Ақыл-ойдың ойыны
Тоғызқұмалақ – қазақ халқының ұлттық ойыны. Ол адамның ойлау қабілетін арттырады. Алдын ала жүретін жолын жоспарлап, есепке деген икемін ашады. Оны – ақыл-ой ойыны немесе қойшылар есебі деп те атайды. Екі адамның қатысуымен арнайы тақтада ойналады. Тақтаның беті 18 ұяшыққа ойылған. Ұяшық отау деп аталады. Әрбір ойыншының тоғыз-тоғыздан отауы, құмалақ жинайтын бір-бірден қазаны болады. Сондай-ақ тоғыз отауға тиесілі 81 құмалағы болу керек. Ойын шарты бойынша жүрісті жеребе тастау арқылы немесе ойыншылардың келісімімен бастайды.
Тоғызқұмалақшылардың айтуынша, жүріс ойыншылар тарапынан кезектесіп ұйымдастырылады. Жүріс жасау үшін оң жағыңыздағы отаулардың бірінен біреуін орнына қалдырып, қалған құмалақтарды солдан оңға қарай таратамыз. Таратылған құмалақ қарсыластың тақ санды отауына түсіп жұп қылса, оның қазанындағы құмалақты ұтып аласыз. Егер соңғы құмалақ қарсыластың жұп санды отауына түсіп тақ қылса, онда сәтсіздікке ұрынасыз.
– Тұздық ережесі бойынша ойын барысында қарсыластың құмалағын ғана емес отауын да ұтып алуға болады. Бірақ бұл талап ойын кезінде бір рет ғана қолданылады. Тұздық алу үшін, қарсыластың екі құмалағы бар отауына таратқан құмалағыңыздың соңғысы түсу керек. Сонда сол отаудағы үш құмалықты отауымен бірге жеңіп аласыз. Әр жүріс жасалған кезде тұздық алынған отауға түскен бір құмалақ ұтқан адамның қазанына тиесілі, – дейді тоғызқұмалақтан аға жаттықтырушы Сәбит Шүленбаев.
Ал атсырау ережесі ойын аяқталарда қолданылады екен. Бәсеке соңына қарай екі қарсыласта да құмалақ азая бастайды. Әр құмалақ немесе тұздық алынған сайын қарсыластың жүру мүмкіндігі кемиді. Сондықтан ойын бітерде қарсыластар бірінің отауларына жүріс жасай алмайтын жағдай да кездеседі. Ойыншылардың отауларындағы құмалақты екіншісі таусып алып, жүріссіз қалуы – атсырау деп аталады.
Зерттеушілер бұл ойынның 4 мың жылдық тарихы бар дейді. Тоғызқұмалақты қырғыз, қарақалпақ, алтайлықтар да ойнайды. Алайда қазақтың «Тоғызқұмалағы» кемеліне келген және дамыған. Халық арасында оны «Қойшылар алгебрасы» деп те атайды. Алғашында өріске қойларын жусатып жіберген қойшылар ойлап тапқан. Уақытты тиімді өткізу мақсатында жерден ұя-шұңқыр қазып, ойнаған. Оны дайындау үшін қойдың құмалағын кептіріп, қолданған. Ел аузынан жеткен аңыздарда тоғызқұмалақ ойыны қойшылар үшін керемет ермек болған.
ХІХ ғасырдың кемеңгері, ұлы ақын Абай Құнанбаев тоғызқұмалақты сүйіп ойнаған. Қазір Шығыс Қазақстан облысындағы ақынның мұражайында Абай ойнаған тоғызқұмалақ тақтасы сақтаулы тұр деген дерек бар.
Құмалақ неге жеті, сегіз, он бір, он үш емес? Тоғыз саны ежелгі түркілерде көптік мағынаға ие әрі қасиетті саналады. «Тоғыз жолдың торабы», «Тоғыз қабат торқадан, тоқтышақтың терісі артық», «Тоғыз інген боталап, тоғыз бие құлындап» деген сөз тіркесінің бәрінде тоғыз саны көптік мағынаны білдіріп тұр. Соған қарағанда тоғыз саны қазақ үшін шексіздікті бейнелейтін сан болса керек.
Алғашқы кезде үш отау, бес отаулық шағын үлгілері болған болса, бүгіндері жетілген тоғыз отаулық классикалық ережелі спорттық ойын қатарына енгізілді. Тек ойын ғана емес, оның танымдық әрі тағылымдық тұрғыда да, сонымен қатар өнер, ғылым үшін де маңызы зор.
Қазақстан тәуелсіздік алған жылдан бері тоғызқұмалақ жылдан-жылға дамып келеді. Тоғызқұмалақ қауымдастығының қолдауы арқасында бұнымен шұғылданушылардың саны жыл сайын артуда. Бүгінде әлемнің көптеген елінде тоғызқұмалақ жақсы насихатталып жатыр. Қазір мұнымен шетелдегі қазақтар ғана емес, Ұлыбритания, Франция, Алмания, Испания, Чехия, Ресей, Украина, Қытай мемлекеттерінде де жергілікті халықтардың арасында ойыншылар саны көбеюде.
Қазір спорт түрі ретінде «Тоғызқұмалақ» қанатын қеңге жайып, танымалдық дәрежеге жетті.
дайындаған
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА