Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Халқына қорған Құттыбай

Халқына қорған Құттыбай

Туған өлкемізді қазыналы Қазалы деп бекер атамаса керек. Қасиетті жердің әр сай саласы шежіреге тұнып тұр. Киелі топырақта дүниеге келіп, батырлығымен, шешендігімен, әулиелігімен ел арасында өзіндік орнын алған ерекше жандар көптеп кездеседі. Олар мықтылығын қай кезде де дәлелдей білген. Жауға қарсы айбаты мен дауға қарсы тұрар от ауызы, қиындыққа төтеп берер намысы болған. Соның бірі – елдің береке-бірлігін ойлаған Құттыбай би Сыр бойындағы тарихи тұғырлы тұлға деуге әбден лайық. Халқымыз елдің туын көтерген ерлердің ерек істерін, би-шешендердің өнегелі жолын аңыз қылып ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келеді.

Құттыбай Ақболұлы шамамен 1807 жылы туып, 1900 жылы дүниеден өткен. Ол жасынан зерек, алғыр болған. Өз заманының атақты биі әрі батыры атанған.

1848-1856 жылдардағы Жанқожа Нұрмұхамедұлы бастаған Сыр бойы қазақтарының отаршылдыққа қарсы күресіне қатысқан. Жанқожа баба Құттыбай бидің әділдігіне бас иген екен. Ел аузындағы әңгімеге сенсек, Жанқожа батыр бітпейтін даулар мен шағымдарды шешуге Құттыбай биді жіберіп отырған. Халық та қара қылды қақ жарған өткірлігі мен әділдігіне сай оны аузы дуалы би деп дәріптеген.

Сыр бойына қоқандықтар мен хиуалықтар өктемдігін жүргізіп тұрған шақта Құттыбай би ел билігіне араласады. XVIII ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бастап Сыр бойы мен Арал теңізінің шығыс жағалауын мекендеген қазақ руларына өз үстемдігін орната бастаған Хиуа, Қоқан хандықтары езгіні күшейтті. Бұл кезде Құттыбай би елден алым-салық, зекет жинау кезіндегі асыра сілтеушілікті, жер бөлісіндегі теңсіздікті ақыл-ойымен, көсемдігімен халықтың көңілінен шығатындай шешіп отырған. Кейде дұшпандардың зорлық-зомбылықтарына шыдамай бетпе-бет қарсыласқан. Сырттан келген ел билеушілерінің күшінің басымдығынан тайсалмастан турасын айтып, әділ төрелік еткен. Мұндай өжет іс-әрекеттеріне қарап халық Құттыбайды би, батыр, тентек жігіт деп атаған.

Халық аңызына сенсек, Құттыбай би жылқы айдап жүріп, Қыдырды үш рет көрген. Билігімен қоса онда төрт түлік малдың жиналып, байлықтың иесі болуы оның Қыдырды көргенін растаса керек. Малының есебі болмаған көрінеді. Жылқы 15 мыңнан асқан. Құттыбай Ақболұлы талай дауды даулап, төрелігін айтқан. Үш адамға құн төлеген. Екі адамға мал айдап берген. Сыр бойындағы елдің барлық түйткілді мәселелерін бітістіріп отырған.

Деректерге сүйенсек, Құттыбай би 1897 жылы 90 жастан асқан шағында әкесі Ақбол бидің құрметіне өздерінің ата қонысы ежелгі Жанкент қорғанының іргесінен 5-6 шақырым қашықтықта күмбезді ескеркіш-кесене тұрғызған. Оны салдырған кезде 70 биені байлап, сүтін сауып, саз топырақты биенің сүтіне илеп, сексеуілдің шоғына күйдіріп, 23 түрлі үлгіде қыш кірпіш дайындаған. Ал кірпішті күйдіретін шеберханасы кесененің қасында болған деседі. Мазардың ішіне 7 адам жерленген. Бейітті салдырғаннан кейін үш жылдан соң 93 жасында дүниеден озып, денесі кесене ішіне қойылған.

Кесенені 1980 жылы Казпроектреставрация институты XVIII-XIX ғасырда тұрғызылған республикалық санаттағы сәулет ескерткіші есебінде тізімге алған. 2010 жылы тарихи-мәдени нысанға қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, көне дәуір келбетінің айқын белгісі ретінде сақталуда.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА

28 қараша 2022 ж. 355 0

Ротация туралы не білеміз?

03 желтоқсан 2024 ж. 54

Ерекше жандар ескерілді

03 желтоқсан 2024 ж. 82

Тәуелсіздікті ту етемін

02 желтоқсан 2024 ж. 83

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031