Имандылыққа негіз салған мереке
Көктемнің алғашқы айы наурызда қазақстандықтар көптеген қасиетті де өсиетті мерекелер легін тойлайды. Соның бірі – көрісу күні. Бұл күнді «Амал мерекесі» деп те атайды. Адамдар осы күні бұрынғы өкпе-ренішін кешіріп, бір-біріне амандық-саулық тілейді. Көрісу күнінде жасы кіші адам үлкен кісінің үйіне барып көрісіп шығады. Міндетті түрде кем дегенде үш үйдің есігін ашу керек деген ырым бар. Әсіресе құдайы көршіге алдыңғы ретте кіріп шыққан жөн.
Шығыс елдерінің күнтізбесі бойынша наурыздың басталуы хамал (амал) айының 1 жұлдызы болып есептеледі. Хамал деп отырғанымыз Тоқты шоқжұлдызының ескі парсыша атауы. Күн мен түн теңеліп, амал кірген сәтте Тоқты шоқжұлдызы туады деген ұғым қалыптасқан.
«Наурыз» сөзі «жаңа күн» дегенді білдіреді. Ертеде қазақ бұл күнді «наурыз» демей «амал» деген. Бұл сөздердің айырмашылығы жоқ деуге болады. Ал бұл қазіргі күнтізбе бойынша 14 наурызға сәйкес келіп отыр.
– Бұл мейрамды «Наурыз көже», «Тілеу көже» ішіп қана өткізбейді. Наурыз – бата беру, амандасу, көрісу, кешірім сұрау, ойын-сауық, сый жасау, ат ойындары, ақындар айтысы, балуан салу, жамбы ату, арқан тарту, көкпар, бастаңғы, базарлық, ат бәйге сияқты толып жатқан ұлттық дәстүрлерді жаңғыртатын мереке. Осы арқылы елдің бірлігін, халықтың берекесін арттырып, жұрттың көңілін көтеру мақсат етіледі. Осы мереке арқылы мемлекеттің тұтастығын сақтау, басқа ұлттар мен ұлыстарға қазақ халқының дәстүрін, өркениеті мен өнерін, тарихы мен түп тамырын таныту көзделеді. Тоқ етерін айтқанда қазақ наурызды 14-і күнінен тойлауды бастайды, – дейді этнограф.
Көрісе отырып, бір-біріне «Бір жасыңмен!», «Жасың құтты болсын!», «Жасың қайырлы болсын!» деп айту керек. Адамдар үй ішін жуып-тазалап, ауланы да ретке келтіріп қояды.
14 наурыз күні таң біліне бастағанда ешкім ұйықтап жатпауы керек. Әсіресе қарты бар үйлер ерте оянып, көрісіп шығатын адамдарды күтіп отырады. Міндетті түрде әр үй дастарқанын толтырып, бар тәттісін қойып, бауырсақ, жеті шелпек пісіреді.
Көрісу күніне ешкім арнайы шақырылмайды, жайылған дастархан жиылмайды. Адамдар бір-біріне түске дейін көрісіп шығуға тырысады. Түске дейін нағыз мейрам сезіледі. Ал кешігіп қалғандар болса, біртіндеп кешке дейін келе беруіне болады.
Көрісе келген адамдар көрісіп шыққан үйінің дастарқанынан дәм алып кетеді. Адамдар жаңа не таза киім киеді. Өкпе-ренішті ұмытып, көрісу күнінде адамдар бір-бірімен табысады. Көрісе шыққан адамды қабақ шытпай көтеріңкі көңіл күймен қарсы алып, дастарқанға шақырады.
Біреуден қарыз алған болса, қарызын осы күнге дейін иесіне беріп тастауға тырысады. Көрісу күнінің рәсімі бойынша ер адамдар құшақтасып, төс түйістіреді, әйелдер болса, құшақтасып, беттерінен сүйіп көріседі. Тек келіндердің аталарымен және қайынағаларымен көрісулеріне болмайды деген ырым бар.
Бұл күні ешкім ешкімге ренжімей, жайдары жүру керек. Көрісуге келмеген адамға «Көрісіп шықпады» деп реніш білдіру орынды саналады.
Айта кетейік, көрісу күнін 2018 жылға дейін елдің батыс аумағындағы өңірлер ғана тойлап келген. Ал аталған жылдан бастап бұл мерекені құшақ жая қарсы алатындар қатарына Сыр өңірі де қосылды.
Дайындаған
С.ӘЛИҰЛЫ
Дайындаған
С.ӘЛИҰЛЫ