Қазақстанда қандай депозиттер ең тиімді?
Шілдеде қазақстандық банктер тағы да депозиттер бойынша мөлшерлемелерді қайта қарады, алайда бұл процесс өткен айдағыдай белсенді болған жоқ. Бұл туралы Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) жариялады, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Қордағылар банктер депозит мөлшерлемелерін өз бетінше айқындайтынын еске салды. Олардың шешіміне Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі, нарықтағы жағдай және қаражат тарту құны әсер етеді.
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені маусымда 18 пайыздан 17 пайызға дейін, кейін шілдеде 16,75 пайызға дейін екі рет төмендеткеннен кейін, банктер салымдардың табыстылығын біртіндеп азайта бастады. Егер маусымда 10 банк шарттарды қайта қараса, шілдеде олардың саны төртеу ғана болды.
Өзгерістер жинақ депозиттеріне көбірек әсер етті. Кейбір банктер үш және алты айлық қысқа мерзімді салымдар бойынша мөлшерлемелерді төмендетті. Бұл ретте мерзімсіз депозиттер бойынша айтарлықтай өзгеріс болған жоқ – барлық дерлік банк бұрынғы шарттарды сақтап қалды.
ҚДКБҚ тамызда жекелеген банктер мөлшерлемелерді нүктелі түрде түзетуді жалғастырады деп болжайды. Дегенмен, маусымдағыдай жаппай қайта қарау бола қоюы екіталай. Алдағы жағдай Ұлттық банктің 4 қыркүйекке жоспарланған базалық мөлшерлеме бойынша келесі шешіміне байланысты болады.
Қазіргі уақытта қандай депозиттер ең тиімді?
Ең жоғары табыстылықты әлі де жинақ депозиттері ұсынады.
Жинақ депозиттері - жылдық 20,5 пайызға дейін.
Толықтыру құқығы бар мерзімді депозиттер - жылдық 20 пайызға дейін.
Мерзімсіз депозиттердің табыстылығы төменірек, бірақ олар ақшаны еркін пайдалануға мүмкіндік береді.
ҚДКБҚ жоғары мөлшерлеме әдетте қатаң шарттарды білдіретінін еске салды. Мәселен, жинақ депозитінен ақшаны ішінара алуға болмайды: шарт мерзімінен бұрын бұзылған жағдайда салымшы есептелген сыйақысынан айырылады, ал ақша 30 күннен кейін беріледі.
Сондай-ақ қор салым таңдау кезінде пайыздық мөлшерлемеге ғана емес, толықтыру шарттарына, қаражатты мерзімінен бұрын алу мүмкіндігіне және кепілдік мөлшеріне назар аударуды ұсынады.
ҚДКБҚ кепілдігінің ең жоғары сомасы:
20 миллион теңгеге дейін - ұлттық валютадағы жинақ салымдары бойынша;
10 миллион теңгеге дейін - ұлттық валютадағы басқа депозиттер бойынша;
5 миллион теңгеге дейін - шетел валютасындағы депозиттер бойынша.
Еске сала кетейік, 24 шілдеде Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені +/-1 п.т. дәлізімен жылдық 17 пайыздан 16,75 пайызға дейін төмендетті.
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені инфляцияның бәсеңдеуі аясында төмендеткенін түсіндірді. Реттеушінің мәліметінше, Қазақстанда бағаның өсу қарқыны тоғызыншы ай қатарынан төмендеп келеді, ал экономика болжамдарға сәйкес дамып жатыр. Бұл ретте Ұлттық банк инфляцияны бақылауда ұстау үшін ақша-кредит саясаты қалыпты қатаң деңгейде қалатынын атап өтті.














