Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлық мейрам, дүбірлі думан

Ұлық мейрам, дүбірлі думан

Дархан пейілді қазақ Наурыз мерекесін ерте кезден асыға күтеді. Бұл күні барша жұрт ұлттық нақышта киініп, айналаны ән мен күйге бөлейді. Күн мен түннің теңелу уақытына айрықша мән берген халқымыз Наурыз мейрамына жылдың басы, берекенің бастауы ретінде қарайды. Соған сай айтулы күнді айрықша тойлау әлі күнге дейін маңызын жоғалтқан емес. Биылғы жылы да қазақ елінің түкпір-түкпірінде киіз үйлер тігіліп, ұлан-асыр той жасалды. Ал аудан деңгейіндегі Наурыз мерекесі орталық алаңда жылдағыдан ерекше аталып өтті.

Наурыздың 20-нан бастап кенттің басты көшелерінде бой көтеріп, сайдың тасындай қатар тізілген киіз үйлер ұлттық мерекенің көркін еселей түскен еді. Әр үйде қазан көтеріліп, қазалылық жұртшылыққа арналған аста-төк дастарқан жайылды. Алаң төріндегі сахнадан бастау алған мәдени шара қыз-жігіттерден құралған «Ақжелең» бишілер тобының «Шашу» күйіне қойылған мере­келік қойылымнан басталды. Мерекелік нақышқа сай шашу шашылып, жиылған халыққа наурыз көже ұсынылды. Халқымыз үшін даналық пен көрегенділіктің символы болып кеткен Қыдыр ата ақ батасын беріп, әлімсақтан келе жатқан «Наурыз» әні орындалды. Бұдан соң жыл құсымен қатар келген мерекемен көпшілікті құттықтау үшін аудан басшысы Мұрат Ергешбаев сөз алды.

– Бүкіл түркі жұртына, Шығыс халқына ортақ бұл мейрам – береке мен бірліктің, ырыс пен несібенің, қайнаған қызу еңбектің көрінісі екені даусыз. Бұл күні ренжіскен адамдар табысып, бір дастарқаннан дәм татып, бір-біріне ырыс-несібе тілеген. Жоқ-жітікке жәрдем беріп, алаңдарға ағаш отырғызып, бұлақтың көзін ашқан.

«Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» демекші, кешегі жыл аудан халқы үшін жаман болған жоқ. Өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында өндіріс көлемі өсті. Биыл да жыл аяғына дейін 600 орындық мәдениет үйі мен мекемелер үйі пайдалануға беріледі. Ел болып күткен «Әлсейіт» көпірінің де игілігін көреміз. Ауыларалық, қаланың айналма жолдары мен бірқатар маңызды көшелерге жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарда бар. Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласы аралығында жасалып жатқан жұмыстар аяқталған бойда 1500 адамға жер учаскесін беретін боламыз. Алдағы уақытта табиғи газ жүргізілмеген аумақтарда тиісті жұмыстар атқарылып, жергілікті халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін бірқатар бастамалар қолға алынады. Сонымен қатар әлеуметтік нысандар салу да бас жоспарға енгізілген. Амандық болса екі аралықты қосу арқылы Қазалыны 50 мың халық тұратын үлкен қалаға айналдырсақ деген ойымыз бар.

«Жыл басы игі тілек, оң талпыныспен бас­талса, аяғы да табысты болады» дейді ата-бабамыз. Ендеше Әз-Наурызды ізгі ниетпен қарсы алайық. Көктемнің шуағымен келген Ұлыстың ұлы күні әр отбасына шаттық, мол ырыс, ынтымақ әкелсін. Ұлыс оң, Ақ мол болсын, ағайын, – деді ол.

Мерекелік жиын барысында қазалылықтар ұлттық спортты да ұмыт қалдырмады. Тәрбиелік мәні зор ойындар ұлықталды. Жиылғандар жас ерекшеліктеріне сай аударыспақ, қолкүрес, күрес, гір көтеру, бағанаға шығу сайыстары бойынша сынға түсті. Үстіне ою-өрнекпен әспеттелеген көйлек, басына сәукеле киген бойжеткендер алтыбақан теуіп, балалар асық ойнады.

