Жігерлі жастар – жаңа леп
Қазалы ауданы жастарының рухани күш-жігерін арттыруға ықпал ете отырып, қоғамдағы орнын қалыптастыруға атсалысу мақсатында «Жастар Парламенті» қайта құрылды.
Осы орайда өткен жұмада аудан әкімдігінде «Жастар Парламенті» депутаттығына үміткер кандидаттарды қабылдау отырысы болып өтті. Бұл кандидаттар қатарына білім беру орындары, денсаулық саласы мен ауылдық округтерде еңбек ететін мамандар, жас спортшылар және ерікті жастар өкілдері көптеп тартылды.
Құрамында Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағанов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ғани Темірбаев, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының бірінші орынбасары Қасқырбек Мәмбетжан, аудандық мәслихат хатшысы Күнтілес Назымбеков, аудандық мәслихат депутаты Бауыржан Ізмағанбетов, ұйымдастыру және инспекторлық жұмыс бөлімінің бас инспекторы Дәурен Тілеумбетов бар сайлау комиссиясы алдында кандидаттар бағдарламаларын слайд түрінде қорғап шықты. Арнаулы комиссия мүшелерінің шешіміне сәйкес жастар парламентінің депутаттары болып 13 жас маман тағайындалды.
«ҚАЗАЛЫ» ақпарат