Рамазан – мүмкіндіктер айы
Жылына бір келетін қасиетті Рамазан айына да қадам бастық. Рамазан – жақсылықтың бастауы. Осынау айда ниет етіп, ораза ұстағандар арасында оразаны бұзатын жағдайларға қатысты екіұдай пікір туғызған сұрақтар да жоқ емес. Осы орайда Қазалы аудандық «Жанқожа батыр» мешітінің бас имамы Берік қажы Сүлейменовпен сұқбаттасып, сұрақтарымызға жауап алудың сәті түскен болатын.
– Берік Мәдиұлы, ең алдымен, осы айдың артықшылықтары туралы айтып өтсеңіз...
– Рамазан айының басқа айлардан артықшылығы – қасиетті Құран Кәрімнің түсуінде және мың айда берілетін жақсылық бір түнде еселенетін қадір түнінің болуында. Рамазан – мүмкіндіктер айы. Алла бұл айда жәннат есіктерін ашып, тозақ есіктерін жауып, шайтандарды кісендейді. Бұл барша мұсылман үшін мол сауап жиып, күнәлі істерден тыйылуына мүмкіндік береді.
– Оразаны белгіленген уақытында бастауға үлгермей, 2-3 күн кешігіп қалғандар не істейді?
– Ораза ұстауға кешіккендер ұстамасын деген қағида жоқ. Белгілі бір себептерімен оразаны жұртпен бірге бастауға 2-3 күн не бір апта кешігіп қалған адам сол уақыттан бастап ұстай береді, кейін сол күндерінің қазасын өтейді.
– Сәресіні ерте ішіп, ауызды ерте бекітуге бола ма?
– Иә, болады. Бірақ пайғамбарымыз: “Сәресіні кешіктіріп, ауыз ашарға асығыңдар” – деген. Сол себепті сәресіні кешіктіріп, яғни, көрсетілген уақытқа жақын ішу абзал саналады. Ал ауызашар уақытты кешіктіруге болмайды.
– Денсаулығына немесе қарттығына байланысты ораза ұстауға мүлде шамасы келмейтін кісі не істеуі керек?
– Ораза ұстауға шамасы келмеген адамдар фидия беріп оразасының өтеуін өтей алады. Фидия дегеніміз – бір күндік ішіп-жемді мұқтаж жанға беру. Сонда отыз күн оразаны өтеу үшін отыз міскінді тамақтандырады. Қазіргі кезде қаржылай беру қарастырылған. Ораза ұстауға шамасы келмеген адам қаржылай беретін болса, бір күндік фидия мөлшері 2500 теңге болады.
– Мұрын, тіс қанаса ораза бұзыла ма?
– Жоқ, ораза бұзылмайды, тек қан ішке кетіп қалмаса болды.
– Аяғы ауыр не емізулі баласы бар әйелдер ораза ұстай ма?
– Аяғы ауыр немесе емізулі баласы бар әйелдер ораза ұстамаса болады. Себебі, діннің ең бірінші мақсаты – адамның жанын сақтау. Сондықтан баланың, өзінің денсаулығына байланысты ұстамауға рұқсат еткен. Бірақ ұстауға ниет етсе, кейін оразаның қазасын ұстайды.
– Рамазан айының бір күнін себепсіз қаза етсе, не болады?
– Рамазан оразасын еш себепсіз ашқан немесе қаза еткен адамға алпыс күн ораза ұстау міндеттеледі. Шариғатта бұл каффарат деп аталады.
– Рамазан айындағы маңызды күндерді атап өтсеңіз...
– Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының ресми мәліметі бойынша Рамазан айының алғашқы күні 13-ші сәуір болып бекітілді. Ораза айт мерекесі 13-ші мамырға сәйкес келеді. Ал мамырдың 8-нен 9-на қараған түн Қадір түні.
– Пітір садақаның мөлшері қандай?
– Пітір садақа Рамазан айының ішінде беріледі. Оның мөлшері 420 теңге болып бекітілді. Садақаны каспий қосымшасы арқылы да төлеуге болады.
– Қадір түнін үйде күткен дұрыс па, әлде мешітте ме?
– Қадір түнін қай жерде өткізгеніміз маңыз. Ол түнді қалай өткізгеніміз маңызды. Қазіргі карантиндік жағдайға байланысты қасиетті түнді үйде отырып өткізген абзал. Бастысы, құлшылықпен, таза ниетпен өтсін.
– Әйтеке би кентінің медресенің салынатыны туралы жаңалықтан хабардармыз. Медресенің құрылысы қашан басталмақ? Қанша баланы оқытуға арналған?
– Алла қаласа, аудандық орталық “Жанқожа батыр” мешітінің жанынан тұңғыш медресе салынғалы жатыр. Қазіргі таңда құжаттарын рәсімдеудеміз. Құжаты реттелген соң құрылыс жұмысы басталатын болады.
Медресе салудағы мақсатымыз – жастарға дұрыс діни бағытта тәрбие беру, Құранды толық жаттаған қарилар даярлау және діни қызметкерлер жетіспеушілігін шешу. Бұл медреседе бір мезгілде 150-200 шәкірт оқи алатын болады.
– Қазалы жұртына рамазан айында айтар тілегіңіз...
– Алла ораза ұстаған жандардың оразасын қабыл еткей! Отбасымызға береке беріп, елімізді індеттен аман етсін!
– Сұқбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен Дина БӨКЕБАЙ