“Өзі жазылып кетеді“: қазақстандықтар неге дәрігерге бармайды?

Фото:depositphotos.com
Қазақстанда медициналық көмекке жүгінбей, өз бетінше емделетін азаматтардың үлесі артты. Олардың арасында клиникалардағы кезек пен "өзі жазылып кетеді" деген сенім басты себеп ретінде аталады, - деп хабарлайды TengriHealth тілшісі Ranking.kz-ке сілтеме жасап.
Қазақстандықтар неге дәрігерге бармайды?
Аналитиктер Ұлттық статистика бюросының жыл сайын шамамен 12 мың адам қатысатын зерттеу мәліметтеріне сүйенеді. Былтырғы сауалнама қорытындысы бойынша, респонденттердің 13 пайызы түрлі себептермен денсаулық сақтау қызметтерін пайдалана алмаған.Осы топтың 45,5 пайызы өз бетінше емделгенін мойындады. 2021 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 5,5 пайызға өскен.
Сауалнамаға қатысқандардың тағы 14,5 пайызы "ауру өздігінен жазылады" деген оймен дәрігерге бармайтынын мәлімдеді. Төрт жыл ішінде мұндай жауаптардың үлесі 6,9 пайыздық тармаққа артты.
Медициналық көмекке жүгінуден бас тарту себептері ретінде респонденттер мыналарды да атады:
- ауруханалардағы ұзын-сонар кезек - 29,3 пайыз (төрт жылда 10,5 пайыздық тармаққа өскен);
- қажетті маманның болмауы - шамамен 25 пайыз;
- дәрі-дәрмектің қымбаттығы - шамамен 23 пайыз;
- ақылы медициналық қызметтердің қымбаттығы - шамамен 20 пайыз.











