«Әділет» партиясы «Біздің қала» жобасын асыруда
«Әділет» партиясы көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару сапасын арттыру, тұрғындардың өзекті мәселелерін анықтап, олардың шешілуіне ықпал ету және тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру мақсатында «Біздің қала» жобасын жүзеге асыруда.Бүгін аталған жоба аясында «Әділет» партиясы Қазалы аудандық филиалының төрағасы Нұрғиса Жалғасбаев тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына жауапты мекеме өкілдерімен бірлесіп, Әйтеке би кентіндегі көппәтерлі тұрғын үйлерге партиялық мониторинг жүргізді.
Мониторинг барысында тұрғын үйлерге жылу берілу жағдайы және В.Счастнов пен Желтоқсан көшелеріндегі көпқабатты үйлердің аулаларында аяқталған абаттандыру жұмыстарының сапасы қаралды.
Қазіргі таңда аудан бойынша 103 көппәтерлі тұрғын үй бар. Аталған үйлердің 80-і орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған болса, қалған 23 үй жеке газ қазандықтары және қатты отын арқылы жылытылады.
Жылыту маусымына дайындық барысында «Қазалы-Теміржолжылу» мекемесі мен жұмысшы штаб тарапынан тұрғындармен кездесулер өткізіліп, ішкі жылу желілерін тазалау, құбырлар мен радиаторлардың жарамдылығын тексеру және анықталған ақауларды жою бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Бүгінде көппәтерлі тұрғын үйлерге жылу беріліп, жылыту маусымы қалыпты жағдайда өтуде.
Сонымен қатар, бұған дейін тұрғындар тарапынан көтерілген жауын-шашынды күндері аулалардың батпаққа айналуы және автокөліктердің көбеюіне байланысты жүріп-тұрудың қиындауы мәселелерін шешу мақсатында жүргізілген абаттандыру жұмыстары толық аяқталған.
Атап айтқанда, көпқабатты тұрғын үйлердің аула аумақтарына асфальт төселіп, бордюр орнатылған. Сондай-ақ балалар ойын алаңдарының жиектеріне брусчатка төселген. Нәтижесінде тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасалып, автокөліктердің, оның ішінде арнайы қызмет көліктерінің кедергісіз қозғалуына мүмкіндік қалыптастырылған.
Мониторинг қорытындысында партия филиалының төрағасы Нұрғиса Жалғасбаев жылыту маусымында тұрғын үйлерге жылудың тұрақты әрі сапалы берілуін қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ «Біздің қала» жобасы аясында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы мәселелер мен тұрғындардың ұсыныс-тілектері партия филиалының тұрақты бақылауында болатынын жеткізді.
#қазақстан #әділет #әділетпартиясы #ӘділеттіҚазақстан #партияадилет














