Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Берік Сүлейменов: Берері мол берекелі ай

Берік Сүлейменов: Берері мол берекелі ай

Қазір барша мұсылмандар үшін орны бөлек Ережеп айы. Дін өкілдері Алланың айы саналатын бұл кезде қайырымды істерді атқарып, нәпіл және түнгі құлшылықтарды көптеп жасасақ, сауабының да молырақ болары сөзсіз дейді. Осы орайда аталған айдың артықшылығы неде? Қандай амалдар жүзеге асырлуы тиіс? аудандық «Жанқожа батыр» мешітінің бас имамы Берік Сүлейменовтен сұраған болатынбыз.
– Мұсылман жұртшылығы үшін қасиетті төрт ай бар. Сол ұлық айлардың бірі – Ережеп. Бұл ай несімен ерекше?
– Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы айларға ерекше көңіл бөлетін, оны қалай өткізу керектігі жөнінде сахабаларға кеңес айтып отыратын. Сондай-ақ Ережеп айы басталған кезде: «Уа, Алла! Ережеп және шағбан айларында бізге береке бер, бізді Рамазан айына жеткізе гөр!»  – деп дұға оқитын.
Ережеп – берекелі әрі ұлық ай. Ондағы аз ғана ізгі іске көптеген сауаптар беріледі, құлшылықтар мен дұғалар қабыл болады. Алла елшісі (с.ғ.с): «Бес түн бар, онда дұғалар кері қайтарылмайды. Олар – Ережеп айының алғашқы түні, Шағбан айының жартысындағы түн, жұма түні, Ораза және Құрбан айт түндері», – деген.
Ережеп айында елеулі тарихи оқиғалар өткен. Мысалы, жер бетін су басқанда Нұх пайғамбар кемеге мінген, Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарға алғашқы уахи түсе бастаған, Миғражға (көкке) көтерілген.
– Осы айда ұстаған нәпіл оразаның сауабы қандай?
– Ережеп айының бірінші күні ораза ұстау – үш жылдық күнәларды жуып-шаяды. Екінші күні ораза ұстау – екі жылдық, үшінші күні ораза ұстау – бір жылдық күнәларға кәффәрат. Одан кейін, әр күнгі оразада бір айлық күнәлар кешіріліп отырады.
Бұл айда ораза ұстау – ерікті амал. Ұстаған адамға сауап бар, ұстамаған адамға күнә жоқ. Ал енді қанша күн ораза ұстау керек деген сауалға: «Пәлен күн ауыз бекіту керек» деген бұйрық жоқ әркім шамасына қарай қанша күн ұстаймын десе де өз еркі.
Хадисте: «Шындығында, жәннатта бір өзен бар. Оны «Ережеп» деп атайды. Оның суы сүттен ақ, балдан тәтті. Кімде-кім Ережеп айында бір күн ораза ұстаса, Алла Тағала ол пендесіне осы өзеннің суын ішкізіп, дәмін татқызады», – делінген. Алла Елшісі (с.ғ.с.) тағы бір хадисте: «Мені мұқият тыңдаңдар! Ережеп адамдардың ұрыс-керіске араласпай тыныш, бейбіт жүретін Алланың айы болып табылады. Кімде-кім жүрегімен сеніп және шын пейілмен маңыз беріп, Ережеп айында бір күн ораза ұстаса, Ұлы Алланың ризалығына бөленеді»,– деп айтқан.
– Ережеп айындағы қасиетті түн қай күнге сәйкес келеді? Бұл түні қандай амалдар жасалу қажет?
– Ережеп, Шағбан айларында түрлі құлшылық пен игі істерді молайтып сауапқа кенелсек, екінші жағынан солар арқылы алдымыздағы айлардың төресі рамазанға дайындық жасаған боламыз. Ережеп айында қасиетті екі түн бар. Бұл айда көп қасиетке ие Рағайып түні және жиырма жетінші түні миғраж сапарына дөп келеді.
Бұл түндерде арнайы бекітілген құлшылықтар жоқ. Әр адам өзінің шамасына қарай нәпіл (қосымша) намаз оқуларына болады.
– «Жанқожа батыр» мешітінде қасиетті айда қандай игі істер атқарылуда?
– Мешітте арнайы қасиетті түнде жамағатқа дастарқан жайылып, уағыз насихат айтылады. Осы айда мүмкіндігімізше қайырымдылық акциясын жасауды жоспарлап отырмыз.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
07 ақпан 2023 ж. 417 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031