Дабыл қағылатын күні қазақ-қытай шекарасына жақын маңда жер сілкінді
Фото: shutterstock
14 мамырға қараған түні Қытайдың Шыңжаң өңірінде жер сілкінді. Бұл туралы Kursiv.Media Қазақ ұлттық деректер орталығы мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.
Қазақстандағы сейсмикалық станциялар қазақ-қытай шекарасына жақын маңда жер сілкінгенін анықтады. Дүмпу бейсенбіге қараған түні Астана уақытымен сағат 01:37-де тіркелді.
Жер сілкінісінің магнитудасы – 4.9 балл.
Дүмпу ошағы қазақ-қытай шекарасынан шамамен 300 км жерде, Қытайдың Ақсу қаласына жақын маңда орналасқан. Әдетте дәл осы таулы аймақта жиі жер сілкініп тұрады. Кейде оның әсері Қазақстанда да сезіледі.
Айта кетейік, 14 мамырда сағат 11:00-де Алматы қаласында дабыл қағылады. Жалпықалалық сейсмикалық жаттығу кезінде тұрғындар үйлер мен ғимараттардан шығып, арнайы орындар маңында жиналуы тиіс. Мегаполисте осындай арнайы 384 пунк ұйымдастырылған.











