Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Құдайдың берері таусылмасын

Құдайдың берері таусылмасын

Мырзабай Ахунның Бұқара медресесінде оқып жүрген баласы мезгілсіз дүние салыпты. Баланың қазасын естірту үшін Қайқы батыр, Алданазар, Қалжан Ахун үшеуі жолға шығады. Жолда үшеуі қазаны қайсымыз естірткеніміз жөн деп кеңеседі. Алдымен Қалжан Ахунға қолқа салып, сіздің «Ахун» деген атыңыз бар. Әйгілі «Көкілташта оқыдыңыз, дін жоралғысын айтып, қазаны сіз естіртсеңіз жөн шығар», – дейді. Сонда Қалжан Ахун: «Жүйрікті жүйрік көргенде, аяғы тыпырлайды деген. Бұл жолы менің ретім емес. Діннің шартына салып, көңіл айтсам Мырзекеңнің көңілін қарып түскендей ­болармын. Одан да Қайқы айтсын», – дейді.
Қайқы батыр:
– Мені қаптаған қалың жауға жұмса, бірақ естіртуді атай көрме. Батырлығым ұстап, бетке айтып Мырзекеңнің жұлынын жұлып түскендей болармын, одан да Биекең естіртсін, – дейді.
Үшеуі де осыған келіседі. Қазаны Алданазар би жеткізетін болады. Мырзабай Ахун бұларды құшақ жая қарсы алып, дастарқан жаяды. Сөздің реті келген тұста Алданазар би:
– Мырзеке, бір сұрағым бар еді. Осы шүкіршілік кімнен қалған, – деп сұрайды.
– Ой, оның несін айтасың. «Баяғыда Дәуіт пайғамбар отыз ұлын ертіп, мешітке келеді, қараса жамағат жиналып болмаған екен. Оларды күтпей-ақ, намазды бастап жібереді. Намаз үстінде оң жағына қарап «Ассалаумағалейкүм Рахматулла» десе, көзі оң жағында отырған он бес ұлына түсіпті. «Ассалаумағалейкүм Рахматулла» деп сол жағына қарағанда, көзі сол жағында отырған он бес ұлына түсіпті. Ішінен «алпамсадай отыз ұлым бар, өзім де бір жамағат болып қалыппын ғой» деп марқаяды. Дұғасын жасап, бетін сипап, орнынан тұрса, отыз ұлы сәждеден бас көтермей жатады. Тексеріп қараса, бәрі де өліп кетіпті. Сол кезде Дәуіт пайғамбар: «Неге шүкіршілік етпедім?» деп өкінген екен. Осы өмірінің соңына дейін сабақ болып, үнемі шүкіршілік етіп жүріпті. Кейін Алла пейіліне Сүлеймендей ұл берді, – деп Мырзабай Ахун Дәуіттің қиссасын айтып береді.
Алданазар би:
– Еее, Дәуіт те отыз ұлдың қазасына қайыспаған ер екен, бізге қалдырған жол екен, – деп бір тоқтапты. – Ал «сабырлық» кімнен қалған, – дейді.
Мырзабай Ахун:
– Ол Аюп пайғамбардан қалған. Алланың ауыр сынағын арқалап, ол да бізге өрнек қалдырған. Денесін қырық жыл құрт жейді, саутамтығы қалмайды. Ел-жұрты жұқпалы ауру деп безіп, айдалаға апарып тастайды. Мал-мүлкі бір жұттан кетеді. Ішуге тамақ, тұруға дәрмен таппай әбден қиналады. Бірақ сонда да құдайдан үмітін үзбепті, сабырын сындырмапты. Үстінен жерге бір құрт түссе, алла сенің несібеңді менің денемнен бұйыртқан шығар деп, құртты қайта орнына салып қояды екен. Мейірімді Алла оның сабырлығына риза болып, жерден бұлақ шығарды. Сол бұлаққа шомылғанда, отыздағы жігіттей саламат күйге оранады. Дүниесі де, ел жұрты да жанына қайта жиналады. Сабырлық Аюптан қалды деген сөздің қиссасы осы, – депті.
Алданазар би:
– Еее, сабырын сындармаған құлға Алланың берері мол десеңізші, – деп тағы бір тоқтайды. Сосын:
– Ілім, ғылымның соңында жүріп қайтқан ғалымның барар жайы қандай, – дейді.
Мырзабай Ахун ойында ештеңе жоқ, әңгімесін бұрынғыша жалғастырып:
– Ілім, білім Ыдырыс пайғамбардан қалған дария. Ол ілімінің арқасында төртінші қаттан орын, жұмақтан жай алды. Ілімге ғалымның өзі емес, ниеті бұрын жетеді деген. Ғалым мезгілсіз қаза тапса да мұраты орындалады. Баяғыда құмырсқа Меккеге жол тартыпты, оны көрген боқ қоңыз: «Бейшара кішкентай сирағыңмен Меккеге қашан жетер екенсің?» деп мысқылдапты. Сонда құмырсқа: «Сирағым кіші болғанымен, ниетім үлкен. Мен жетпесем де, ниетім жетеді. Сен сияқты боқ қуғаннан гөрі, Құдайдың ілімін қуғаным әлдеқайда жақсы» деген екен. Сол сияқты Құдайдың ілімін іздеген жанның жайы Ыдырыс пайғамбардың жанында», – депті.
Сонда Алданазар би:
– Еее, жарықтық, сіздің ұл да Ыдырыстың сұқбатында, жәннаттың бақшасында отыр екен ғой, – дейді.
Үміт күткен ұлының дүниеден жастай кетуі әке үшін орны толмас қаза. Мырзабай Ахун ұлының қайтқанын бірден түсінеді. Суық хабар маңдайынан аққан суық терге араласып кеткендей әсер етеді. Үнсіз отырып қалады.
Сол кезде Алданазар жақындап келіп, жауырынынан қапсыра құшақтап.
– Мырзеке, болған іске Аюптай сабырлы болыңыз, Дәуіттей шүкір етіп, бекем болыңыз. Мейірімді Алла Аюпты жалғыз қалдырмады. Дәуітке Сүлеймендей ұл берді. Құдай бергенін алса да, берерін алмасын деп тілейік, – деп көңіл айтқан екен.

Ел аузынан
09 қазан 2021 ж. 1 376 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 56

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930