Қазақстанда ереже бұзған жаяу жүргіншілерді қатаңырақ жазалау ұсынылды
Премьер-министр Олжас Бектенов жолды белгіленбеген жерден кесіп өтетін жаяу жүргіншілердің жауапкершілігін қатаңдатуға шақырды. Бұл туралы ол үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Tengri Auto.
"Жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын оқиғаларға жеке тоқталғым келеді. Мұндай жағдайлардың басым көпшілігіне жаяу жүргіншілердің өздері кінәлі. Жолды белгіленбеген жерден кесіп өтетін адамдардың жауапкершілігін қатаңдату қажет", - деді Бектенов.
Сонымен қатар премьер реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелдеріндегі апаттарға жиі жағдайда жүргізушілер кінәлі болатынын атап өтті.
"Әкімдіктерге жаяу жүргіншілер өткелдеріне бейнетіркеу жүйелерін орнату ауқымын кеңейтуді тапсырамын. Сондай-ақ әсіресе оқу орындарының жанына кері санақ таблосы бар заманауи бағдаршамдар орнату қажет", - деді Үкімет басшысы.
Ішкі істер министрлігіне көшелердің апатқа қарсы дизайны элементтерін енгізудің халықаралық тәжірибесін зерттеу де тапсырылды.
Бұған дейін үкімет отырысында ішкі істер министрі Ержан Сәденов барлық жол-көлік оқиғасының 80 пайызы және өліммен аяқталған жағдайлардың үштен бірі елді мекендерде болатынын хабарлаған еді. Ол негізгі мәселелер ретінде жаяу жүргіншілер өткелдерінің, жарықтандырудың және тротуарлардың жоқтығын атап өтті.











