Елімізде дуа қайтарамын деп сан соқтырып кететін алаяқтар көбейген
Фото: pexels.comЕлімізде "дуа қайтарамын" деп алдайтын алаяқтар пайда болды. Олар балаңызға қауіп төніп тұр, жолын ашу керек деп ақша сұрайды. Қаражатты алып, ізім-ғайым жоғалады. Өзін балгер немесе көріпкел ретінде таныстыратын айла-керлерге сан соғып қалған тұрғындар да бар. Полицияның айтуынша, мұндай хабарламалар әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы таралады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Өзін емші ретінде таныстырған адам әлеуметтік желі арқылы семейлік әйелмен байланысып, баласын "емдеп беруге" уәде еткен. Осыған сенген тұрғын үш күн бойы оның есепшотына жалпы сомасы 134 мың теңге ақша аударыпты. Алайда қаражатты алған соң күдікті байланысын үзіп, келіншекті бұғаттап тастаған. Алданғанын түсінген жәбірленуші полицияға жүгініпті. Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде күдікті табылып, қылмыстық іс қозғалған.
“Полиция ескертеді. Бөгде адамдарға ақша аудармаңыздар, жеке және банктік мәліметтеріңізді хабарламаңыздар, күмәнді жағдайға тап болсаңыз, дәлелдерді сақтап, дереу 102 нөміріне хабарласыңыздар”, – Абай облысы полиция департаментінің аға инспекторы Лунара Мұқанова.
Ішкі Істер министрлігінің өкілдері әлеуметтік желідегі балгерлер мен көріпкелдерді қатаң бақылауға алған. Әсіресе, тик-токта оқырмандардан ақша алып, өмірін болжайтындар, қарғысты қайтарамын деп сендіретіндер аз емес. Сондықтан тәртіп сақшылары бейтаныс адамдардың сөзіне бірден сенбей, алдымен ақпаратты тексеруге кеңес береді.
Күмәнді хабарламалар мен хат алмасуды өшірмей, ақша аударылған жағдайда төлем түбіртектерін де сақтаған жөн.











