Қазақтелефильмнің шежіресін жасаған жерлесіміз
«Жақсы адам жанып тұрған шаммен тең», – депті даналарымыз. Шын мәнінде жақсы кісі шам сияқты өз ортасына жарық түсіріп, айналасына сәуле шаша жарқырап жүретіні сөзсіз. Ол өзі өмірден өтсе де, оның тіршілігінде істеген жақсы істері, төңірегіндегілерге айтқан асыл сөздері, жазып кеткен өнегелі ойлары үнемі нұрланып тұрады деседі. Халық оларды көңіл төріне қойып, атын үлкен құрметпен атап, атқарған қызметтерін үнемі ізетпен еске алып отырады. Сондай асыл азаматтың бірі – жерлесіміз, белгілі драматург – журналист, «Қазақтелефильмнің» негізін қалаушы, тұңғыш директоры – Тұрғанбай Мәткәрімов еді.
«Адам баласы өз биігіне төгілген тер мен жемісті еңбек, адал ұрпағы мен артына қалдырар ізімен шықса, ол адамның өзі – мәңгілік» депті ғұлама Ғазали. Данышпан тағылымына сай, Тұрғанбай ағамыз осы айтылған биікті өзінің адал еңбегімен, маңдай терімен бағындыра білді.
Тұрғанбай Мәткәрімов – 1928 жылы 1 наурызда Қызылорда облысы, Қазалы ауданында дүниеге келген. Бертін келе отбасы Қарақалпақ өңіріне көшіп, осында түтін түтетеді. Жас Тұрғанбай мектепте оқып жүріп, 14 жасынан колхоз жұмысына жегіледі, сөйтіп өмірге ерте бейімделеді. Әдебиетке аңсары ауып, шығармашылықпен айналысқан оның баспасөз беттерінде шағын әңгімелері жиі жарық көреді. 1952 жылы Нүкіс педагогикалық институтының филология факультетінің орыс бөлімінде оқиды. Қарақалпақстан Жазушылар одағында, баспада редакторлық қызметтер атқарады. 1955 – 1957 жылдары «Өзбекфильм» киностудиясында көркем және деректі фильмдерді қазақ, қарақалпақ тілдеріне аудару бөлімінің жауапты редакторы болады. Ол уақытта еңбекқор, іскер жастарды тәжірибелі басшылар бірден байқайтын. Оларға әрі қарай оқу қажеттігін ұғындырып, қызмет баспалдағымен көтерілуге мүмкіндік беретін. Осыны байқаған басшылық 1957 жылы Тұрғанбай Мәткәрімовті Мәскеуге Бүкілодақтық Мемлекеттік Кинемотография институтына (атақты ВГИК) оқуға жібереді. 1961 жылы институттың киносценаристер факультетін атақты кинодраматург Каплердің шеберханасында бітіреді. ВГИК-ті бітірерде диплом жұмысы ретінде «Қырық қыз» дастаны мен Соколов – Сарыбай кен байыту комбинаты туралы «Торғай толқыны» киносценариін жазып, диплом жұмысын үздік қорғап шығады. Рухани сананы үнемі жетілдіру, кеңейту, толықтыру адамның жас кезінен басталып, оның есейіп, жетіліп, мамандық алып, одан әрі оны жалғастыра беруі белгілі бір жетістіктерге жеткізеді.
Тұрғанбай Мәткәрімов – Орта Азия мемлекеттері арасында ВГИК-тің толық курсын бітірген алғашқы жерлесіміз. Кәсіби маман ретінде алғашқы еңбек жолын 1962 жылы «Қазақфильм» киностудиясында бастаған ол, тәжірибе жинақтай келе Қазақ телевизиясында бас редактор, «Қазақтелефильм» студиясының 10 жыл басшысы қызметтерін атқарады. 1985 жылы дербес «Алатау» студиясын құрып, тарих сахнасында қалған бірнеше фильмдер жасады.
