Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қызығушылығымды қызмет ұмыттыра алмады

Қызығушылығымды қызмет ұмыттыра алмады

Қазақ эстрадасы соңғы он жылдықта жан-жақты дамыған, терең түсінік, ойлы танымға жетелейтін көркем әндермен толықты. Саз өнері көсегесін көгерткендер қатарында жаңа буын да бар. Осындай есті әндерімен елдің құлақ құрышын қандырып келе жатқан композитордың бірі, талантты жерлесіміз Дін Шора.
Жақында осындай хит әндердің авторымен тілдесудің орайлы сәті туды.

Әндерім халық жүрегіне жетсе, мен үшін бақыт
– Танымал әндер авторының біздің өңірде өмір сүріп жатқанын бірі білсе, бірі білмейді. Сіз туралы толыққанды ақпарат табу оңайға соқпады. Құпияыңыздың сыры неде?
– Оныңыз рас (күліп алып). Шығармаларым азды-көпті халыққа танылып, жүрегіне жетсе, маған одан артық бақыт та, мәртебе де жоқ. Ақпарат табылмай, осы күнге дейін толыққанды интервью бермеуімнің сыры, оны белгілі бір дәрежеге қол жеткізгенде ғана жүзеге асыруға болатын іс деген ойдамын.

Дін Шора – Төреғали қойған есім
– Көпшілікті қызықтырған тақырып – туған жеріңіз, балалық бал шағыңыз туралы айтып берсеңіз...
– Толық есімім Дін-Мұхаммедәли Шораев. Бір жолы Төреш бауырым Дін Шора деп атап, солай танылып үлгердік. Қазір бәрі осы есіммен атағасын, өзім де оған үйреніп қалдым. Бір жағынан, ұлық Пайғамбарымыздың есімін кез келген жағдайда қалай болса, солай айта салу дұрыс емес деп ойлаймын.
1984 жылдың 1 қарашасында Арал ауданының Қарақұм стансасында дүниеге келдім. Отбасымның сегізінші, яғни кенже баласымын. Әкем Бақыт Шораев – экономист, анам Салиха Тәкебаева – ағарту саласында қызмет атқарған.
1997 жылы Арал қаласына көшіп келдік. Сол жерден мектеп бітірдім.

Бауырға бергісіз байланысымыз бар
– Бойыңыздағы әнге деген құмарлығыңыз қай кезде оянды?
– Әкем есеп саласының маманы болса да, ұлттық аспап домбыраны өте шебер орындайды. Мен 5-сыныптан бастап домбыра тартуды өз еркіммен үйрендім. Сыр бойы ежелден сүлейлер мен жыраулардың мекені. Сондықтан біздің жерде ән айтып, домбырада ойнау «жаңалық» емес. 6-7 сыныптарда оқып жүргенімде мектептегі бірде-бір шара менің қатысуымсыз өтпейтін. Аралдағы №62 мектепті бітірген соң, 2001-2003 жылдар аралығында Қызылжар аулындағы клубта жұмыс істедім. Сол жерде Шынберген Сүлейменовпен таныстым. Екеуіміз тойға барып ән, терме айтып жүретінбіз. Бауырға бергісіз байланысымыз осы жерден түзілді. Қазір біріміз аға, біріміз іні болып, бір-бірімізбен аз уақыт хабарсыз қалсақ, жағдайымызға алаңдап тұратын күйге жеттік. Ағамның қанаттандырып, өз жолын табуына қолдау білдіргендер қатары көп. Солардың бірі өзіммін деп ойлаймын.
Бала кезден басталған қызығушылығым, осы тұста өрістеген болуы керек.

«Ақжүрек» – алғашқы әнім
– Бір қызығы, сіз өнерге шенді қызметіңізді айырбастаған көрінесіз...
– Оныңыз рас, мамандығым – заңгер. 2004 жылы Отан алдындағы борышымды өтеуге әскер қатарына аттандым. 2006 жылы ауылға оралған соң, Арал аудандық ішкі істер бөліміне қызметке орналасып, 2012 жылға дейін жұмыс істедім. Алайда өнерге деген қызығушылығымды қызмет ұмыттыра алмады. Ақыры, біржола бетбұрыс жасағанды жөн санадым.

