Жұмысы – жүрек қалауы
«Өнерлінің өзегі талмас» деген таныс тәмсілде айтылғандай, өнерін өміріне азық етіп, кәсіпкерлік көкжиегін кеңітіп отырған Тұрған Жетесәлиеваның есімі аз уақытта көпшілікке танылып үлгерді.
«Нағашы әжем ісмер болатын. Бізге үнемі «құрақ құрай біліңдер, құраласыңдар» дейтін. Құрақ құрау – адамды шыдамдылыққа, үнемділікке, шеберлікке үйретіп, бояуларды ажыратып, олардың бір-бірімен үйлесім табуын түсінуге, тануға шыңдайды. Тазалыққа, әсемдікке бейімдейді. Жан-дүниеңді байытып, логикалық, геометриялық, пәлсапалық ой-өрісті кеңейтеді. Өзімнің де қолымның ебі болды ма, балалық қызығушылығымның арқасында, өзгенің тігіп отырған бұйымының технологиясын тезірек игеруге тырысатынмын», – деп бастады әңгімесін Тұрған.
Еліміздің нарықтық кезеңге жаңа бейімделіп жатқан тұсы бұл отбасына да өз әсерін тигізген. Отанасы Тұрған берекетке бастайтын қарекет қамын қылып, отағасына қолқабысын тигізіп жүреді. Үй шаруашылығында отырған ол түрлі тәттілер пісіріп, өзінің қолынан келетін тігін өнерімен айналысады. Алдымен балаларының киім-кешектерін бүтіндей жүріп, жақын-жуықтарының көрпе-төсектерін тіге бастайды.
«Күйеуіміз екеуміз бес қыз, бір бала тәрбиелеп отырмыз. Үш қызымды ұзатып, жасауын өзім дайындадым. Сол кезде қандай жиһаз, бағалы заттар апарсақ та, бәрінің назары алдымен құрақ көрпелерге түсіп жатады. Ұққаным, ұлттық өнердің ұлылығы. Осылайша құрақ құрай жүріп, осыны неге кәсіпке айналдырмасқа деген ой келді», – дейді ол. Он жылға жуық шеберлігін шыңдап, жан-жақты ізденіп, ата-бабалардан жеткен құнды өнерді дамытуды мақсат тұтқан кейіпкерімізге арманын іске асыруға мемлекет мүмкіндік туғызады.
2016 жылы аудандық жұмыспен қамту, азаматтық хал актілерін тіркеу және әлеуметтік бағдарламалар мекемесі жанындағы «Нәтижелі жұмыспен қамту» орталығының сертификатына қол жеткізіп, микробизнес субъектілеріне жеңілдетілген несие қаражатын беретін Өңірлік инвестициялық орталықтан 1,5 миллион теңге алады. Аудан орталығындағы «Айгүл» сауда үйінің жоғарғы қабатынан жалға бөлме алып, «Қыз Жібек» атты қыз жасауын дайындау орталығын ашады.
Бүгінде өзімен бірге үш адамды жұмыспен қамтып отырған іскер кәсіпкердің жұмысы еліміздің түкпір-түкірінен тапсырыстар алып, қазақы нақышпен бедерленген ою көрпе-төсек, шымылдық, бесік жабдықтары, автокөлік орындығының тыстары, терезе жапқыштар мен өзге де бұйымдар тігіп, сапалы қызметімен көптің алғысына кенелуде. Жанындағы Күміс Сырымбетова, Рая Мылтықбаева есімді тігінішілер зейнеткерлер қатарында. Мұның мәнісін сұрағанымызда, «Жұмыссыздар мен жас мамандарды алып көрдім. Олар мұндай іске шыдамайды. Тігіншілік көз майын тауысып, жауапкершілікті барынша сезіндіретін жұмыс», – дейді орталық иесі.
«Қазір жаппай ұлттық нақыштағы киімдер киіп, бұйымдар тұтынуды әдетке айналдырдық. Қазақ ою-өрнектерінің әрбірінің өз сыры, маңызы мол. Ертеде ата-бабаларымыз бір-бірін бас киімдеріндегі өрнектері арқылы ажыратқан. Ал сол басқа арналған оюды еттекке, жасқа арналған оюды кәріге, жаздық маусымға пайдаланатын оюды қыстық киімге салып жүргендер көп. Әркім қолында барын нан талап етеді. Бірақ өз жұмысын бастамас бұрын олар туралы танып-білсе», – деп толғанған Тұрған ұлттық үрдіске деген жанаршылығын аңғартты.
Тұтынушылармен қатынасты кәсіпкерліктің ең маңызды тұсы санайтын Тұрған Төкеқызы маркетингті зерттеп, алушыларына тиімді жағдайлар жасап қойған. Жұмыстар сапалылығымен қатар қолжетімді бағада. Атап айтсақ, қолма-қол арзан бағада бөліп төлеу, «Хоум кредит» арқылы несие рәсімдеу жағдайы жолға қойылған.
«Жұмысым – тынысым, жүрек қалауым» деген Тұрған Жетесәлиеваның ісінен «Ақыл көпке, өнер көкке жеткізерін» айқын ұғындық.
Алтын МЕЙІРХАНОВА