Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлеуеті артқан ауыл

Әлеуеті артқан ауыл

«Жанымның мәңгі болып құмары,
Бірлігі елдің берік тұр әлі.
Қалада қанша сауық құрғанмен,
Ауылға кеткім келіп тұрады».
Ауыл десе, көңілге бала күннің балғын естелігі, дәмі үзілмеген дастарқан оралады. Ауылдың таза ауасын, қарапайым да қазыналы тіршілігін сағынбайтын жан бар ма?! Қаладағы қарбаластан бір сәт алыстап, ауылдың қоңыр тіршілігіне куә болу үшін біз де Бірлік ауылына ат басын бұрдық. Елді мекеннің атауына заты сай. Қашанда ынтымағы мен ауызбіршілігін айнымас ұстаным еткен ауылдың бүгінгі тынысы да көңіл қуантады.
Бүгінде Бірлік ауылдық округінде 172 шаңырақ түтін түтетіп отыр. Елді мекендегі 749 тұрғынның 395-і – экономикалық белсенді халық. Оның ішінде 159-ы – жастар. Ал 182 адам өзін-өзі жұмыспен қамтып, еңбек етіп жүр. Қазіргі таңда жұмыссыздар саны – 15. Ауылдың әлеуметтік ахуалын осы көрсеткіштерден де бағамдауға болады.
Қазір ауыл тізгінін Бауыржан Аман ұстап отыр. Әкімдік қызметіне кіріскеніне төрт айға жуықтаған басшы жыл басынан бері атқарылған шаруалар мен қолға алынған бастамаларды айтып берді. Сөзінен ауыл өміріне қатысты бірқатар мәселенің кезең-кезеңімен шешімін тауып келе жатқанын аңғардық. Оның айтуынша, ауылдық округ әкімдігі аппаратының жарты жылдық бюджетіне 45 166,0 мың теңге қаралып, қаржы толық көлемде игерілген.
– Қаражаттың бір бөлігі ауылдың сыртқы көркі мен тұрғындардың жайлы өміріне қажетті жұмыстарға бағытталды. Соның бірі – көшелерді жарықтандыру. Ауыл ішіндегі көше жарықшамдарын күтіп ұстауға 1 039,0 мың теңге қаралып, тиісті жұмыстар атқарылды. Кешкілік ауыл көшелерінің жарық болуы – тұрғындардың қауіпсіздігі мен жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасаудың бір тетігі. Осы бағытқа бөлінген қаржы да толықтай, яғни 100 пайыз игерілді, – дейді ол.
Ауылдың ажары алдымен тазалығынан көрінеді. Осыны ескерген округте санитарлық тазалыққа да ден қойылған. Елді мекендердің тазалығын қамтамасыз етуге 354,0 мың теңге бөлініп, ауыл ішін ретке келтіру, тазалау жұмыстары жүргізілді. Көшені көркейтіп, айналаны жасыл желекке бөлеу де назардан тыс қалмаған. Абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарына 639,0 мың теңге бөлініп, тиісті шаруалар атқарылды. Ал ауылішілік жолдардың жағдайы – күнделікті тіршілікке тікелей әсер ететін мәселе. Осы бағытта асфальт жабындысын ағымдағы жөндеуге 898,0 мың теңге бөлініп, қажетті жұмыстар орындалды.
Мамандардың мәліметіне сүйенсек, биылғы жылдың алғашқы алты айында салық түсімдері бойынша көрсеткіш көңіл көншітерлік. Жоспар бойынша ауыл тұрғындарынан 2 815,0 мың теңге көлемінде салық жиналуы тиіс болса, нақты түсім 4 020,5 мың теңгеге жеткен. Яғни межеленген жоспар 142 пайызға орындалып, қазынаға жоспардан артық қаржы түскен. Оның ішінде жеке табыс салығынан – 3 427,5 мың теңге, мүлік пен жер салығынан – 123 мың теңге, көлік салығынан – 461,4 мың теңге, ал жарнама орналастырғаны үшін 8,6 мың теңге түскен.
Округ бойынша бүгінде 45 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Жыл басынан бергі алты айдың өзінде тағы 2 кәсіпкер өз ісін бастап, кәсіпкерлік қатарын толықтырған. Нәтижесінде кәсіпкерлік субъектілерінің белсенділік көрсеткіші 97,8 пайызды құрап отыр.
Кәсіп бастаймын деген азаматтарға мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаудың да өз септігі бар. Соның бірі – ауыл тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы. Бағдарлама ауылдағы ағайынға қолжетімді несие алып, өз ісін бастауға мүмкіндік беріп келеді.
Мәселен, 2023 жылдың желтоқсан айында жеке кәсіпкер Тілеуқабыл Алтынбек аталған жоба аясында 2,5 пайыздық мөлшерлемемен 3 миллион теңге несие алып, «Той қызметтері» бағытында кәсібін қолға алған. Ал 2024 жылы жеке кәсіпкер Жәнібек Тоқмырза фасад өнімдерін өндіру үшін 4 миллион теңге несие алып, өз кәсібін бастады. Сол жылы жеке кәсіпкер «Ұлдай» Мұрат Серікбол да жылыжай ісін дамытуға 2,3 миллион теңге несие алып, кәсібін жүргізіп отыр.
Ауылдағы кәсіпкерлікке тың серпін берген тағы бір жоба – «Береке-нан» наубайханасы. 2025 жылы жеке кәсіпкер Жазира Көшкінбаева 2,5 пайызбен 5,5 миллион теңге несие алып, кәсібін кеңейткен. Бүгінде мұнда нан өнімдерінің бірнеше түрімен қатар, тез дайындалатын фастфуд тағамдары да әзірленеді.