Бұдан бөлек Ұлыстың ұлы күніне орай алғаш рет «Қазанжаппай» фестивалі ұйымдастырылды. Дәмді нан пісіруге ондаған аналар мен келіншектер қатысып, оны дайындау жолын көрсетті. Шоққа піскен қазанжаппайдың дәмі тіптен ерекше. Фестивальге арнайы келген Бекарыстан би ауылының тұрғыны Марал Дәулетімет бұл нан туралы: «Қазақ елі көшпелі болғандықтан қонған жерінде қазанжаппай жауып, жайлауға немесе қыстауға жеткенше осылай күнелткен. Бұл тағам халық жадынан жырақтамасын деген оймен қыз-келіншектерге үйрету үшін осында келіп отырмын», – дейді абзал ана.

Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған концерт соңында аудан әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағанов аталған мерекені жоғары дәрежеде тойлауға атсалысқан бірқатар мекеме ұжымына алғыс жариялады. Сондай-ақ осы күні ұлттық дәстүрді дәріптеуге үлес қосқан тұрғындар марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
* * *
Берекелі бірлікті, ынтымақты тірлікті, жақсылықты, мейір-шапағатты, кең пейілді, көктемнің шуағын өзімен бірге ала келетін Наурыз мерекесін Қазалы қаласының тұр­ғындары сән-салтанатымен қарсы алды.

Таңертеңмен мерекеге жинал­ған жұртшылық күмбірлеген «Көңіл­ашар» күйіне елітіп, ұлттық киім киген тұрғындар бір-бірімен құшақ жая қауышып, мәре-сәре болды. Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев қала тұрғындарын құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

Биылғы той бұрынғыдан тым бөлек өтті. Түйе жетектеп, жылқы жалын тарта мінген жас жігіттер, керуеншілерге ілескен қыз-келіншектер орталық алаңға енгенде тұрғындар таңданыстарын жасыра алмады. Көшті бастап келе жатқан Ғанибай көпес пен бір топ сал-сері сахнаға бет алды. Қос ішекті домбыраны күмбірлете күй тартып, әуелете ән салған керуен көші қазақылықтың қаймағы бұзылмаған ауылдың тұрмыс-тіршілігін боямасыз бейнеледі. Заманында Қазалы жерінде сауда-саттықтың көркін қыздарған Ғанибай көпес Ұлыстың ұлы күні тұрғындарға тарту-таралғы жасап, тойдан тобықтай сый таратты. Осы орайда тарихтан сыр шертер көріністі ұйымдастыруда белсенділік танытқан Ғани Мұратбаев атындағы №17 мектеп ұжымы мен қала әкімдігі және жастардың еңбегін ерекше атап өткен орынды. Бұл күні ұлтымыздың ежелден келе жатқан әдет-ғұрыптары ұлықталды. Қаладағы мекеме ұжымдары түрлі салт-дәстүрді сахналап, ұрпаққа үлгі етті.
Мерекеде ақ шаңқан киіз үйлер алаңның ажарын айшықтады. Қаз-қатар тігілген үйлер Әйтеке би, Сырлыбай хан, Қарасақал Ерімбет, Жанқожа батыр, Ғани Мұратбаев ауылы аталды. Олардың іші ұлттық ою-өрнекті бұйымдармен безендіріліп, ұлттық тағамдар қойылған дастарқан жайылды. Барша жұрт Наурыз мерекесінің негізгі асы – наурыз көжеден дәм татты.


Ғани Мұратбаев ауылы аталған киіз үйде көп балалы аналар мен ардагер ұстаздарға құрмет көрсетілді. «Наурыз – ерекше мейрам. Жаңа жыл әр шаңыраққа шаттық пен қуаныш әкелсін. Еліміз тыныш болып, дастарқанымыздан дәм үзілмесін», – дейді ақ жаулықта аналар Бекзия Лекерова мен Ханшайым Өтегенова. Жүрегі әрдайым жылылыққа, жаны жақсылыққа, жүзі мейірімге толы аналар дастарқан басында өнегелі әңгімелерін айтып, батасын берді.

Тойды одан әрі тартымды ете түскен спорттық ойындар сайысы болды. Қол күрес, гір тасын көтеру, ләңгі тебу және тағы басқа бәсекелерде бақ сынаған білекті әрі епті жігіттерді қала әкімі Рахметулла Ізтілеу Алғыс хатпен марапаттап, қала кәсіпкерлерінің қаржылай сыйлығын тапсырды.


