Қазақстан мен Тәжікстан президенттері БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді

Фото: Ақорда
Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқанына тоқталып, стратегиялық серіктестік пен одақтастық рухындағы қазақ-тәжік қарым-қатынасының дамуына Эмомали Рахмонның қосқан үлесін айрықша атап өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап.
– Бүгінгі сапардың символдық мәні терең, өйткені екі ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына тұспа-тұс келіп отыр. Егемен ел болғалы Қазақстан да, Тәжікстан да табысқа толы үлкен жолды еңсерді. Тәжікстан Сіздің беделді басшылығыңызбен мемлекеттілік тұғырын нығайтуда, әлеуметтік-экономикалық дамуда орасан жетістіктерге қол жеткізді, халықаралық аренада абыройын арттырды. Сіздің еліңіз Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Бүгінгі Тәжікстанның барлық табысын Сіздің есіміңізбен және халықтың қолдауына арқа сүйеген парасатты әрі жасампаз саясатыңызбен байланыстырады. Қазақстан қазіргідей геосаяси ахуал күрделі кезеңде күшті әрі өркендеген мемлекет құруды көздейтін стратегиялық бағдарыңызға зор құрметпен қарайды, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Тәжікстан арасында қандай да бір шешілмеген немесе түйіні тарқамайтын мәселе жоқ екеніне, керісінше өзара ынтымақтастық ілгерілеп келе жатқанына назар аударды.
Сондай-ақ Тәжікстанның ұлттық көшбасшысы Эмомали Рахмонға жуырда ғана тағайындалған Qoja Ahmet Yasaui орденін табыстағанын айтты.
– Тәжікстан Президентінің білім, ғылым, мәдениет салаларына және халықаралық қоғамдастыққа сіңірген елеулі еңбегіне құрмет ретінде берілген бұл марапаттың мәні айрықша. Қожа Ахмет Ясауи – өңірімізге білімпаздық, гуманизм және өркендеу қағидаттарын ту еткен ілімді таратқан жаһандық ауқымдағы тұлға. Біздің қазіргі болмыс-бітіміміздің қалыптасуына Қожа Ахмет Ясауидің де үлесі бар. Оның ілімі қазақ халқының діліне, этникалық түп-тамырына және дүниетанымының дамуына ықпал етті. Сондықтан мен бүкіл ел көлемінде жоғары сыныптардан бастап университеттерде, әскер қатарында, құқық қорғау органдарында және басқа да мекемелерде Ясауи ұлағатының мән-мағынасын түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырдым. Бұл уақытша науқан емес, ауқымды идеологиялық жұмыс. Әңгіме соқыр сенім, көзсіз пір тұту туралы емес, керісінше, ұлы ойшыл, ғұлама Қожа Ахмет Ясауидің ғылыми, әдеби, философиялық мұрасын терең түйсінуде болып отыр. Сондықтан аталған жоғары награданы тағайындадым. Дәл осы себепті оны бүгінгі құрметті қонағымыз Эмомали Шарипович Рахмонға табыстадым, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президентінің айтуынша, бүгінгі келіссөздер жемісті өтіп, қос тарап сан қырлы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін мәлімдеді.
– Біз сенім мен өзара құрмет сипатында өрбіген әңгіме барысында көптеген мәселені талқылап, мемлекетаралық ықпалдастықтың негізгі басымдықтарын айқындадық. Ең алдымен, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге мән берілді. Бірлескен күш-жігердің арқасында екіжақты тауар айналымы 2 миллиард долларлық межеге таяп қалды. Нәтижесінде Қазақстан Тәжікстанның сыртқы сауда серіктестерінің үштігіне енеді. Қадірлі Эмомали Шариповичпен өзара алыс-берісті жандандыратын қажетті шаралар қабылдауға келістік. Бүгін осы мақсатқа жетуді көздейтін 2030 жылға дейін тауар айналымын ұлғайту жөніндегі жол картасы қабылданды. Екі ел үкіметтеріне аталған міндетті сапалы орындау жүктелді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пікірінше, аграрлық секторда мүмкіндік мол.
Өткен жылы екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жеткізілімі 11 пайызға өсіп, шамамен 600 миллион долларды құраған. Бұл – бүкіл тауар айналымының тең жартысы.
Келіссөз қорытындысы бойынша мемлекеттердің бір-біріне жеткізетін азық-түлік тауарларының көлемін ұлғайтуға дайын екені айтылды.
Бұл саладағы ынтымақтастықты ілгерілету үшін ауыл шаруашылығы өнімін өңдейтін толыққанды өндіріс тізбегін құру мүмкіндігі талқыланды.
Мемлекет басшысы экономикалық өсімге тың серпін беретін бірлескен жобаларды іске асыруды маңызды міндет ретінде атады.
Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика, мұнай-газ, тау-кен металлургиясы, өңдеу өнеркәсібі секторларындағы өзара тиімді серіктестіктің келешегі зор деп санайды.
Бұл ретте сапар қарсаңында өткен Қазақ-тәжік бизнес форумы екі ел кәсіпкерлерінің көптеген бағытта байланысты жолға қоюға мүдделі екенін растады.
Еске салсақ, Қазақстан мен Тәжікстан арасында 14 үкіметаралық және ведомствоаралық құжатқа қол қойылды.














