Тұлпар тепкісінен тапталған төбе
Қазалы ауданынан шалғай орналасқан Тапа деген елді мекен бар. Ауылға неге мұндай атау берілгендігі туралы сұрағанымызда әртүрлі жауап алдық. Тападан 5 шақырым жерде Ақай атты қыстау орналасқан. Бұл ерте заманда билік еткен қалмақ ханының есімімен аталады. Білетіндердің айтуынша, хан тоқалының есімі Тапа болғандықтан жергілікті жерге соның атын берген. Ал моңғолиялық археолог ғалымдардың пікірінше, қалмақта мұндай әйел есімі болмаған. Бұдан бөлек, Қармақшы ауданына қарасты Ақай ауылынан төмен 5 шақырым жерде Ақай батырдың қорымы жатыр.
Тапа ауылына жақын маңда биік төбе және орналасқан. Жанынан өтетін өзен-су ащы болғандықтан «Ащы Ақай» атанып кеткен. Бұл биік қалмақ ханына қарауылтөбе қызметін атқарған деген де дерек бар. Себебі төбеден айналадағы алыс-жақын Шилі, Шәкен сияқты елді мекендегі адамдарға дейін анық көрінеді-мыс. Енді мына қызыққа зер салыңыз. Осы ауылдан 10 шақырым қашықтықта “Әулие сексеуіл” деген ауыл орын тепкен. Осы жерге парсы тілінде жазылған көне құлпытас орнатылған. Зерттей келе, құлпытастағы жазу 1725 жылы туылған, Шөмекейдің Қаратамыры Айтбай Нысанбайұлы 63 жасында опат болғаны туралы айтылғаны анықталған. Демек, бұл жерде қалмақ-қазақ соғысып, ұрыс үстінде көз жұмған қазақ батырлары осында шоғырланып, жерленген деген тұжырым жасауға болады. Тапаның ертеректегі тұрғындары бұл жерден қылыштың сынығы мен жебе ұштарын талай мәрте көргенін айтады. Толассыз соғыстар салдарынан, Ащы Ақай төбесі ат тұяғында тапталған. Осыған қарап, ғалымдар Тапа елді мекенінің атауы тапталған төбе сөзінен шыққан деген шешімге тоқталған. Ауыл ақсақалдары да бұл тұжырымды көңілге қонымды санайды.
Құмжиек ауылдық округінің құрамына кіретін Тапа елді мекені тарихи жәдігерге де өте бай өлке. Ауыл тұрғыны, 68 жастағы ғалым Аманжол Жұмабекұлы мұнда табылған заттардың төл тарихымен толық таныс. Жастайынан мал шаруашылығымен айналысқан ол, алғашқы жәдігер – күміс қалыпқа салынған инелер жиынтығын 1969 жылы олжалаған. Одан бергі 50 жыл уақыт ішінде тура 312 экспонат жинақтаған.
Бұл жерден табылған құмыралар асқан шеберлікпен жасалған. Тоқыма тоқу жаңа қолға алынған заманда, шеберлер құмыраның қаңқасын жіптен тоқыған. Құмыра ешқандай кәсіптік құралсыз қолдан өрнектелген. Бүгінгі күнге дейін сол қалпында сақталған қыш ыдыстар қола дәуіріндегі, Ботай мәдениетіне жататындықтан, ел аумағында сирек кездеседі.
А.Жұмабекұлының коллекциясында түрлі құрал-жабдықтар қашалып алынған орта ғасырға жататын тастардың бірнеше түрі бар. Қария төбе басынан түрлі фигурада қашалған 25 түрлі тас жебе тапқан. Зерттеушілер сол уақыттағы тайпалардың жебе ұшын жасаудағы өзіндік ерекшеліктері болғанын айтады. Жебе түрінің алуандығына қарап Тапаның айналасы ұрыс алаңы үшін қолайлы жер саналған деуге негіз бар. Бір аумақтан жебенің осынша түрі табылғаны соның айғағы десек болады.
Әуесқой археологтың коллекциясындағы орны ерекше жәдігердің бірі – Алтын Орда ханы Әз Жәнібектің Самарқанд төрінде бұйрықпен құйдырған тиыны. Бұл монетада жүк артқан түйенің сұлбасы бейнеленген. Тиынның жоғарғы тұсы бертін келе арнайы тесілгені байқалады. Соған қарап, балалардың тұсаукесер тойы осы тиын тұсында да танымалдыққа ие болғанын білеміз. Ал тастан дайындалған моншақтар мен түймелерді көргенде ата-бабаның он саусағынан өнер тамған екен дегенге сенімің күшейе түседі. Себебі, аталған жәдігерлер асқан шеберлікпен, моншақтарға дейін түрлі пішінде қашалып жасалған.
Қазбашы үйінде ХVIII ғасырға тиесілі таза шойыннан құйылған қазан бар. Қазіргі қазандардың түбі шұңғыл келгендіктен, бұл бұйым іші тайпақтығымен ерекшеленеді. Коллекционер қазанмен бірге бір-біріне үйлестіруге келетін екі бірдей иір ағаш тапқан. Бұл ағаш төсеніштер біріктіріліп, шеттеріне жіп байланып, түйе үстінде ас салынған қазан тасуға бейімделіп жасалған деседі. Себебі, той-жиындарда немесе айтулы күндерде осы қазанға ас даярланып, көрші ауылдарға таратылған. Көшпенділерге арналған темір төс құралын соғыс кезінде ұсталар өздерімен бірге алып жүрген. Балғаның басы мен салмағы ауыр болат пышақ сол дәуірдегі адамдардың қолөнерді қалай меңгергенін көрсетсе керек.