Дүбірлеген наурыз думан кешкілік мерекелік концертке ұласты.
* * *
Қазалы қаласындағы Ғани Мұратбаев атындағы №17 мектеп ұжымы мен оқушылары биылғы Нау­рыз мерекесін ерекше қарсы алды. Бір апта бойы ұлттық салт-дәстүрді насихаттау мақсатында 25 сыныпта 25 түрлі тәрбие сағаты мен мерекелік кеш өтті. Бұған білім ордасындағы барлық сынып атсалысты.

7 «ә» сыныбы «Ат тергеу» және 5 «ә» сыныбы «Төс қағыстыру» салттарын сахналады. Сынып жетекшілері Айгүл Мырзабаева мен Айнұр Талапбаеваның ұйымдастыруымен өткен мерекелік шарада оқушылар бар өнерін ортаға салды. Бірі әуелете ән шырқаса, енді бірі мың бұрала би биледі. Наурыз мерекесінің басты дәмі – Наурыз көжеден дәм татып, бір-біріне ізгі тілектерін арнады.


– Жыл сайынғы дәстүрге сай Наурыз мерекесін тойлауды көктем шығысымен қолға алдық. Бұған дейін әр сыныпты ауылдарға бөліп, Наурыз тойын тойлайтынбыз. Биыл қазақтың ұлттық салт-дәстүрінен көрініс көрсетуді тапсырған болатынбыз. Өзіңіз куә болғандай оқушылардың барлығы өнерлі, талантты. Балаларымыздың жан-жақты қабілетті болуына ұстаздардың қосар үлесі зор, – дейді мектеп директоры Эльмира Сматуллаева.
Ұ.ҰЗАҚБАЙ
* * *
Шат-шадыман шаттығымен келген көктемнің шуақты күні – Наурыз мерекесін Ақтан батыр ауылының тұрғындары да ерекше салтанатпен тойлады.

Ауыл орталығында тігілген ақшаңқан киіз үйлерде кең дастарқан жайылып, келушілер Наурыз көже мен бауырсақтан дәм татты. Киіз үйлерге осы ауылдан түлеп ұшып, уақытысында ауданның дамуына ерекше үлес қосқан Жұмағали Өтепбергенов, Әбуша Дінисламов, Ұзақ Оралбай, Әмитжан Өміртаевтың есімдері берілгені біздің көңілімізге қуаныш ұялатты. Мейірімін шашқан көктемнің бұл күнін көпшілік берекенің бастауы десіп, жақсылық нышанына балады.

Жер-дүниені жаңартып, көңіл­дерді желпіндірген Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесімен аудан әкімі Мұрат Ергешбаев құттықтап, әр шаңыраққа бақ дарысын деген ақ тілегін жеткізді.

Жаңа жылдың басталғандығын, көктемгі күн мен түннің теңесуін, қардың еріп, көктің шыға бастауын қуана қарсы алған ақтанбатырлық ағайындар Наурыз-думанда ұлттық құндылықтарды паш етіп, әдет-ғұрып жоралғыларын жасады, ынтымақ-жарастық тілесті. Әсем әннен шашу шашылып, күй төгілді.

Бұл күні ұлттық ойындар да ұмыт қалмады. Арқан тарту, гір көтеру, қол күресі, қазақша күрес сынды спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырылып, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды.

Ғасырлар қойнауынан тамыр тартып, ата-бабаларымыздың салт-дәстүрлерінен негіз алған Наурыз мейрамын Ақтан батыр ауылының тұрғындары осылай тойлады. Жасампаздық пен жаңғырудың белгісіндей болып келген осынау мейрам – береке мен бірлікті, адалдықты паш етіп, қазақ халқын шаттық пен қуанышқа кенелте бергей.
Ж.СОВЕТҰЛЫ
* * *
Бекарыстан би ауылындағы Наурыз мерекесі салтанатында “Нұр Отан” партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, аудандық мәслихат депутаты Қасқырбек Мəмбетжан, Майдакөл ауылдық округінің əкімі Ғалымжан Зинадинұлы, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Садуов құттықтау сөз сөйледі.

Шара көшеаралық сайысқа ұла­­сып, нəтижесінде бірінші орын М.Күзембаев, екінші орын Ү.Түк­тібаев, үшінші орын Ғ.Мұрат­баев көшесіне берілді.

Ерлі-зайыптылар арасындағы ар­қан тартысқа əр көше спортқа жақын деген жандарды қатыстырды. Қорытындысы бойынша бірінші орынды Ү.Түктібаев көшесі Əли­хан Əміржаевтың, екінші орынды А.Нұрпейісов көшесі Сабыр Құтпанбетовтің, үшінші орынды М.Күзембаев көшесі Талант Қызыл­шалының отбасы иеленді.

