Қате енгізілген 24 дерек инвесторды миллиондаған теңге субсидиядан қаға жаздады
Қостанай облысының Қарабалық ауданында ветеринарлық ақпараттық жүйеге қате енгізілген мәліметтер инвестордың 9,3 миллион теңге мемлекеттік субсидия алуына кедергі болған. Мәселені прокуратура араласқаннан кейін ғана шешу мүмкін болды.

Инвестор Ресейден тауарлы-сүт фермасын құру жобасы аясында 401 асыл тұқымды ірі қара сатып алған. Алайда ветеринарлық қызмет 24 малды тіркеу кезінде олардың туған күндерін қате көрсеткен.
— Салдарынан ақпараттық жүйедегі деректер асыл тұқымды малдың куәліктеріндегі мәліметтермен сәйкес келмей қалған. Бұл айырмашылық инвестордың 9,3 миллион теңге көлеміндегі мемлекеттік субсидияға өтініш беруіне кедергі келтірді, — делінген хабарламада.
Прокуратура тексеру барысында қателікке жол берген лауазымды тұлғаның кінәсін анықтап, оны тәртіптік жауапкершілікке тартқан. Сонымен қатар инвесторға сотқа жүгіну бойынша құқықтық көмек көрсетілген.
Бітістіру келісімі бекітілгеннен кейін ветеринарлық станция ақпараттық жүйедегі қате мәліметтерді түзетті. Осыдан соң инвестор субсидия алуға қайта өтініш берген.
Осылайша, прокуратураның араласуынан кейін әкімшілік кедергі жойылып, инвестордың бұзылған құқығы қалпына келтірілді.
Еске салайық, бұған дейін Қарағандыда инвесторларға негізсіз қаржылық санкциялар қолданылғанын жазғанбыз.










