«Әділет» партиясының жастары ел бойынша 200-ге жуық қартқа көмек көрсетті
«Әділет» партиясының Жастар қанаты 7 қыркүйектен бастап еліміздің барлық өңірінде «Ардагерлерді ардақтайық» акциясын өткізіп жатыр. Волонтерлер ардагерлер мен жалғыз тұратын қарттарға күнделікті тұрмыста көмек көрсетеді.Акцияға Жастар қанатының 100-ден астам белсендісі қосылды. Бүгінге дейін еліміздің барлық өңіріндегі 200-ге жуық қартқа көмек көрсетілді.
Еріктілер ардагерлер мен жалғыз тұратын зейнеткерлердің үйлеріне барып, үй шаруасына көмектеседі, үйі мен ауласын жинастырады, азық-түлік және қажетті заттарды жеткізеді. Көмек тұрмыстық мәселелермен ғана шектелмейді. Жастар аға буын өкілдерімен әңгімелесіп, олардың өмір жолы туралы естеліктерін тыңдап, тәжірибесінен тағылым алады. Жастар қанаты жетекшісінің орынбасары Ержан Хамитовтың айтуынша, акция бір реттік іс-шара ретінде емес, дәстүрлі түрде жүргізілетін жұмыс ретінде қолға алынған.
«Біз аға буынға қолдау көрсетуді жастар арасында жақсы дәстүрге айналдырғымыз келеді. Мұндай кездесулер күнделікті тұрмыста көмек көрсетіп қана қоймай, ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтуға, үлкендердің өмір жолы туралы әңгімелерін тыңдап, тәжірибесінен үлгі алуға мүмкіндік береді», - деді ол.

Волонтерлер барып, көмек көрсеткен жандардың бірі – қарағандылық ардагер Владимир Мамин. Ол аға буын өкілдері үшін тұрмыстық көмекпен қатар жастардың назары мен ықыласы да маңызды екенін айтады.
«Кейде бізге көп нәрсе де керек емес. Жылы сөз бен шынайы ықыластың өзі жеткілікті. Жастар келіп, жағдайымызды сұрап, көмектессе, біз үшін оның маңызы зор», - деді Владимир Мамин.
«Ардагерлерді ардақтайық» акциясы еліміздің барлық өңірінде жалғасады. Партия мұндай кездесулерді тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отыр.














