Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қалың мал беру дәстүрі қайдан шықты?

Қалың мал беру дәстүрі қайдан шықты?

Ел аузындағы аңызға сенсек, Адам атаны жаратқан соң Ұлық Алла оны пейішке кіргізді. Адам жәннатта жалғыз жүрмесін деп, Алла тағала оған жұп жаратуды ойлапты.
Хауа ананы Адам атаның сол жақ бұғана сүйегінен жаратады. Ояу болса, бұғанасы ауырып, жанына батар. Қиналғаннан Хауаны жек көріп кетер. Ал, қалың ұйқыда жатқанда жаратсам, Хауаның қайдан жаралғанын білмей, жат көріп, суып кетуі мүмкін деп, әдейі ұйқылы-ояу халінде жаратты. Адам оянған соң, аппақ нұрдан жаралған жаулық астындағы сұлу әйелді көріп, оған көңілі ауады. Сосын Аллаға:
– Ия, Алла, бұл кім? – деп сұрайды.
– Бұл – сенің жұбың. Мен оны сенің тәніңнен жараттым, – деп жауап береді.
– Мына әйелге көңілім ауып тұр. Оны жақсы көріп қалдым. Оған үйленсем бола ма? – деп сұрайды.
– Болады. Бірақ қалың малын төле, – депті.
– Иә, Алла, мен оған қалың малын қалай төлеймін? Мендегі бар мүлік – өзіңдікі. Тіпті үстімдегі киімді де сен бердің, – дейді.
Сонда Тәңірі тағала: – Ақырдың соңында шығатын сүйікті пайғамбарым, өзіңнің ұрпағың Мұхамбет пайғамбарға он рет салауат айт, – деді де, салауат айтудың үлгісін Адам атаға өзі үйретіпті. Адам ата он рет салауат айтып, қалың малын өтейді. Осыдан бастап ер адам үйленгенде келіншегіне ақы төлейтін дәстүр пайда болыпты. Ер адам сапалы топырақтан жаралғандықтан, қартайса да өңін бермейді екен. Әйел адам еттен жаралғандықтан, боянып күтінбесе, ажары ерте таятын болыпты.
Сайып келгенде, ежелден ата-бабалар салт-дәстүрге ерекше мән берген. Соның бірі – ертеден бүгінге жеткен – қалың мал дәстүрі. Құда түсу рәсімі келісілген соң күйеу жақ «қалың мал» төлеуге тиіс екені белгілі. Оның мөлшері бастапқыда малмен есептелсе, кейінірек қаржылайға ауысқан. Ал оны қалай беру құдалардың дәрежесі мен дәулетіне қарай екі жақ келісе отырып шешкен. Анығында қыз алған, яғни құдалардың қанша ақша немесе не бергені сыналмайтын көрінеді. Тіпті ертеде «ананы болмаса, осынша көлемді қаржы бер» деп жігіт жақты аса қатты қинамаған. Одан соң құдалар қалың берсе, қыз жақ кит кигізетіні тағы бар. Осылайша екі жастың отау тігіп, оларға қажетті заттарды толықтырып беретін болған. Қазекең «теңін тапса, тегін бер» деп осыдан кейін айтқан болар бәлкім. Дегенмен «қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды» дегенді де ата-бабаларымыз салт-дәстүрден аттамау үшін естен шығармаған.
«Қыз жат жұрттық», «Қыз бала қонақ» деп төрінен орын берген қазақ халқының шаңырағындағы аруға деген көзқарасы ерекше. Тіпті әкелеріміз тамақтың тәттісін де қызына беріп, еркелетіп, жүреді. Оның көңіліне келетін ауыр сөз айтпай, тәртібін де қатар алып жүрген. Осы тұста осыншама ерекше ықыласпен сыйлаған қызбала ұядан ұшқанда оның қалың малын алу әке-шешенің өз қызын сатқаны ма, әлде сол күнге дейін ақша үшін бағып, қаққаны ма деген ой келеді. Бүгінде бұл көптің көкейінде жүрген түйінді түйткіл. Сондықтан осының аражігін ажырату үшін қалың мал дәстүрі турасында сөз етпекпіз.
