Ұлттық банк жыл соңына дейін базалық мөлшерлемені төмендетуі мүмкін

Ulysmedia коллажы
Ұлттық банк маусым айынан бастап базалық мөлшерлемені төмендете бастады. Алайда әзірше қарыз алушылар үшін айтарлықтай жеңілдік байқалмайды. Инфляция базалық мөлшерлемеге қарағанда жылдамырақ төмендегендіктен, Қазақстандағы ақша-кредит шарттары тіпті қатаңдай түскен. Бұл туралы Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығының Талдау орталығының шолуында айтылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Шарттар қатаңдай түсті
Жыл басында базалық мөлшерлеме 18% болса, қыркүйек айының соңына қарай 16,25%-ға дейін төмендеді. Осы кезеңде жылдық инфляция одан да қарқынды түсіп, 12,3%-дан 9,3%-ға дейін азайды.
Осының нәтижесінде нақты мөлшерлеме, яғни базалық мөлшерлемеден инфляция деңгейін шегергендегі көрсеткіш, 5,7%-дан 6,95%-ға дейін өсті.
Қаржыгерлер қауымдастығының бағалауынша, бұл Ұлттық банктің саясаты сұраныс пен несие беруді әлі де айтарлықтай тежеп отырғанын білдіреді.
Банктер де базалық мөлшерлеменің төмендеуін клиенттерге толық көлемде беруге асықпай отыр. Жыл басынан бері бизнеске берілетін кредиттердің мөлшерлемесі шамамен 0,5 пайыздық тармаққа төмендесе, компаниялардың депозиттері бойынша мөлшерлеме 1,1 пайыздық тармаққа азайған. Халық үшін өзгеріс одан да аз байқалады.
Ұлттық банк мөлшерлемені тағы төмендетуі мүмкін
Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығы инфляцияның баяулауы Ұлттық банкке жыл соңына дейін өтетін қалған екі отырыста базалық мөлшерлемені одан әрі төмендетуге мүмкіндік береді деп есептейді.
Мөлшерлемені төмендету қадамы шағын болуы мүмкін — 0,25-0,50 пайыздық тармақ шамасында.
Базалық мөлшерлемені жылдамырақ төмендетуге инфляциялық күтулердің жоғары болуы, бюджет шығыстарының өсуі, тарифтік реформа және сыртқы нарықтағы баға тәуекелдері кедергі келтіреді.
Ұлттық банк мөлшерлемені төмендетуді жалғастырған күннің өзінде, бизнес пен халыққа берілетін кредиттер бірден арзандамауы мүмкін. Себебі банк мөлшерлемелері реттеушінің шешімдеріне бірден жауап бермейді.










