабуға мүмкіндік қиындап келеді.
Бүгінде мемлекет тарапынан көңіл көншітерлік жақсы бастамалар қолға алынуда. Мәселен, субсидиялау, «Дипломмен ауылға» бағдарламасын алып қарасаңыз, қандай жақсы. Алайда бұл мемлекеттің мол қаржысы ауыл ахуалын жақсартуға жұмыс жасап жатыр ма, ол жағын қадағалау кемшін. Мәселен, «Дипломмен ауылға» арқылы кенттен қаншама адам үй алған. Оның ауылшаруашылығына қандай үлесі бар? Бұл мемлекеттік бағдарлама ауылды ажарландырамын деген жас кәсіпкер, бақташы, малшы, сауыншыға неге берілмейді? Сосын жастар қайдан ауылға барсын?!
«Отан отбасынан басталады» дейді. Әрбіріміз жас ұрпақты тәрбиелеуде «жер, су, еңбек, маңдай тер» деген түсінікті қалыптастырсақ, ұтарымыз көп болар еді.
– Көкейіне түйгені бар, көпті көрген азаматсыз. Елімізде өршіген пандемияның кең қанат жаюына не түрткі, не кедергі?
– Кеңес дәуірінде де талай эпидемияны еңбектеген баладан бастап, еңкейген қарияға дейін вакцина арқылы жойды. Сол кезеңде олар оған мәжбүрлі түрде емес, саналы түрде баратын. Бір ғана мысал, әлемде осы залалды өз күшімен еңсерген бірден-бір мемлекет Қытайды алып қарайық, жаппай вакцинациялауды мемлекеттік мәселеге балап, қиындықтан құтылуға күш жұмылдырды. Әрбіріміз вакцина алуды еркіміз деп еркінсуімізге болмайды. Оның арғы жағында ұлттың, ұрпақтың мүддесі тұр. Тойларға, қазалы жайларға бармауға тыйым салынғанымен, бір ғана санипед қадағалау саласының маманы салған айыппұл оған тоқтау бола алмасы анық. Түбегейлі тойтару мүмкін емес, алайда өзің бармай, жақындарыңа көпшіліктің қауіпті екенін ұғындыруға әрбіріміз атсалысуымыз керек.
– Үстіміздегі жыл Тәуелсіздіктің торқалы тойы, мерейлі отыз жылдығы. Осы қалыптасқан жүйенің қиындығы мен қызығын кешірген жанның бірі өзіңізсіз. Сұрағым, тәуелсіздік жасаған тәуекелдер қандай болды? Тартуы деп нені атар едіңіз?
– Еш нәрсе де оңайлықпен келмейді. 70 жыл бойы тұрақты жүйеге қалыптасқан санаға түбегейлі төңкеріс жасау оңайға соқпады. Халық қиналды. Тығырықтан шығар жол іздеді. Нәтижесінде әркім өз қолынан келетін шаруаға икемделді, мемлекет те қаржылық жүйесі қалыптасқан елдер қатарына қосылды.
Өзім көрген көріністен мысал келтірейін. Бірде аудандағы астық базасын басқаратын уақытым. Тамыз аяғының соңы болатын. Қарауыл бастығы кабинетіме 3-4 әйелді алып келіп, олардың қоймадан астық ұрлап жатқан әрекеттерін әшкерелегенін жеткізді. Заңдылығы, жұмыс талабына қарасаң, қылмыс. Ал біз сол тұста бұл жұмысшы-еңбеккерлердің айлық жалақысын тауып бере алмай отырмыз. Адамдыққа салсақ, олардікі мәжбүрлік. Бірер күннен соң қарадомалақтары сабаққа барады. Оларға киім керек, оқу құралдары тағы бар. Сәл ойландым да, қарауыл бастығына алған астықтарын үйлеріне жеткізіп беруге, одан кейін бұл әрекет қайталанса, шара көрілетінін айттым.
Тәуелсіздік бізге көп нәрсе берді. Газ, су, жарық барлығы жеткізіліп тұр. Айналаның барлығы кәсіпкерлік нысан. Қайсысын жасаймын дейсің, еркіңде. Алайда күш жұмсамай, көп қаржыға кенелуді үйренген ұрпақ қалыптасып келе жатыр. Бұл біздің ауылшаруашылығын ұстап қала алмай, балаларымызды еңбекке баули алмағандығымыздың себебінен де туындап отырса керек.
– Сізді жиі не алаңдатады?
– Абай айтқандай саналы адамға өмірде алаңдатар мәселе көп. Теңге тұрақсыздығы, азық-түліктің аумалы-төкпелі болып тұруы, еңбекті бағаламау, масылдық. Осылардың әрбірі ертеңге елеңдетіп, келешекке алаңдатады.

Сұхбаттасқан Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
10 тамыз 2021 ж. 1 177 0

Ауқымды марафон өтті

20 қараша 2024 ж. 69

Мемлекеттік рәміздер

20 қараша 2024 ж. 64

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930