1965 жылы елімізде «Қазақфильм» студиясы ашылады. 1967 жылдан бастап, алғашқы телефильм жасау ісі қолға алына бастайды. Кинотаспамен жұмыс істеген бұл студия өткен жиырма бес жылда екі миллионнан астам кинотуынды шығарады. Олардың мінезі деректі фильмдер болғанымен, студияда көркемсуретті және мультипликациялық кинотаспа да түсіріледі. Ол бір егемен ел ретінде дербес дамудың сара жолына түсуді іздеген толғақты 80-ші жылдардың бас кезі еді. Барлық мемлекет құрылымы жаңаша бағыт алып, тыңнан түрен салып жатқан тұста қашаннан қағажу көріп келе жатқан ана тіліміз бен өнеріміздің босағадағы басын төрге шығару, шын мәнінде, мемлекеттік деңгейге көтеру міндеті алда тұрды. Ол үшін қазақ тілі өнер тілі, күнделікті қолданыс тіліне айналуы керек болды. Ал ол үшін бізге тұлға керек еді. Сондықтан елге белгілі, адамгершілік қасиеті, ақыл мен парасаты үлгі болатын қайраткерлерді ел алдына шығару міндеті тұрды. Осы кезде Қазақстандық телефильм шығармашылық орталығы еліміздегі өнер қайраткерлерінің таңдаулы өкілдерін киноға түсіріп, мұрағат ретінде қалдыруда ғаламат жұмыстар атқарды. Олардың ішінде Одаққа белгілі актерлер, кәсіби әнші-бишілер, дарынды әуесқой өнерпаздар болды. Осы іргелі істің бастауында Тұрғанбай Мәткәрімов ағамыз тұрды. Оның ұйымдастырушылық еңбегінің арқасында сол кездің өзінде «Қазақтелефильм» студиясы КСРО бойынша үшінші киноөндіріс орталығына айналды. Тұрғанбай ағаның тікелей ұйымдастыруымен «Қазақтелефильм» студиясында алғашқы толықметражды «Мүслима» және «Құрманғазы» телевизиялық көркем фильмдері түсірілді. Мәскеу мектебінің тәжірибесімен театрды экрандау жұмыстары қолға алынды. Осы арқылы студияда «Абай», «Еңлік-Кебек» фильм-спектакльдері түсірілді. Сол жылдары оның ұйымдастыруымен студияда Қапан Бадыров, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Сәбира Майқанова, Бикен Римова, Камал Қармысов және Әзірбайжан Мәмбетов сияқты қайталанбас өнер алыптарының шығармашылық портреттері жасалып, олар телеэкранға шығарылды. Осылайша, «Қазақтелефильм» қазақ театр өнерінің бағалы шежіресін жасады. Бүгінгі тәуелсіздігіміздің ширек ғасырында көріп жүргеніміздің бәрі сол өткен күндеріміздің тарихи мұрасы. Тұрғанбай ағаның атақты кинорежиссер Шәкен Аймановпен бірге Бүкіләлемдік «ЭКСПО – 69» көрмесі үшін түсірілген «Найзатас баурайында» фильмі көрермендердің сүйікті фильміне айналды. Қабілеті мен қайырымы мол, қолға алған ісіне мығым, адамгершілік, іскерлік касиеттері ерекшеленіп тұратын ерекше тұлға Тұрғанбай Мәткәрімовтің жеке басы, қызмет істеудегі жауапкершілігі, адамдармен қарым-қатынасын айту – азаматтық парызымыз. Адам өзінің рухани дүниесімен ерекшеленіп тұрады. «Нағыз адамның белгісі – кісілік» деген екен шығыс ғұламасы Жүсіп Баласағұн. Кісілік пен кішілік қасиетінің қатар жүретіні заңды. Тұрғанбай Мәткәрімов кісілік келбетін келістіріп, кішілікті де танытқан, шынайылықты асқақтатып келген ардақты тұлға болды. Ол ана сүтімен бірге сіңген абзал қасиеттің жемісі – айналасына рахман нұрын шаша білді.
Қазақта қарақан басынан гөрі елінің қамын жеген азаматтар қашанда аз болмаған. Ата-бабаларымыз мұндай текті ұлдарына: «Тұлпарда да тұлпар бар қазанаты бір бөлек, жігітте де жігіт бар азаматы бір бөлек», – деп ерекше сүйсініп, есімдерін естерінде сақтаған. Кемел тұлға, көреген басшы, Тұрғанбай Мәткәрімовтың ғибратты ғұмыры мен азаматтық тұлғасы біз үшін әрдайым биік тұғырда болмақ. Халқымызда «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген даналық сөз бар. Даңқ үшін ұзақ, өзі үшін аз өмір сүрген асыл азамат 1992 жылы небәрі 64 жасында ауыр науқастан дүние салды. Оның рухы мен туабітті жаратылысы көпке үлгі болып қалды. Адам өмірінің өнегесі, елге сіңірген еңбегімен өлшенеді. Халықтың жадында жақсы ісімен қалу оңай емес. Ол атадан қалған ұлтжандылық, әкеден қалған танымға толы тәрбие мен терең білім атпал азаматты ешқашан ұятқа қалдырған емес. Тұрғанбай аға қай жерде қызмет атқарса да, өзінің адалдығымен, іске тындырымдылығымен көзге түсті, абыройға бөленді.
Артынан қара ілеспеген, алдынан қуанышты ұрпағы күтпеген азамат кейінгі ұрпаққа ұстаз болып жарытпақ емес. Қай кезеңге көз салсаңыз да айтулы азаматтар алқалы көптің ұйымдастырушысы да бола білген. Осы тұрғыда Тұрғанбай Мәткәрімовтің алдын көрген, тәлімін алған шәкірттері жетерлік. Ортамызда болса, бүгінде 90 атты тұғырлы биікке көтерілер ұстаздың өнегелі өмір жолы, ғибратты ғұмыры халқы үшін қашанда құнды. Бар еңбегін сахнаға арнаған асыл азаматқа 1970 жылы КСРО телевидение мен радио үздігі атағы берілді. 1978 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Өзі құруға атсалысып, ұзақ жылдар басшылық еткен «Қазақтелефильм» студиясына оның аты берілді. Алайда көңілде реніште жоқ емес. Осыншалық ел ардақтаған асыл азаматтың өмір дерегі туралы Қазалы ауданында шығып жатқан бірде-бір кітапқа есімінің енгізілмегені еді. Алдағы уақытта осы бір олқылықтың орны толтырылса деген ниет бар. Ешкім мәңгі өмір сүрмейді. Алланың үкімі келгенде пенденің қылар қайраны, жасайтын амалы, қолданар шарасы қалмайды. Ол соңына ұзақ сақталатын мұралар қалдырды. Бұл өмірге текке келіп, текке кеткен жоқ. Қызметін халқына арнады. Жарасымды отбасын құрды. Шаңырағында ұл-қыз өсіріп, олардан ондаған иманды немере-шөберелер өсіп келеді.
Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