Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қайнар Олжай: Мақала жазудың құпиясы

Қайнар Олжай: Мақала жазудың құпиясы

Теңеу, теңеу. Теңеулер…
Бұрындары ақындарда «түйе, түйе. Түйелер….» деген өлең, газетте сондай тақырып болатын еді.
Мақала қалай жазылады? Анығында «жазылды». Ашық шеберлік сабағы ретінде бір мақаланы қалай жазғанымызды түрлі теңеулер арқылы баяндап берелік.
Алдымен журналистің қаламын бақшадағы бағбанның күрегіне теңейміз. Екеуін де тот баспауы керек. Аптасына бір мақала, оншақты оқшау ойды түртіп келеміз. Демек, күрегіміз жалтырап тұр.
Жазар алдындағы сәт қозғалып кетер автокөлік сияқты. Алдымен аздап дүрілдеп тұрмақсың. Немесе спортшының жарысқа шығар кездегі қыздырынуына теңеуге болады. Ой қыздыру үшін қол астымызда тұрған кітаптың біреуін алып, кез-келген бетін ашып оқи жөнелеміз. Бүгін қолға Ғабит Мүсіреповтің «Күнделіктері» ілікті. 215-бетін ашыппыз. «Осы жайларды сипаттайтын Орхон-Енисей жазулары былай сөйлейді: «Қытайдың тәтті сөзіне, асыл дүниеліктеріне алданып, түркі халқы қырылдың, түркі халқы жойылдың! ... Біз мемлекетті халық едік. Қайда сол мемлекетіміз? Біз қағаны бар халық едік. Қайда сол қағанымыз?» Бұл әрине, жігерлі жүректің тебіренісі, күреске шақырған ердің айтар сөзі. Сонымен бірге бұл өскен тілге тән әдебиет тілі. Әрі шешен, әрі көркем сөйлей алатын халықтың тілі.» Ғабеңнен от алуды осымен тоқтаттық. Тым қатты қыздырынып кеткен сияқтымыз.
Ендігісі мақаланың өзін жазу керек. Қандай тақырыпқа? Компьютердің «тақырыптар» деген бумасын қопарып едік, жүзден астамы тұр екен. Бұл сәтте сен дүкенде жүрген сатып алушыға ұқсайсың. Бір-ақ тауарды таңдауың керек. Әлбетте, ең қажетті, өзектісін аласың ғой. Аз-кем ойланып тұрдық та «Күннің түсі» деген тақырыпты суырып шықтық.
Жазуды бастау үшін жиналған материалды тексеріп өтеміз. Қыз ұзатар алдында қатындар жиналып, қалыңға берер жүкті бір тексеріп алмас па! Мұның теңеуі осындай.
Күн туралы файлда 11 мың сөзден асатын материал бар екен. Мақала 1500 сөздің маңында болса жетеді. Біз өте көп жинаппыз. Материал жинағанда тура кенші сияқтысың. Бойында құнды металл бар-ау деген кенді қопарып үйе бересің, үйе бересің.
Байыптап қарасақ жинаған материалымыз екі саладан екен. Бір саласы – Күннің түсі туралы қазақ ақын-жазушыларында, арғы аңыз-ертегілерде, тіпті ән мәтіндерінде кездесетін жәйттер. Иә, Ғали Орманов та, Жұмекен Нәжімеженов та, Бәкір Тәжібаев та осында. Тіпті, атын қазір көп ешкім ауызға ала бермейтін Құрманбек Сағындықов атамыз жүр. Келесі саласы – Күн туралы ғылыми зерттеулер, материалдың басым бөлігі көрінеді. Бұл ретте теңеуге қоржынның екі басын алдық. Бір басы тым ауырлау, әрине.
Жазуды бастар кезде жол екі айрылды. Тура даланың қара жолы екі айрылғанда басын қасып тұратын шофердің кебін кидік. Бірінші жол – мақаланы жазбастан бұрын жиналған материалды шұқшия қарап, артығын алып тастау. Екінші жол – жазуды бастап кетіп, жиналған материалдың керектісін пайдаланып отыру. Артығы өзі үйіліп қала бермек. Біз екіншісін қолайлы көрдік.
Бұдан кейін кесте тігушісің. Ол тігер кестесін ақ матаға түрлі қарындашпен сызып алатын еді ғой. Басында үш бөлікті мақаланың сызбасы түсті. Күннің түсі. Күннің дағы. Және Күннің жоғалуы. Осы үш тақырыпшаны айқындап алдық та кесте төгуге кірісіп кеттік. Кестеге керек жіп – жаңағы жинаған материалың жеткілікті.
Бастапқы «Күннің түсі» деген тіркес бірінші бөлімнің тақырыбына айналып кеткен соң енді басты ортақ тақырып керек. Ол – бөрік. Бұл жолы бірнеше бөрік таңдағанбыз. Ешбірі көңілден шықпай жатыр. Асықпайық. Бас болған соң бөрік табылады, әзірге басты сомдай берген жөн.
