Қазалыда «Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы жұмыстар жалғасын тапты
Қазалы ауданында «Таза Қазақстан – таза өлке, таза болашақ» атты «Әділет» партиясының партиялық экологиялық марафоны аясында сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды. Шара барысында аудан көлемінде санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, көшелер мен қоғамдық орындар ретке келтірілді. Арамшөптер шабылып, жиналған күл-қоқыстар шығарылып, елді мекен аумағы тазартылды.
Тазалық жұмыстарына «Әділет» партиясының мүшелері, мекеме және кәсіпорын қызметкерлері, жастар, еріктілер және аудан тұрғындары белсенді қатысты. Сонымен қатар, Әйтеке би кентіндегі Мәдени демалыс кешені аумағында да сенбілік жұмыстары қарқынды жүргізіліп, айналаны тазалау, арамшөптерді шабу, қоқыстарды жинау және аумақты ретке келтіру жұмыстары атқарылды.
Экологиялық марафонның басты мақсаты – қоршаған ортаның тазалығын сақтау, тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру және туған жерге деген жанашырлықты қалыптастыру. «Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы тазалық жұмыстары Қазалы ауданында жалғасын табуда.
#қазақстан #әділет #әділетпартиясы #ӘділеттіҚазақстан #партияадилет














