Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Берік Сүлейменов: Ұлық айдың шарапатынан құр қалмайық

Берік Сүлейменов: Ұлық айдың шарапатынан құр қалмайық

23 наурыз – исі мұсылман үшін жыл сайын асыға күтетін қасиетті Рамазан айының табалдырық аттар күні. Айлардың сұлтаны саналатын Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, сауаптар еселене жазылатын шарапаты мен шапағаты мол ай. Исламның бес парызының бірі болған оразаның осы айда орындалатыны да сондықтан. Жан мен тәнді рухани тазартатын, игі амалдар айында оразаны мұсылман баласы қалай тұтуы қажет? Биыл пітір садақа мөлшері қанша теңгені құрап отыр? Осы және өзге де сауалдардың жауабын білмек мақсатпен орталық Жанқожа батыр атындағы мешіттің бас имамы Берік қажы Сүлейменовпен сұхбаттасқан едік.
– Берік қажы, ең алдымен ораза ұғымына түсінік берсеңіз?
– Ораза араб тілінде «саум» деп аталады. Ол қазақ тілінде «тиылу» деген мағынаны білдіреді. Шариғаттағы, ислам дініндегі ораза таң атқаннан, кеш батамға дейін ішу-жеу менен жаман әдеттерден және өсек-өтірік айту, ерсі әдеттерден отыз күн бойы алшақтауды көздейді.
Биыл ораза ағымдағы айдың жиырма үшінші жұлдызына келіп тұр. 22-сі күні кешке барлық мешіттерде «Тарауық» намазы оқылып, ниет етеміз. Ертеңгісін ауыз берік болады. Бұл ораза 29 күнге созылмақ. Ал 21-ші сәуір күні ораза айт намазы оқылады. Ол Қазалы бойынша таңғы сағат 6:00-де оқылатын болады. Сондай-ақ қасиетті қадір түні 17-ші сәуірден 18-ші сәуірге қараған түні өтеді.
– Қазіргі жастардың көбі оразаны ашығу, арығу үшін ұстап, негізгі мақсатынан жаңылып жатады. Бұл жайында не айтасыз?
– Жалпы ораза тұту үшін кез келген жан ең алдымен Алланың разылығын тілеуі қажет және бұйрығын орындап, оған бойсұну керек. Ал көздегені азу немесе басқа да мақсат болса, онда ол адамның отыз күнгі сауабы көкке ұшады. Сол үшін түзу ниетте, барлық талаптарына сай болып, орындалғаны абзал.
– Ел арасында «Намаз оқымаған кісінің оразасы қабыл болмайды», «Сілекейін жұтқан жанның оразасы бұзылады» деген сынды алып-қашпа әңгімелер өрбіп жүр. Бұл қаншалықты рас?
– Иә, қазір көбінде «Намаз оқымаған адамның оразасы қабыл болмайды» деген түсінік қалыптасқан. Бірақ олай жаңылмаған жөн. Себебі намаз бөлек құлшылық болса, ораза да дәл солай орны бөлек құлшылыққа жатады. Алланың алдында да жекелей құлшылықтарға сұраламыз. Сондықтан намаз оқуға мүмкіндігі жоқ не оқи алмайтын жандар болса, Рамазан айында ораза ұстай беруіне ешқандай шектеу жоқ. Ал сілекейді жұту жайына келер болсақ, әр кезде оны «түкіру» ислам әдебіне жатпайды. Сол үшін де оны жұту оразаны бұзбайды.
– Турасын айтсақ, әлі күнге дейін ораза туралы түсінік әркімде әрқалай. Әсіресе, бірінші мәрте ораза тұтқан жанға көп кеңес керек сияқты. Осы ретте, оразаны не бұзады, не бұзбайды?
– Әрине, оразаны әркім әрқалай мақсатта ұстайды. Себебі бірі дос-жаранына еріп ұстанса, екіншісі отбасы, ет-жақындарына еріп ұстап, сол кісілермен мақсаттас болады. Бірақ жоғарыда тоқталғандай оны Алланың разылығы үшін ұстаған жөн.
Оразаны әдейі ішіп-жеу мен отбасылы жандарға аузы берік кезінде жақындауы, ал бойдақтардың зинаға баруы бұзады. Сондай-ақ адам бойына күш-қуат беретін дәрі-дәрмек, екпелер де кедергі болады. Ал оразаны бұзбайтын амалдарға асты ұмытып ішіп қою, түтін, шаңды жұту мен қан алдыру сынды әрекеттер жатады.
– Белгілі бір себептермен ораза ұстай алмаған жандардың жайы қалай болмақ?
– Кімде-кім ораза ұстауға белгілі бір себептермен мүмкіндігі болмаған жан жақсы да игі амалдар жасауға тырысқаны жөн. Имам Муслим жеткізген риуаятта Алланың елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Адам баласының әрбір іс амалы оннан жеті жүз есеге дейін көбейтіледі», яғни әрбір амалымызға осыншама нығметтер беріледі екен. Ізгі амалдың сауабының еселенуі оның орындаған уақытына байланысты. Мысалы, зулхиджа айының алғашқы он күндігінде және рамазан айында жасалған қайырлы істердің мәртебесі биік. Бір хадисте «Қай садақа қайырлы?» – деп сұраған кісіге Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Рамазан айында берілген садақа», – деп жауап берген. Олай болса ұлық айдың осындай шарапатынан құр қалмауы керек.
– Биыл пітір садақаның мөлшері қандай?
– Осы жылы елде пітір садақасының мөлшері әрбір үй мүшелерін жекелей алғанда 535 теңге болып бекітілді. Садақаны бидай, құрма, мейіз көлемімен өлшеп берсе де болады.
– Айлардың сұлтаны Рамазанда барша аудан тұрғындарына білдірер ыстық ықыласыңыз...
– Барша аудан тұрғындарын қасиетті Рамазан айымен шын жүректен құттықтаймын. Алла осы айға аман-есен жету мен берекесіне кенелуді жазсын. Әр отбасыға бақ-береке беріп, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
– Қасиетті Рамазан айы барша мұсылманға мүбәрак болсын! Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен
Серік АҚМЫРЗА
20 наурыз 2023 ж. 858 0

Ротация туралы не білеміз?

03 желтоқсан 2024 ж. 54

Ерекше жандар ескерілді

03 желтоқсан 2024 ж. 82

Тәуелсіздікті ту етемін

02 желтоқсан 2024 ж. 83

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031