Енді зергерге ұқсайсың. Мәселен, білезік соғып отырған сияқтысың. Білезікте бірдей үш өрнек болса дегенбіз. Бұл – әлгі үш бөлім. Бірақ, бұйымды соға келе, үш емес, төрт ою салу қажеттігі аңғарылды. Өйткені, Күн бетіндегі магнитті өрістен туатын қошқыл дақ бар да, Күндегі жарылыстар шығатын жалқын бар. Бұған қатысты материал көптігінен екіге бөлгенді жөн көрдік. Осылайша екінші «Күннің дағы» деген тараудан соң үшінші болып «Күннің белсенділігі» деген тарау қосылды. Сонда «Күннің жоғалуы» төртінші тарауға айналмақ.
Жиналған материал екі бөлек екенін айттық қой. Күн туралы көркем әдебиет пен ғылыми зерттеулер. Осыны қалай ретімен қолдану керек? Біз көркем мысалдарды әр тақырыпшаның бас жағында келтіргенді жөн көрдік. Төрт жебенің ұшына төрт үшкір темір орнатқан ұста іспеттіміз енді.
Соңғы тарауды жазу кезінде «Содан кейін Күн астрономдардың тілі бойынша «сары қортық» емес «ақ қортық» аталатын жұлдызға айналады» деген сөйлемді экранға түсіргеніміз сол, бас тақырыпты тапқанымызды сездік. Бұл сәтті Архимедтің «Эврика» деп астаудан атып тұруымен теңеуге болмақ. Мақаланың тақырыбы тұр екен ғой. «Сары қортықтың» сыры». Керемет бөрік. Оған көзі түскен адам «Бұл Қайнардың «қортығы» не болды?» деп ішіне үңілері даусыз. Екіншіден, өте үйлесімді. Үш сөздің біріншісі «сары» мен үшінші «сыры» ұйқасып, өзгеше иірім жасап тұр.
Жалпы өзіміз тақырып табуды балықшыға теңейміз. Қармаққа түрлісі түсіп жатады. Ұсағын қайта суға тастай бересің. Ақыры өзің ойлаған шортанды ұстап көңілің тынады. Бұл жолы да қармақ салып отырып, ақыры ойдағы тақырыпты тауып алдық.
Үш-төрт сағат жазып мақаланың соңына жеттік. Енді түйін керек. Кәдімгі қамшы өрген өрімшінің, не бұрым өрген қыздың өрім соңына жасайтын түйіні іспетті. Ол мықты болмаса өрім тарқатылып кетпек. Мақаланың ең соңына Мағжанды лайық көрдік. Салмақ бар. Әрі көркемдік бар. Осылайша, «Әзірге күміс Күн де, алтын Ай да сөнбей-ақ қойсын. Содан соң «Күн сөнгенше Алаш жұрты сөнбесін!» Соңғысы – біздікі емес, Мағжаннан қалған сөз» деп мақаланың нүктесін қойдық.
Енді жазғаныңды қайта оқып шығу керек. Әріп қателерін түзейсің, артық-ауыс жерін алып тастап, кем-кетігін толтырасың. Бұл тұста үйдің қабырғасын сылайтын сылақшының дәл өзісің.
Әріп қателері жөнделді. Бірқатар сөйлемдер онша ақсақ болмаса да, қайта қырланды. Болды ма? Жоқ. Енді әр бөлімнің көлемін өлшедік. Бәрі бірдей болуы керек. Иә, төрт бөлім шұжық цехынан шыққан сосикидей көлемі жағынан бірдей болғаны жөн. Сонда енді кім болдық? Шұжық цехының бақылаушысы.
Бөлімдердің көлемдері шамамен бірдей екен. Ал тақырыптары қалай? «Күннің түсі», «Күннің дағы» деген тақырыптар бір жаққа қарап, «Күннің белсенділігі» мен «Күннің жоғалуы» деген тақырыптар екінші жаққа қарап тұрғандай ма? Бұларды бірдей етпей болмайды. Кәдімгі шаштараз шашыңызды алғанда екі шекені бірдей етіп қырықпай ма? Мына жұмыс соған ұқсайды. Таптық. Үшіншісі – «Күннің әсері», ал төртіншісі «Күннің сөнуі» болмақ.
Бәрі бітті ме? Тағы оқып шықтық. Ойбай, не деген аңғалмыз! Лид қайта? Тура шекара бұзушыны ұстап алған шекарашының өзіндейміз бұл сәтте. Басты тақырыптың соңына жалғанған тақырыпшаны қазір «лид» дейді екен. Сайттың талабы осы – әрбір мақалада лид болуы тиіс. Газетте мақаланы кейде ондай тақырыпшамен, кейде мүлде тақырыпшасыз, енді бірде шағын аннотациямен жаза беретінбіз. Сайттың сұрауы басқа.
Тақырыпша табу қиынға соққан жоқ. Не жазғанымызды білеміз ғой. Бұл тұста контрастың ұтатыны анық. Ал біздің мақалада бір емес, бірнеше контраст жүр. Тағы да таңдауға тиіссің. Бұл жолы бірнеше шарадағы қымыздың ең дәмдісін таңдайтын қонақ іспеттісің.
Мақаламыздың ішіндегі ойлардың арасынан мынаны лидке лайық көріп, жаза салдық. «Қазақ ақындарының көрген Күні мен ғарышкерлерінің көрген Күні екі түрлі». Лидтегі ойдың өзі тура баяғыда ауыл қыздары әкеле жататын иінағаштың екі басындағы екі шелек су сияқты теңселді де қалды.
Осымен шеберлік сабағы тәмам.
adyrna.kz
28 қазан 2019 ж. 1 579 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 57

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930