«Лайк пен донат үшін». TikTok-та боқтағандар мен пранк жасағандарға жаза күшейді
Ішкі істер министрлігі интернет пен әлеуметтік желілерде заңсыз контент таратқандарға қатысты бақылауды күшейтті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.comВедомствоның мәліметінше, «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында республика бойынша 20-дан астам стример әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Министрлік олардың көп қаралым, лайк пен донат жинау мақсатында тікелей эфирде балағат сөздер айтып, әдепсіз әрекеттер көрсеткенін, қауіпті пранктер ұйымдастырып, өзге азаматтарды қорлағанын атап өтті.
Кімдер жауапқа тартылды?
Шымкенттің 48 жастағы тұрғыны Ербол Дүйсенбаев TikTok-тағы тікелей эфир кезінде бейәдеп сөздер қолданғаны үшін сот шешімімен 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Талдықорған тұрғыны Гүлмира Қасенова да TikTok-та қоғамдық тәртіпті бұзып, балағат сөздер айтқаны үшін жауапқа тартылды. Бұған дейін де осындай құқық бұзушылық жасағандықтан, бұл жолы оған әкімшілік айыппұл салынды.
Павлодардың 26 жастағы тұрғыны Аслан Амантаев көлік жүргізіп келе жатып тікелей эфирге шығып, балағат сөздер айтып, қауіпсіздік белдігін тақпаған. Сот оны 20 тәулікке әкімшілік қамауға алды.
Ал Түркістанда «bayan_kyz», «fatima.sh0000» және «fatima_s003» аккаунттарымен танымал Баян Шанкеева тікелей эфирлердегі бейәдеп сөздері мен агрессивті мінез-құлқы үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл алды.
ІІМ қандай ескерту жасады?
Ішкі істер министрлігі цифрлық кеңістікті заңсыз контенттен тазарту жұмыстары жалғасатынын мәлімдеді.
Ведомство интернетте де заң талаптары бірдей қолданылатынын еске салып, қоғамдық тәртіпті бұзатын кез келген әрекет құқықтық тұрғыдан бағаланып, кінәлілер жауапкершілікке тартылатынын атап өтті.











