Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Алаулаған жалыннан аман шыққан

Алаулаған жалыннан аман шыққан

Түркі халқының ұлы ойшыл ақыны Әлішер Науаи қарапайым адамның қолынан келе бермейтін кереметтерді діни философия арқылы түсіндірген. Ол шығармаларында әулиелердің жазда қара суды қатырып, теріс ағызатыны, бұрын көрмеген кісінің келуін біле алатындығы, күндік жерге көзді ашып-жұмғанша жететіні, дарияның бетінде жүре алатындығы, құстар мен жануарлар тілін түсінетіндігін жазған. Мұндай қасиеттер өн бойынан табылатын киелі жандар Сыр өңірінде көп болған. Солардың бірі – Сайдмұхаммед қожа, кейін ел тұрғындары Ер Сейітпенбет атап кеткен.

Оның атажұрты – Қызылорда облысының Жаңақорған өңірі. Өзі – Абд ул Жалилбаб, яғни Қорасан атаның 34-ші ұрпағы. Қорасан атаның ұлы Хусайннан – Сұлтан Хусайн тарайды. Ұрпақтан-ұрпаққа жеткен әңгіме желісі бойынша, Сейітпенбет 13-14 жас шамасында медресені тәмамдайды. Сол жылы Кіші жүз шөмекей руының ақсақалдары Сейітпенбеттің әкесі Қожажан қожаға сәлем бере келеді. Ол шөмекейдің беделді адамдарымен бұрыннан етене араласады екен. Өйткені рухани көсемдердің пәтуасына орай Қожажан қожа Кіші жүздің арасына жиі барып, дінді насихаттап тұрған. Қонақтар қайтарында қожаға ер жетіп отырған ұлдары Заман мен Сайдмұхаммедтің бірін өздерімен бірге жіберуін сұрайды.

«Біздің елде, өзіңіз білесіз, діни сауаты бар молда жоқ. Балаңызды піріміздей сыйлайық. Мешіт ұстасын. Медресе ашайық, балаларымызға дәріс берсін», – деп қолқалайды. Бұл өтінішке аз-кем ойланған соң: «Әуелі Аллаға, сосын өздеріңе тапсырдым», – деп Сейітпенбетті шөмекейлерге қосып жібереді.

Сайдмұхаммедтің “Ер Сейітпенбет” аталуының ел аузында жүрген мәліметтерге сүйенсек, Кіші жүздің ақсақалдары «Нағыз қожа, шын әулие болса бізге кереметін көрсетсін. Тоқсан түйеге жүк болатын сексеуіл томарын үйіп, өртейміз. Сол отқа қорықпай түскен адамды біз әулие деп білеміз» деген шарт қояды. Бұл жөнінде көрнекті ғалым Серғали Толыбековтің «Қазақ шежіресі» кітабында: «От бірден-ақ лаулап жанып, бірте-бірте бәсеңдейді. Қоршап тұрған халықтың назары әулиеде. Біртіндеп қызыл жалын саябырлап, жанып жатқан оттың ішінен Сейітпенбет қажы көрінеді. Қызыл шоқ сөніп, қарауыта берген кезде ол аса таяғы қолында «Иә, бабам!» деп аман-есен шығады. Жиылғандар «Иә, Құдайлап» қожаның аяғына жығылып, әулиелігіне, кереметіне тәнті болады. Құрбандық шалып, Сейітпенбетті пір көтереді». Осы оқиғадан кейін халық әулиені “Ер Сейітпенбет” атаған.