Ауылдың 500 метр айналасынан шақпақ тастардан ойылып алынған жоралғы заттарына ұқсас жәдігерлер табылды. Бірақ, ғалымдар оның не екенін әлі анықтап үлгермеген. Әзірге бұл тастарды жіпке байлап қару қылған деген дерек бар. Ислам діні ежелгі қазақ жеріне таралып үлгермеген тұста, шамандар тасты емшілік құрал ретінде пайдаланды деп сендіретіндер де жоқ емес.
Аманжол қарияның жәдігерлер жиынтығында тастан жасалған қол диірменнің сипаттамасы тіптен бөлек. Себебі оның бөлшек тастары бұл өлкеде кездеспейді. Тападан табылған тастардың арасында да бұл затқа ұқсайтыны жоқ. Тек Жанкент жеріндегі тастардың түр тұрпаты осындағы шақпақтарға үйлесетін секілді. Бұл мұнда жаугершілік заманда соғыс құралы ретінде қолданылып, қалып қойғанға ұқсайды.
– Ең алғашқы жәдігерді тапқан уақытта басқа да тас жиынтығын жинақтап, Алматы қаласындағы зерттеу орталығына тапсырдым. Осы тұста үлгі тұтатын Берді Бәймішов есімді ұстазым болды. Тарих саласына деген қызығушылығымды байқаған ол бағыт-бағдар көрсетіп, жөн сілтеді. Сол уақыттан бері тірнектеп жәдігер жинап келемін. Оның зерттеу жолдары мен құпиясын білетін ғалымдармен байланысуыма ұстазымның көп көмегі тиді, – дейді А.Жұмабекұлы.
Ақсақалдың жарты ғасыр бойы жиған жәдігерлері өзіне баға жетпестей қымбат. Тіпті, үйдегі немерелерін қалай жақсы көрсе, бұл тарихи заттарды да солай бағалайтынын айтып тебірентті. 2006 жылы сауытбұзар, қола тас жебе, тері өңдейтін құрал сияқты бірнеше затты Ғ.Мұратбаев мемориалдық музейіне тапсырарда қатты қиналған екен. Тұла бойында құнды тарихты тұмшалаған бұл экспонат үшін қомақты қаржы ұсынғандар да болған. Мұны зерттеуші: “Қолдағы жәдігердің барлығын музейге өткізуімді сұрағандар көп болды. Бірақ мен келіспедім. Мұны қимастық деп айтуға болмас, өйткені келесі өмірге алып кетпеймін. Жәдігерлер бүкіл халықтың мұрасы болғандықтан мен оны болашақ ұрпақ үшін жеткізуші, сақтаушымын. Біздің бабалар жасаған жаңалықтардың куәгерлерін жоғалтып алудан қорқамын.
2016 жылы Қытай ұлтының екі азаматы іздеп келді. Бар ойы құнды ескерткіштерді саудалау екенін жасырмады. 5 мың доллар, келіспегесін 6 мың доллар ұсынды. Соңғы сөзіміз деп 10 мың доллар тықпалағанда тұла бойым суып кетті. Сыртқа шығып, ойлану керек болды. Халықтың дүниесін, ата-баба естелігін саудалап береке таппасымды түсінген соң, қонақтарға өз шешімімді айттым. “Бос әуреге түспей, келген жолдарыңмен қайта беріңдер” дедім. Кейінірек оларды қытайлық алыпсатар саудагер жібергенін естідім”, – деп еске алды.
Жәдігер сақшысы жергілікті тарихшыларға өкпесі барын да білдірді. Оның айтуынша, халық арасында абыройға ие ғалымдар кітап беттеріндегі мағлұматты көшіріп, газет бетіне авторлық мақаласын жариялағандарына мәз. Олай жасағанша өзімен хабарласып, сыр тұнған дүниелердің ата тегін зерттеп, кейінгі ұрпаққа дәріптесе қос қолдап қолдайтынын жеткізді.
– Ә.Марғұлан атындағы археология институты облыстың басқарма қолдауымен қазба жұмыстарын жүргізбек ниетте. Мемлекеттік есепке алу туралы Астана қаласына хат жіберілген. Аудан әкімінің қазба заттарын зерттеу мәселесіне қызу қолдау білдіріп отырғаны тағы бар. Жақын арада Тапа маңындағы көне қорымдарға қазба жұмыстарын жүргізсе, баға жетпес тарихи ескерткіштер табылатынына сенімім кәміл. Бұл сәйкесінше жаңа Тапа мәдениетінің қалыптасуына жол ашады. Осы аумақ мемлекеттік қорық есебіне алынып, ескерткіш қойылса қолдағы бар жәдігерді аудандық музейге тапсыруға дайынмын. Тағы бір айта кетерлік жағдай, біздің елде қола дәуірін зерттейтін тәжірибелі ғалымдар аз болғандықтан зерттеу жұмыстарына шетелдік ғалымдарды да тартқан дұрыс, – дейді Аманжол Жұмабекұлы.
100 шақырымды артқа тастап, Аманжол атаның шаңырағына жеткендегі жәдігерлер жайында бар білгеніміз осы. Жақын арада, қария аудан орталығына келіп, қолдағы тарихи ескерткіштерін көпшілік назарына ұсынады. Қария Тапа мәдениеті дәуіріндегі адамдардың қалай жерленгені туралы терең зерттеу жүргізген. Айтуынша, ертеректе мәйітті ана құрсағындағы қалпымен жер қойнауына тапсырған. Әуесқой археолог бұл тақырыпты көрмеге келгенде тарқатып беретін болады.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