Ертең Ораза айт: Мереке қалай тойлану керек
Ертең, 13 мамырда мұсылман қауымы үшін ұлық мереке – Ораза айт басталады. Мейрамның бірінші күні мешіттерде жамағатпен айт намазы оқылады деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бүгін, 12 мамыр – қасиетті Рамазан айының соңғы күні. Ал ертең мұсылман әлемі отыз күн оразадан кейін Шәууал айының алғашқы үш күнінде Ораза айт мерекесін тойлайды. Айт сөзінің өзі "мереке", "мейрам" деген мағынаны білдіреді. Айт намазы қалай оқылады? Ораза айт мерекесінің негізгі шарты – мейрам айт намазын оқумен басталады. Айт намазы мешіттерде таңертең ерте жамағатпен оқылады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өз өсиетінде: "Айт күні бірінші орындайтынымыз – намаз оқу", - деген. Әр мұсылман айт намазына жуынып-шайынып, дәрет алып, ең әдемі әрі таза киімдерін киіп, үстіне хош иіс сеуіп барады.
онымен қатар, мешітке бармас бұрын бір-екі құрма жеп, дәм ауыз тиген абзал. Бұл оразаның аяқталғанының белгісі. Биыл пандемияға қарамастан айт намазын мешіт аулаларында оқуға рұқсат етілді. Адамдар бетперде кию, ара қашықтықты сақтау сияқты санитарлық талаптарды сақтауы керек. Намазға дейін пітір садақаны беріп тастау Пітір садақа Рамазан айында беріледі. Егер кімде-кім пітір садақаны әлі бермесе, Ораза айт намазы оқылғанға дейін беріп тастауы керек. Айт намазынан кейін берілген пітір садақа жай садақа болып қалады. Биыл пітір садақаның мөлшері – жан басына 420 теңге. Жағдайы бар адамдар оны мейіздің немесе құрманың бағасымен бере алады. Қазіргі кезде екі келі мейіз 3 580 теңге тұрады. Сондай-ақ, 4 келі құрманың құнымен беруге болады. Оның бағасы – 7 300 теңге.