40 санының қасиеті туралы
Бала өміріндегі маңызды шақтың бірі - қырқынан шығару. “Керек.infoның” 54-22-46 нөмірлі телефонына қоңырау шалған Жадыра есімді келіншек жақында баласын қырқынан шығарғанын айтты. Бірақ, абысын-ажындары сәбиді 40 қасық суға емес, табақ толы сумен шомылдырған. Қанша түсіндірсе де, әулеттің үлкен келіндері “ол тек ырым ғой, 40 қасық су баланы дұрыстап жуындыруға жетпейді” деп бет бақтырмаған көрінеді.
Газеттің тұрақты оқырманы жақында ана атанатын Айнагүл Аманжолдың да баланы қырқынан шығаруға қатысты сауалы бар. Ол сәбидің қарын шашын шүберекке түйіп, көпшігінің бұрышына тігіп қою қаншалықты дұрыс деп сұрайды.
Қазақ халқы үшін 40 санының маңызы өте зор. Неге баланы қырқынан шығарады, неге өлген кісінің қырық күндігін жасайды? Бұл тектен-тек емес. Астарында үлкен философиялық мән бар. Соны жастар жете түсіну керек,-дейді Хромтау ауданының тұрғыны Мәрия Есентаева.
Мәрия апа - 10 бала тәрбиелеп өсірген алтын құрсақ ана. Ауыл-дастары сәби өмірге келсе, Мәрия ападай өсіп-өнсін деп қырқынан шығаруға қолқа салады.Ардақты ананың қанша баланы қырқынан шығарғаны есінде жоқ. Бірақ, кішкентай періштелердің үстіне қырық қасық су құйып, қырық тілек айтуға осы жылдар аралығында әбден машықтанып алған.Бала қырқынан шықпайынша, бұ дүниенің өкілі болып саналмайды - дейді Мәрия апа.
Мәрия Есентаева, Хромтау ауданының тұрғыны:
- Бала қырқынан шықпайынша, оның бетіне ешкім сұқтанып қарамауы тиіс. Тіл-көз өтеді. Үлкендер “қырық күн бала үшін- қауіпті кезең” деп отыратын. Қырқынан шыққаннан кейін барып нәресте жан-жағына көз салады. Ұл бала төзімді, қайсар болсын деп оны қырқынан ерте шығара береді. Ал, қыз баланы жеңілтек болмасын деп кеш шығарады. Бала қырқынан дейін мазасыз болады. Жылай береді. Көп жылауының себебі- бала қырқын асыға күтеді. Қырық қасық суға түскеннен кейін мазасыздығы басылады. Ұйқысы да тәтті болады. Сондықтан қырқынан шығаруға бей-жай қарауға болмайды.
Мария апаның айтуынша, бұл күні тек баланы суға түсіріп қана қоймайды. Тырнағы мен қарын шашын алады. Бұл әдетте әйел адамдар атқаратын міндет. Кәдені көркіне мінезі сай, елге сыйлы, инабатты, көп құрсақ көтерген әйел адамға жүктеген. Сол кісінің алақаны арқылы бойындағы жақсы қасиеттер сәбиге жұғысты болсын деп ырымдаған.
Баланы қырық қасық суға күміс тиындар салып түсіреді. Қырық түрлі тілек айтқаннан кейін тырнағы мен қарын шашы алынады. Сәбидің тырнағын аяқ баспайтын жерге көміп тастайды. Ал, қарын шашты шүберекке тұмарша етіп түйіп, баланың оң иығына қадайды. Қазақта “қарын шаштың қарғысы қатты болады„ деген түсінік бар.
Қазақтың салт-дәстүрі, жөн-жоралғысы ұлттың тамырымен біте қайнасып жатыр. Әрқайсының өзіндік мәні бар. Бұл туралы “Салт-дәстүр сөйлейді” атты отбасы хрестоматиясында былайша берілген.
Қазақ салтында нәрестені қырқынан шығару кезінде оның тырнағы мен шашын алады. Бұл ғұрыпты көбіне әділдігімен аты шыққан, мінезі көркем кісіге жасатады. Мұсылмандар Ібілістің адам тәнінде дәрет сындыратын жері- тырнақ асты деп сенеді. Адамның тырнағы алынбай, асты кірге толса, Ібіліс сондай лас жерді іздеп жүреді екен.Қазақта ұсақ-түйекті теріп, өсек-аяң жинап жүретін адамдарды “тырнақ астынан кір іздейді” деп сипаттау осыдан қалыпты. Адам өліп, мәйіті жер қойнына берілген соң, қабір азабы оның тырнағының астынан басталады. Сондықтан мұсылман жұрты тырнақты өсірмей, уақтылы алып отыруға үлкен мән берген. Тырнақты таза ұстау- имандылықтың белгісі.
Бөпенің шашын алатын себебі: Ібіліс бей-берекет шашалып жатқан шаш қылынан тон тоқып киеді екен. Мұсылмандық бір аңызда Әзіреті Әли Ібілісті ұстап алады. Ібіліс үстіне жылы тон киіп алыпты. Әзіреті Әли:
- Ей,малғұн,үстіңдегі тонды қайдан алдың?-дейді. Ібіліс:- Адамдар шаштарын алдырған соң далаға тастай салады. Мен соларды жинап-теріп, өзіме тон қылып киемін. Ондай адамдарға менің үстемдігім жүреді. Олар хақтың жолында әлсіз келеді,-депті.
Осыған орай қазақ арасында нәрестенің бірінші алынған шашын сақтап қойып, өскесін өзіне тұмар етіп тағатын ғұрып шыққан. Сенім бойынша Ібіліс ол баланы тура жолдан тайдыра алмай, дәңкесі құриды екен. Қазақ арасында шашты далаға бей-берекет тастамау керек деген түсінік кең тараған. Әйел адамдардың да тарақтан түскен шаштарын жинап, жерге көміп, не болмаса өртеп жіберетіні осыдан шықса керек. “Шашы өскеннің елі кәпір, тырнағы өскеннің өзі кәпір” деген тәмсіл осыған орай айтылыпты.
Бауыржан Момышұлының келіні, қазақтың дәстүрін зерттеуші Зейнеп Ахметованың айтуынша, баланың білегін ұстап көру арқылы оның қырқынан шыққанын, шықпағанын аңғаруға болады. Зейнеп Ахметова баланы қырқынан шығару мен қайтыс болған адамның қырқын берудің үйлесімділігі бар деп санайды. Айтуынша, сәбиді қырқынан шығару - ет пен сүйек біріккеннен кейін барып жасалатын рәсім. Ал, марқұмның 40 күндігі берілу себебі - адамның еті мен сүйегі қырық күннен кейін ажырайды. Міне, қазақ халқы үшін 40 санының киелі болатындығы осыдан.