Бұрындары кедейлер арасындағы қалың мал бес-алты малмен шешілетін болса, бай-шонжарлар екі жүз, бес жүз тіпті мың жылқыға дейін беретін болған. Кейбір деректерде би, хан мен төрелер қалың мал үстіне «бес жақсы» деп аталатын бес түйеге қосып бір күң, «аяқ жақсы» деп беретін үш түйеге қоса бір құл берген екен. Қазіргі дәулетті адамдардың көптеп қалың мал беру көрінісі ертеде де орын алғаны белгілі. Одан бөлек бұрынғы заманда «қалың мал» байлық пен мырзалықтың дәрежесін әйгілейтін болғаны шындық. Мұның өзі бүгінге дейін бұзылмай жетіп отыр.
Қалың мал қыз баланың біріншісінен екінші әулетке ауысқандағы төлемі екені анық. Біз білетін қалың малдың өзі екі бөліктен тұратын көрінеді. Оның бірі бас жақсы болса, екіншісі қара мал. Бас жақсыға әдетте түзу мылтық, берен сауыт, жүйрік ат және малдағы артық белді түйе. Мұның барлығы төрт ірі малмен тең болып есептелінсе керек. Ал қара мал екі жақтың келіскен санына қарай беріледі. Осылармен қатар қыз жағына берілетін кәделердің де болатынын естен шығармаған жөн. Олар ілу, тоймал және сүт ақы.
Негізінен қалың мал ұғымы «Жеті жарғы» заңдар жинағында да көрсетілген екен. «Жеті жарғы» заңында қалың мал өлшемі әлеуметтік топтардың дәрежесіне қарай белгіленгені де айтылған. Демек бұл салт-дәстүр ежелден қазақ қанына сіңіп, бойына дарып кеткен. Бұрынғысы мен бүгінгісінің арасында қатты айырмашылық та жоқ. Қазір аймақтарда қалың мал берілуі әртүрлі демесеңіз, ежелдегідей ақшамен қосып, мал беру ұғымы да бар. Тек малмен ғана шектеліп қыз алып жатқан жандар бірен-саран. Алайда осы тұста қалың малға қатысты шариғат не дейді? Осыған қатысты «Жанқожа батыр» мешітінің бас имамы Берік Сүлейменов:
– Байыбына барып қарасаңыз, қалың мал қазақ халқы ислам дінін қабылдамай тұрып көшпелі елдің қолданысында болған. Кейін ислам діні келген соң қалың мал шариғаттағы мәһір реңін алып, неке шарттарының бірі ретінде қалыптасқан. Жалпы оны шариғаттағы күйеу жігіттің қалыңдығына беретін мәһір-сыйы деп есептеуге болады. Себебі мәһір – әйелдің күйеуінен алған сыйлығы, әйелдің тәуелсіз мүлкі деп есептеледі. Күйеу жігіт берген қалың малға қарай қыздың жасауы әзірленеді. Егер үйленгеннен кейін әйел жесір қалып жатса, күйеуінің берген қалың малына алған дүние-мүлкі оның өз меншігі болып қалады. Осы себептен қалың мал беруді шариғатқа қайшы деп айта алмаймыз, – деген пікірімен бөлісті.
Расымен қазір жігіт қыз баланы алып қашса немесе құда түсетін болса, ең алдымен әкелетін қалың малы сөз етіледі. «Қанша әкеліпті, не беріпті?» деп талқыға салады. Түптеп келгенде қалың мал беру – қазақтың салт-дәстүрі, бастысы, оның аз немесе көп берілгенінде емес, жастардың одан кейінгі баянды өмірі маңызды.
Абзал ЖОЛТЕРЕК

24 қараша 2022 ж. 930 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930