Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Кеңес – жолда, шешім – қолда

Кеңес – жолда, шешім – қолда

"Жолда қабылдау" деген жазуы бар полиция автокөлігін ең алғаш көргенде тыныштық болса екен деген тілек көңілде қылаң бергені рас. Кейін оның тығыз шаруасы көп, арнай бөлімшеге баруға уақыттың ретін таба алмай жүрген азаматтардың кеңес алуы үшін жасалған игі шара екенін ұқтық. Одан кейін республика көлемінде өтетін аталған акция жиі ұйымдастырылып тұратынын білдік. Бұл полицияның жағымды бетбейнесін қалыптастырып ғана қоймай, жергілікті тұрғындармен қарым-қатынасын жақсартып, қоғамда орын алып жүрген көптеген қиындықтың алдын алатыны анық.

Жұма күні кент әкімдігі жанындағы полиция бекетінің алдында ұйымдастырылған "Жолда қабылдау" акциясының жұмыс барысымен таныстық. Арыз-шағым айтушылар мен кеңес-нұсқау сұраушылардың саны аз болмағандықтан көмекке жүгінушіге арналған орын біраз уақыт босай қоймады. Себебі аудан тұрғындары орталықтағы полиция бөліміне бармай-ақ, түйіткілді мәселесінің шешімін осы жерден табуға болатынына үйреніп алған. Тіпті екіжақты жұмыстың тиімділігі "жолда" сөйлескенде еселене түсетіндей көрінді. Келушілер көкейдегі сұрағын қойып, көңілі көншіп, ал полиция қызметкерлері құқықтық кеңестерін айтып, кей тұста қылмыстың алдын алғандай болды.

Мәселен, Қазалы қаласының тұратын Виктор Романов аңшы қаруын пайдалануға рұқсат алу үшін не істеу керек екенін сұрады. Демалыс күндері аң аулағанды жаны сүйетін қала тұрғыны қажетті құжаттар тізімін білді. Жан-жақты ақпар берген мамандарға алғысын жеткізді. Бөлімнің табиғатты қорғау полиция тобының инспекторы Олжас Теміров қазіргі таңда аң аулауға уақытша тыйым салынғандығын, ауылшаруашылық министрлігінің шешімімен қыркүйек айынан бастап рұқсат берілетінін ескертті.

Бұдан кейін автокөлік құжаттарын рәсімдеу барысында көлік салығына байланысты қиындыққа тап болған Таңат Көптілеуов кеңес сұрай келді. Оған әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы Ғани Құрманалиев жауап берді. Тиісінше түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, аталған мәселе бойынша жергілікті халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіну қажеттігін айтты.

Сонымен қатар полиция бөлімі басшысының орынбасары, полиция подполковнигі Шынтас Бекетов "Жолда қабылдау" акциясының екі күнге созылатынын хабарлап, кез келген сұрақ бойынша кеңес алуға болатынын еске салды.
– Тамыз айының 16-17 күндері аудан көлемінде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көші-қон заңнамаларының сақталуы, халыққа қызмет көрсету орталықтарында тіркеу, тіркеуден шығару, құжат ауыстыру, айыппұл төлеу мәселелері бойынша кенттің орталық алаңы жанында кең ауқымды акция өтуде. Тұрғындарды шараға белсене араласуға шақырамыз, – деді ол.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
16 тамыз 2019 ж. 1 363 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031