Қазақ эстрадасының көптеген жас жұлдыздарына ән жаздым
– «Ақжүректен» басталған шығармашылық жол қалай жалғасын тапты?
– Қазақ эстрадасының көптеген жас жұлдыздарына ән жаздым. Алғашқы әнім «Ақжүрек» 2016 жылы шықты. Әйгерім Мамырова орындайтын бұл ән – шығармашылығымда ерекше әсерін қалдырған ақжолтай туынды. Ол барлығы білетін «Вальс» әнінің туылуына да себепші болды. Кейіннен Нұрболат Абдуллин айтатын «Қызық екенсің», «Жігіт айласы», «Анамның шайы», «Айтасың ба, айтпайсың ба?», «Ұнатпа мені», «Өзім білемін», Нұрболаттың Әбдіжаппар Әлқожамен бірге шырқайтын «Күлкің-ай», Мәлік Жамбылұлы орындайтын «Ауылда қалған қыз», Нұрмолда Бақтыкерейдің репертуарындағы «Сұлуым» әндеріне жалғасты. Соңғы жылдары Ерболат Төлеген «Келін боласың», Абай Бегей «Махаббат жасқа қарамайды» атты шығармаларымды танытып жүр.
Қазірде талантты ақындар Ершат Қайбуллин, Қайнар Алагөз, Оразбек Қиынбаев, Аян Сейітов, Мөлдір Айтбайлармен тұрақты шығармашылық байланыстамыз. Сыр сұлуы, композитор Индира Елеубаева екеуіміздің «Сен үшін» атты бір дүниені шығарып, бірге орындап жүргенімізден көпшілік хабардар.

Ұлдарымның өнерді таңдауын қолдаймын
– «Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған» дейді қазақ. Оқырмандар отбасыңыз туралы білгісі келеді. Олардың өнерге қатысы бар ма?
– Шүкір, ата-анадан алған тәліммен отбасын құрып, ұрпақ жалғастырудамыз. Зайыбым Сәнімкүл Есен екеуіміз Алланың берген балдай балапандары Расул, Аягөз, Ерасылды тәрбиелеп, үлкен үмітімізді ертеңге жалғап отырмыз. Келіншегімнің өнерге қатысы жоқ. Ал, балаларым туралы әңгіме басқа. Расул баян класының мақтаулы оқушысы болса, Аягөзіміздің әнін ютубтан көптеген адам тыңдап, таныс болып қалған. Жақында осы қызымыз онлайн концерттен алғашқы орын алып, мерейімізді үстем етті. Келешекте осы жолды таңдаймын десе, ата-ана ретінде, қызымды білмеймін, ұлдарыма қолдау білдіреміз деп ойлаймын. Себебі қанда бар нәрсе бәрібір бойдан табылмай қоймайды.

Мал бағып жүрмін
– Қазір композитор қандай шаруамен айналысып жүр? Болашақтағы жоспарларыңызбен де бөліссеңіз...
– Қазақ композиторлар одағының мүшесімін. Радио, теледидар, тойда шығармаларым орындалса, гонарар түсіп тұрады. Алайда мен үшін ән жазу күнкөріс көзі емес, табиғат дарытқан қабілеттің жемісі. Сан қуып күнде жаза берсең, сапалы дүние шықпасы анық. Сондықтан жүрегімді саз тербегенде ғана отырамын. Оны іштей пісіріп, дамытып, өзгелерге тыңдатып болған соң ғана, жарыққа шығарамын. Жұмысыма арнайы белгілеген мөлшерім жоқ. Ән сатып көрген жоқпын. Бірақ «барлық еңбектің өтеуі болуы керек» ұстаныммен, қаламақы ұсынғанда бас тартпаймын. Ал ән жинақ шығару, жеке концерт беру уақыттың еншісінде.
Өзіңіз білетіндей, туған жеріме туымды тігіп, сол қасиетті мекеннен өрісімді кеңейтіп жатқан жанның бірімін. Әзірге үлкен қалаға көшу, әннен қол үзу жоспарымда жоқ. Алайда бір отбасының жауапты адамы болғандықтан, балаларымды ата кәсіпке машықтауды мақсат тұтудамын. Төрт түліктің қолда барын күтіп-баптаудамыз. Келешекте Аралдан 1000 бас сиырға арналған баз салып, кәсіпкерлікті кеңітіп, жергілікті жұртты жұмыспен, сапалы азық-түлікпен қамту ойымда бар.
– Уақыт тауып, сұрақтарға жауап бергеніңіз үшін үлкен рақмет! Шығармашылық биіктерден көріне беріңіз!
– Сіздерге де рақмет! «Қазалы» газетінің ­жазары көп, ғұмыры ұзақ болғай!

Әңгімелескен
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
17 шілде 2021 ж. 771 0

Киелі мекен - Жанкент

19 сәуір 2024 ж. 32

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930