Сейітпенбет қожа Қаракесектің Шөменінен тараған шөмекейдің балаларын оқытып, ел арасында үлкен беделге ие болады. Кейінірек Қазалы, Қармақшы, Жалағаш аудандарының аумағында мешіт басқарады, діни ілім таратады. Осында Мырза, Сұлтан, Әбдіжаппар, Батыр, Алмас, Міржан, Шоң атты балалары дүниеге келеді. Қажылық парызын өтеу және білімін арттыру үшін алыс шаһарларға Бұхара, Хиуа, Херат, Мекке, Медине, Шамға сапар шегеді. Соның арқасында араб, парсы, түркі, қытай тілдерін жетік меңгерген. Түрлі шөптің емдік шипасын игеріп, Ибн-Синаның дәрігерлік жазбаларын оқуға ерекше ден қойыпты. Дүниеден өткенше шөмекейден тарайтын алты Аспан мен бес Бозғұлдың ортасында болады.

Ер Сейітпенбет дәм-тұзы таусылар алдында Қарақұмдағы “Қос тораңғылда” жайлауда отырған. Балаларын жинап алып: «Батыстан бір кісі ақ нар жетектеп келеді. Кім екенін сұрамаңдар, жаназамды өткізген соң менің мүрдемді ақ нарға артып, басын бос қоя беріңдер. Түйе қай жерге шөксе, сонда жерлеңдер» деп аманаттаған. Көп ұзамай әулие дүниеден өтеді. Ел-жұрт өсиетін орындап, Ер Сейітпенбеттің денесін ақ нарға жүктейді. Жануар ен даланы кесіп өтіп, Сырдарияға келеді. Сонда көпшілік тағы бір ғажапты көреді. Дария қақ айырылып, түйе өзеннің табанынан өтіп, Қызылқұмды бетке алады. Ұшан-теңіз тақырды басып өтіп, «Бас Сарбұлақ» деген жерге жетіп шөгеді. Бұл Қармақшы ауданы, Т.Көмекбаев ауылынан солтүстік батысқа қарай 60 шақырымдай тұста орналасқан. Әулие сонда жерленген. Өзі айтқан: “Мазарым бастапқыда жалғыз болады. Кейін қасыма Балқы Көккөз батыр, сосын Жолай Өтетілеу би келер, содан кейін ұлғая берер” дегені айнымай келеді. Қырық күннен соң Көккөз батыр өлерінде өзін Ер Сейітпенбет қожаның қасына жерлеуді тапсырады. Туысқандары батырдың өтінішін орындайды. Жылдар өте келе “Бас Сарбұлақтағы” қос мола үлкен қорымға айналады. Кіші жүздің белгілі тұлғалары сол мәңгілік мекенге жерленеді.

Баба сабырлы қалпымен, аса сыпайы, жібектей жұмсақ мінезімен, айтқаны дәл келетін әулиелігімен ел жадында есте қалған. Әулие ауруына шипа тілеп зияраттағандарға аян береді екен. Бірде Т.Көмекбаев ауылында тұратын жасөспірім қыз науқастанып қалады. Оны баба ұрпағы Әли Әбдіұлы әулие басына апарып түнеткен. Түсінде аурудың иесі жолбарыс тақылеттес аң түрінде көрінген. Соны қуып жіберген соң бойжеткен тәуір болған.

Қазір баба кесенесінің жанында асхана мен түнеухана бар. Асханада үлкен қара қазан орнатылған. Бір ғажабы, ол жарық болғанына қарамастан екі қойдың еті бір тамшы су тамбастан қайнайтын көрінеді. Кезінде бұл қазанды біреу әкетпек болған. Арқанмен байлап, арқасына салып қырық қадамдай жерге барғанда “таста қазанды!” деген дауыстан үрейлене лақтырып тастай қашқан. Екінші ретте тірі жан шыдап тұра алмайтын дыбыс естілген деседі ақсақалдар. Қазанның бір құлағы сынып, түбіне дейін жарылған, солай бола тұра әлі күнге дейін оны жұртшылық тұтынып келеді.

Әулие баба шамамен ХVІІІ ғасырдың аяғы мен ХІХ ғасырдың ортасында өмір сүрген. Халықты діни сауаттандырған, ислам нұрымен нұрландырған, рухани демеуші болған.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА

04 желтоқсан 2019 ж. 1 209 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 57

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930