Қазақстан Тәжікстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелікке кандидатурасын қолдайды

Фото: Ақорда
Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2028-2029 жылдардағы тұрақты емес мүшесіне үміткер ретінде Тәжікстанның кандидатурасын қолдайды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Президент мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту шараларына арнайы тоқталды.
– Тұрақты түрде өткізіліп тұратын Мәдениет күндері, шығармашыл зиялы қауым өкілдері арасындағы белсенді диалог, көрнекті тұлғаларға ескерткіш ашу – мұның бәрі азаматтарымыздың қызығушылығын тудыратын дүниелер. Сондай-ақ біз білім саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделіміз. Қазақстан аймақ елдері ішінде Тәжікстан студенттеріне ең көп білім грантын береді. Жыл сайын 100 орын бөлінеді. Тәжік әскерилерін Қазақстанның оқу орындарында оқытуды жалғастыруға дайынбыз. Бұл жұмысты жүйелі әрі ұзақмерзімді негізде жүргізу үшін әскери кадрларды даярлау саласындағы үкіметаралық келісімге қол қойылды, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, екі елдің өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша ұстанымы бір екенін айтты. Қазақстан мен Тәжікстан көпжақты алаңдарда ортақ мүддені бірлесе ілгерілетуге әзір.
– Келіссөз барысында Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне ерекше ден қойдық. Өңірдің орнықты дамуы – бауырлас халықтардың түпкілікті мүддесіне сай келетін ортақ мақсат. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2028-2029 жылдардағы тұрақты емес мүшесіне үміткер ретінде Тәжікстанның ұсынылуын қуана қабыл алды. Біз Тәжікстанның кандидатурасын қолдаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тәжікстан Президенті құшақ жая қарсы алып, қонақжайлық танытқаны, сондай-ақ жоғары мемлекеттік награда – Qoja Ahmet Yasaui орденіне лайық көргені үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтты.
– Тәжік-қазақ қарым-қатынасын өркендетуге қосқан аздаған үлесіме берілген осы жоғары баға менің ғана емес, халқымның еңбегіне көрсетілген сый-құрмет деп санаймын. Бауырлас Қазақстанға әр сапарым жарқын сәттерімен есте қалады. Достас қазақ елінің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы елеулі табыстары және халықаралық аренада абырой-беделінің асқақтауы қуантады. Біз өркендеу мен гүлдену жолындағы Қазақстанның үйлесімді дамуына негіз қалайтын кейінгі жылдардағы реформаларды жоғары бағалаймыз. Бүгінгі келіссөз конструктивті саяси диалог, өзара сенім мен түсіністік сипатында өрбіді. Екіжақты күн тәртібіндегі көптеген мәселені егжей-тегжейлі талқыладық. Келіссөз қорытындысы бойынша қабылданған бірлескен мәлімдеме ынтымақтастығымызды одан әрі дамытудың басты бағыттарын айқындады, – деді Эмомали Рахмон.














