Қырық санының қасиеті

Қырық санының қадірлі қасиетке ие болуына көне дәуірдегі мифология себепші деген де тұжырым бар. Өйткені көне замандағы грек қауымында аталған сала өз алдына жеке ғылым болып саналған.
Ғалымдардың айтуы бойынша қырық санының киелілігі адам баласының ана құрсағында 40 апта болуымен байланыстырылады. Оның ана құрсағында жетілуіне қатысты «тоғыз ай, тоғыз күн» деген тіркес бар. Салт-дәстүрде қызға төленетін қалың малдың «қырық жеті» аталуы да адамның өмірге келуінің бір белгісі іспетті. Есептеп қарасақ, қырық рет жеті тоғыз ай, тоғыз күніміз шыға келеді.
Сондай-ақ дүниеге келген нәрестені қырық күн бойы ешкімге көрсетпеу, қырық күн толған соң қырық қасық суға шомылдыру, сүйегі сынып мертіккен адамды «қырық үйдің қылауынан» деп қырық үйден мертік асын жинап әкеліп беру, өлген адамның қырқын беру, зираттан қырық қадам ұзап барып құран оқу әдеті санның мағынасын аша түседі.
Қырық сан есімі «көп», «өте» дегенді білдіріп, заттық құбылысты күшейтіп көрсетеді. Яғни «қырық құбылу», «қырық жамау», қырық жылғыны қара қылға тізу, қырық қабаттанып отыру» деген сөз тіркестері жиі қолданылады. Ал халық астрономиясында күннің қысқарып, түннің ұзаратын кезін «қырық күн шілде» деп атаған. Оны «жазғы шілде, қысқы шілде» деп екіге бөлген. Қысқы шілде кезінде Үркер нақ төбеде тұрады да, жазғы шілде кезінде жер астына түсіп, көрінбей кетеді. Бұл жыл мезгілінің аса ыстық немесе аса суық уақыты.
Бір қызығы, «Қырық жас – патша жасы» дейді. Адамның қырыққа келгенде әбден ақылы толып, ақылдылығымен, көргендігімен, шешендігімен, қол жеткен жетістігімен ерекшеленетін кезеңі деп түсінген. Оны қазақта патша болмаса да, осы жасқа келген адамды патшаға теңеуінен шыққан ұғым деуге болады. Сонымен қатар «Қырық жас – қынапқа салған қылыштай» деп адамның жетіліп, кемеліне келген шағын атайды. «Отызында орда бұзбаған, қырқында қамал алмайды» немесе «Қырқында қыр аспаған, елуінде орда бұзбайды» деген мақалда да астарлы пікір бар. «Әйел қырыққа келгенде өңін бермесе – қасиет, еркек қырыққа келгенде ақылы кірмесе – қасірет», және «Жақсы қырқында толады, жаман қырқында солады» деген мақалдардан еркек пен әйелге берілген сынды байқаймыз.
«Қырықтың бірі – қыдыр» деп қырық адамның біреуі құт болып үйге жақсылық ала келеді деген тұжырымды ұстанған. «Үйді қырық еркек толтыра алмайды, бір әйел толтырады» деп әйелді отбасы берекесіне балаған. «Қырқына шыдағанда, қырық біріне де шыда» деген тәмсіл де төзімділікке тәрбиелеген. Міне, қырық санының мифологияда ғана емес, адамзат өмірінде ерекше мәнге ие екендігі ерекше таңғалдырады. Дегенмен оның астарында терең тағылым мен өзіндік қасиеті бар. Бұл қазақ халқының бай қазынасы, халықтың өмірлік тәжірибесі мен парасатты пайымы десек қателеспейміз.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА