Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Алғаш рет балмұздаққа «Халал» сертификаты берілді

Алғаш рет балмұздаққа «Халал» сертификаты берілді

Алғаш болып «Леңгір балмұздағы» халал өнім ретінде дайындау, өңдеу, сақтау, тасымалдау және сатуға қойылатын жалпы талаптар стандарты бойынша сертификатқа ие болды. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Халал Даму» ЖШС директоры Әнуар Елжанов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында мәлім етті.
 «Өз өніміне «халал» атауын алғысы келетін кәсіпкер алдымен бізге өтініш білдіреді. Содан соң біздің технолог мамандар өнімнің толық құрамын тексеріп шығады. Бұл шамамен бір айға жуық уақытты алады. Онда барлық қызметкерлердің жұмыс жасау барысы, санитарлық тазалық шарттарын сақтауы, шариғат талаптарына сай емес өнімдерді қолданбауы, мекемеге шикізат өнімдерін тасымалдаушы кәсіпорындардың құжаттары, техникалық құрал-жабдықтардың стандарт талаптарына сай жабдықталуы, қаптамалардың адам денсаулығына зиянды болмауы секілді өнім өндіруден бастап тасымалдап сатуға дейінгі барлық процесс тексерілді», - деді Әнуар Елжанов. Оның айтуынша, халал сертификаты 1 жылға жарамды, содан соң өнімді қайта тексеруден өткізіп, сертификатты одан әрі ұзартуға болады. Сондай-ақ, аталған ұйым келісімшартқа сәйкес өнімді жылына 2 рет тексеруге құқылы.
 «Тағы бір айтып өтетін мәселе - өнімді тексеру барысына екі жақтың технолог мамандары қатысады. Басты талап - өнім құрамы қоспаларының халал болуы және тұтыну мерзімінің қатаң сақталуы. Себебі, кей өнім қоспалары шетелден әкелінеді, оның бәрі жеке-жеке тексеріліп, олардың сертификаты сұралады. Ал Леңгір балмұздағына келсек, сертификат беру үшін 2 айға жуық уақыт жұмсалды және бұл мақсатта 4 маман жұмыс істеді», - дейді ол. Халал орталығы басшысының сөзіне сенсек, тауарға халал деген сертификат алу - кәсіпкердің өз еркіндегі шаруа, яғни міндетті емес. Дегенмен, соңғы уақытта халал атанғысы келетін отандық тауар өндірушілер көбейіп келеді.
 «Қазіргі таңда тұтынушылардың азық-түлікті сатып алғанда «халал» болуына ерекше көңіл бөлетінін байқаймыз, бұл - уақыт талабы. Яғни, халық арасында халал деген ұғым сіңісіп, қалыптасқан деп айта аламыз», - деді мекеме басшысы. 
Сондай-ақ, Ә.Елжанов қазіргі таңда БАҚ беттерінде, әлеуметтік желіде жиі қозғалып жүрген «халал» деген жазуы бар, бірақ құрамынан харам қоспалар анықталып жататын оқиғаларға қатысты өз пікірін білдірді. 
«Иә, ондай оқиғаларды естіп жатамыз. Мысалы, шұжық өнімдерінің құрамынан шошқа майы табылыпты деген секілді. Бірақ бүгінге дейін біз сертификат берген өнімдерден ондай келеңсіздіктер анықталған емес. Өйткені, біз өнімге халал рұқсатын берер алдында нақты талаптарға сай тексереміз және өндірушілердің сол талаптарды ұстануын міндеттейміз. Ал талап бұзылған жағдайда өнім сертификатын жарамсыз етіп, ол туралы халықты сол мезетте хабардар етеміз», - деді Ә.Елжанов. 
05 сәуір 2019 ж. 1 355 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031