Газбен жүретін авто: Қазақстанда қызмет көрсету орталықтарына талап күшейеді
Фото: ©Pixabay.comОсыдан біраз күн бұрын мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдинов Қазақстанда автокөліктерді газға көшіруге мүлде тыйым салу қажет екенін мәлімдеді. Ол өз Telegram-арнасында газ қондырғыларының бензинге қарағанда әлдеқайда қауіпті екенін жазды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Осы орайда Tengri Auto министрліктерден көліктерге газ-баллон жабдығын орнату ережелері қаншалықты өзгеретінін анықтаған.
Техникалық тексеріс өзгермейді
Көлік министрлігінің ресми жауабында бүгінде жасы 7 жылдан асқан М1 санатындағы барлық көлікке жыл сайын міндетті техникалық байқау жүргізілетіні айтылды. Сондай-ақ барлық жүк көліктері де жыл сайын техникалық тексерістен өтеді. Бұл кезде баллондардың бүтіндігі, газдың құбыр бойымен шығуы және қосылыстардың беріктігі тексеріледі.
Мәселе қаралуда
Энергетика министрлігі уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, газ-баллон жабдығын орнату мен пайдалануға қатысты экологиялық және техникалық талаптарды күшейту мәселесін пысықтап жатқанын жеткізді.
Газ-баллон жабдықтарын және оны орнататын қызмет көрсету орталықтарын міндетті түрде сертификаттауды енгізу шаралары қарастырылып жатыр, – деді ведомство.
Ережелер қатаңдайды
Сонымен қатар министрліктің баспасөз қызметі газ-баллон жабдығын орнату ісіне бақылауды күшейту жоспарланып отырғанын қосты.
Атап айтқанда, тиісті лицензиясы мен сертификаты жоқ жеке сервис пен шеберханалардың қызметіне бақылау күшейтіледі. Бұл сапасыз жабдық орнатудан туындайтын қауіптердің, апаттар мен жарылыстардың алдын алу үшін қажет, – делінген хабарламада.
Газ-баллон жабдығын орнатудың қаупі
Министрлік газдың бензин мен дизельге қарағанда экологиялық тұрғыда таза жанармай екенін еске салды. Алайда техникалық талаптар сақталмаған жағдайда, оның қауіпсіздік тұрғысынан тәуекелдерге әкелетінін атап өтті.
Сондықтан газбен жүретін көліктер нарығының дамуы жабдық сапасына, орнату жұмыстарына және экологиялық нормаларды сақтауға қойылатын талаптардың күшеюімен қатар жүреді, – деді министрлік өкілдері.
Ал Байділдиновтің сөзінше, газ-баллон жабдығын орнатқанымен, оны ресми тіркемей жүретіндер де көп.
Бүгінде елімізде ресми түрде газ-баллон жабдығын орнатқан 700 мың автокөлік бар. тағы кем дегенде 100 мың көлік тіркеусіз жүр, себебі заңды айналып өту 30-50 мыңға арзан түседі, - деді ол.














