Ауылды түлеткен азамат
Қазақта «Ел ағасыз, тон жағасыз болмайды» деген даналық сөз бар. Әрине осы ретте өзінің пайым-парасатымен, ерекше еңбекқорлығымен, дараланып, қиындықтан тайсалмайтын, әділдік пен адалдықтың ақ жолында жүріп, елжандылығымен ерекшеленетін жандардың орны бөлек. Міне, сондайлардың қатарында болған Аранды ауылының төл перзенті Толықбол Аманов десек қателеспейміз.
Толықбол Қазалы ауыл шаруашылық техникумын бітіріп, қазіргі Қожабақы ауылында мал дәрігерлік еңбек жолын бастағаннан кейін, ұзақ жылдар бойы түрлі жауапты қызметтер атқарды. Қандай ортада жүрсе де «халқымның қолына су құюға жарасам болды» деп кішіпейіл қалпынан айнымады.
Ол 1988-1996 жылдары шаруашылықта бас зоотехниктік мамандықтың тізгінін ұстаған жылдары өтпелі кезеңнің қиындықтарымен бетпе-бет келді. Нарықтық экономиканың қатаң талабы өндірісті құлдырауға ұшыратты. Ауыл шаруашылығы саласындағы еңбек ырғағы біраз бәсең тартты. Қысқа жіп күрмеуге келмей, елдегі малдың басым бөлігі азын-аулақ жанармай үшін сыртқа тоғытылды. Мал азайып, егіс көлемі қысқартылды.
Халықтың жаңа жүйеге көшіп, кездескен кедергілерді жеңе білуіне ұйытқы болу, сол кездегі ел басқарған азаматтар үшін оңай болған жоқ. Ауыл халқы болса, бір-бірінің жыртығын бүтіндеп, бары-жоғына қарасып, ел ертеңіне зор үмітпен қарады. Толықбол жұрт тоқыраудың тауқыметінен толық арыла қоймаған 1999 жылдан бастап, 2015 жылға дейін Аранды ауылдық округінің әкімі қызметін атқарды. Оның осы кезеңдегі тындырымды тірлігін бүгінде ауылдастары ұмытпай айтып отырады. Істің көзін білген ол көптің көңілін тауып біріне бақша, екіншісіне бидай, тағы біреулерге мал азғындық жоңышқа ектірген. Сол арқылы олардың күнкөріс көзін табуына ықпал еткен.
Осы мақаланы дайындау барысында сол кездегі Қожабақы ауылындағы №25 мектептің директоры болған Алмас Темірбаевпен (қазір Алматы қаласында тұрады) телефон арқылы тілдескенімде:
– 2001 жылы ауылда үш қабатты жаңа мектеп құрылысы басталды. Алайда қаржы көзінің жетіспеуіне байланысты үшінші қабаттың бел ортасына келгенде жұмысы тоқтап қалды. Төкең табандылығы арқасында тиісті орындарға «біздегі оқушы балалардың санына екі қабатты мектеп те жеткілікті» деген ата-аналар өтінішін жеткізіп жоба-сметалық құжаттарын қайта дайындатып, бюджеттен қажетті ақша бөлгізді. Сөйтіп 2002 жылдың желтоқсан айында жаңа білім шаңырағы ел игілігіне берілді, – деді.
Қазалы су шаруашылығы мекемесін басқарған Қуаныш Көлановтың айтуынша, соңғы уақыттарда халық етек жеңін жинап, егін егуге, бақша өсіруге көңіл бұра бастаған тұста бастауын Өркендеуден алып Қожабақы, Аранды ауылын сумен қамтамасыз ететін «Қарлан» каналы көміліп, арнасы тарылуына байланысты су өткізу қабілеті нашарлаған. Толықбол аталмыш мәселені ел-халықтың атынан, сол кездегі аудан әкімі Айтбай Көшербаевқа жеткізеді. Бұдан соң облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу департаментіне дейін барып, бюджет қаражысы арқылы каналды тазарттырған көрінеді.
Сонымен бірге атпал азаматтың ықпалымен ауыл көшелері жарықтандырылып, көгалдандырылып көркейтілді. Оның бастамасымен отырғызылған саялы ағаштар бүгінгі күні ауылға көрік беріп тұр.
Жазымыштан озымыш жоқ. Толықбол өмірден өтсе де оның туған жерінің өсіп-өркендеуі жолындағы атқарған жарқын істерін ауылдастары ешқашан ұмытпақ емес.
Кемал КӨПЖАСАР