Сондай-ақ әр көшеден бір спортшы 50 келі салмақтағы құм толтырылған қапты иығына салып, отырып тұру арқылы сынға түсті 10 минут ішінде 127 рет көтерген Ү.Түктібаев көшесіндегі Қуаныш Жеткерген бірінші орын алса, Қ.Мəкенов, А.Нұрпейісов көшесінің тұрғындары Қуат Сартымбет, Бердібек Майданбай екінші, үшінші орынды өзара бөлісті. Əр көшеден аттарын ала келген спортшылар аударыспақ ұлттық спортын насихаттады. Сайыс қорытындысымен Рамазан Садуақас, Ерсұлтан Сабырұлы, Бейбарыс Əділбек жүлдегер атанды.

Сонымен қатар ұлттық киімді дəріптеген ұл-қыздар ақшалай сыйлықпен марапатталды. «Үздік стенд» жобасы бойынша өз көшелерінен суреттер арқылы мəлімет бергендер жеңімпаз деп танылды.

Ауыл ақсақалдары мен тұрғындар кең жайылған дастарқан басындағы наурыз көжеден дәм татты.
Бауыржан ІЗМАҒАНБЕТОВ
* * *
Аудандық орталық кітапханада «Нұрландырған елімді – әз Нау­рыз» атты наурыз-думан кеші өтті. Мерекелік шараға аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағ­дарламалар және азаматтық хал-актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Совет Бабанаев, аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының басшысы Мұратбек Тоқтамұратұлы, «Қазалы» газетінің бас редакторы Есет Табынбаев, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Нұржан Уәлиұлы қатысып, жылы лебізін білдірді.

Кітапхана қызметкерлері қазақ халқындағы ежелден келе жатқан «Бесікке салу» дәстүрін көрсетті. №266 мектеп-лицейдің оқушылары әннен шашу шашты. «Қош келдің, Әз-Наурыз!» атты тақырыптағы кітап көрмесі де кештің көркін аша түсті.


Мерекедегі дастарқан басында қазақтың ұлттық тағамдары орын алды. “Наурыз көжені тойып ішу керек, сонда жыл бойы тоқшылық болады!” деген сенім мен бақыттың, сәттіліктің, денсаулықтың, байлықтың символы болған жеті түрлі азықтан даярланған астан жиналғандар ауыз тиді.

«Ынтымағы жарасқан көп ұлтты елдiң бiрлiгiн Құдай ұзағынан сүйiндiргей. Әрбiр шаңыраққа Қыдыр дарып, бақ қонсын. Ұлыстың Ұлы күнi құтты болсын!», – деп аудандық орталық кітапхана директоры Индира Назарова көпшілікке ыстық ықыласын жеткізді.
Нұргүл ӘЖІҒҰЛОВА
* * *
Әйтеке би кенттік клубының мәжіліс залында «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Қазалы аудандық бастауыш ұйымы, «Қазалы» корпоративтік қоры және Әйтеке би кенттік клубының ұйымдастыруымен Ұлыстың Ұлы күні – Наурызды қарсы алуға арналған мерекелік іс-шара өткізілді.

Әлемдегі түркі тектес елдердің жер-ананың жіпсіп, жаңа күннің өзгеше түрге еніп көкке өрлей бастауын, ұйқыда жатқан тіршілік атаулының тамырына жан кіріп жаңа жылды қарсы алуға ықылас танытуы деп қабылданатын. Бұл мереке қоғамдық ұйым мүшелері үшін де ерекше көңіл-күйде өтті.

Қоғамдық бірлестіктің аудандық бастауыш ұйымының төрағасы Әлімжан Қияс, «Қазалы» корпоративтік қорының президенті Омар Қапаш, Қазалы аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдар­ламалар және хал актілерін тіркеу бөлімінің мүгедектермен жұмыс бөлімінің сектор меңгерушісі Өмірбек Кетебай жиналғандарға жылы лебізін білдірді. «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қасқырбек Мәмбетжан қоғам белсенділеріне Ал­ғыс хат тапсырды.

Мерекелік концерттен кейін бір топ мүмкіндігі шектеулі жандарға арнаулы сый-сияпат табыс етілді.
Ә.ӘЛКЕБАЙҰЛЫ


27 наурыз 2019 ж. 1 176 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031