Округ әкімі ауылдың әлеуетін арттырып, елді мекеннің дамуына серпін беруде түрлі жобалардың маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, мемлекет тарапынан қолға алынған бастамалар жергілікті жерде де өз нәтижесін беріп, ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға мүмкіндік жасап келеді.
– Мемлекет басшысының бастамасымен ел ішінде түрлі бағдарламалар жүзеге асып жатыр. Соның ішінде ауылды қолдауға бағытталған жемісті жобалардың бірі – «Туған жерге тағзым» жобасы. Туған жерге деген жанашырлықтың нақты іспен көрінгені қашанда қуантады. Бүгінде осы жоба аясында ауылымызда туып-өскен жеке кәсіпкер Мұхтар Біржан өзінің «Бейбарыс» жеке кәсіпкерлігін ауылға тіркеп, салық төлемдерінің жергілікті бюджетке түсуіне үлес қосты. Бұл – туған ауылға деген жанашырлықтың жақсы үлгісі, – дейді округ әкімі.
Әкімнің айтуынша, жергілікті бюджетті толықтыру бағытындағы жұмыс мұнымен шектелмейді. Биылғы маусым айында салық түсімдерін арттыру мақсатында Астана қаласынан тағы 2 жеке кәсіпкер ауылға тіркелген.
– Мұндай қадамдар ауыл қазынасын нығайтып қана қоймай, елді мекеннің алдағы дамуына қажетті жұмыстарды жүзеге асыруға мүмкіндік береді, – дейді округ әкімі.
Ауылдағы әлеуметтік мәселелердің бірі – жұмыспен қамту. Қолда бар мәліметке сүйенсек, есепті кезеңде округтегі отбасыларға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалмаған. Мұны ауыл тұрғындарының өз тұрмысын маңдай терімен түзеуге ұмтылып отыр деп түсінсек болады.
Жұмыссыз азаматтарды еңбекке тарту бағытындағы жұмыстар да өз жалғасын тапқан. 5 ауыл тұрғыны ақылы қоғамдық жұмысқа қабылданып, еңбек етуге мүмкіндік алды. Ал жеке кәсіпкер Тоқмырза Жәнібек «Күміс жас» бағдарламасы арқылы жұмыссыз жүрген 1 азаматты тұрақты жұмыспен қамтыды.
Мал шаруашылығы – ауыл тіршілігінің ежелден келе жатқан өзегі. Бірлік ауылында да төрт түліктің бабын тауып, кәсібін нәсіп етіп отырған отбасылар аз емес. Сондықтан ауылдағы ағайынның күнделікті тіршілігі малмен біте қайнасып жатқанын аңғару қиын емес.
Бүгінде округ бойынша 930 бас ірі қара, 1358 бас уақ мал, 764 бас жылқы және 10 бас түйе бар. Ауыл тұрғындарының қолындағы төрт түлік толықтай бірдейлендіріліп, тиісті базаға енгізілген. Мал басын көбейту қаншалықты маңызды болса, оның саулығын сақтау да соншалықты өзекті. Осыған орай, эпизоотиялық ахуалды тұрақтандыру мақсатында ауыл шаруашылығы жануарларын түрлі індеттерге қарсы профилактикалық егу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
Бірлік ауылындағы №102 орта мектепте де шәкірттердің сапалы білім алып, өз қабілетін танытуына мүмкіндік беретін жұмыстар жолға қойылған. Бүгінде мектепте 11 сынып комплектісінде 157 оқушы білім алуда. Оларға 35 педагог дәріс беріп, оқу-тәрбие жұмысына жетекшілік етсе, 29 қызметкер мектептің күнделікті техникалық шаруасын қамтамасыз етіп отыр. Ал мектепалды даярлық тобындағы 12 бүлдіршін мектеп табалдырығын аттауға дайындалып, 1-сыныпқа қабылдану үшін құжат тапсырған.
Оқушыға жайлы орта қалыптастыру үшін мектептің материалдық-техникалық базасын жаңартуға да мән берілген. Оқу орнына 32 жаңа бейнебақылау камерасы орнатылып, орталық бақылау басқармасына қосылды. Информатика кабинеті интерактивті панельмен жабдықталды. Сонымен бірге алғашқы әскери дайындық пәніне қажетті пневматикалық мылтық пен музыкалық аппаратура алынған.
Білімдегі нәтиже де көңілге қуаныш ұялатады. 2025-2026 оқу жылында мектепті 9 оқушы тәмамдап, олардың барлығы ҰБТ-ға қатысты. Яғни көрсеткіш – 100 пайыз. Қорытынды бойынша мектептің білім деңгейі аудан көлемінде 87 пайызды құрады. Екі түлек «Алтын белгі» иеленсе, 9-сыныпты аяқтаған 2 оқушы қызыл аттестатпен шықты.
Шәкірттердің ізденісі түрлі білім сайыстарында да көрініп жүр. Оқушылар аудандық, облыстық жарыстарда жүлделі орындардан көрініп, білімдерін сынға салуда. Ал жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың аудандық кезеңінде 3 оқушы жүлделі орынға ие болған. Мектеп жанындағы «Күнікей» шағын орталығы да өз жұмысын тұрақты жүргізуде. Мұнда 24 бала тәрбиеленіп, олардың күнделікті күтімі мен тәрбиесіне 11 қызметкер жауапты.
Ауылда ағайын үшін медициналық қызмет те қолжетімді. Тұрғындардың денсаулығын бақылап, алғашқы медициналық көмек көрсететін «Бірлік» фельдшерлік-акушерлік бөлімшесінде 1 фельдшер, 1 мейіркеш, 0,75 тазалықшы, 0,5 қарауыл және 0,5 от жағушы еңбек етеді. Есепті кезеңде ауыл тұрғындары медициналық көмекке 2167 рет жүгінген. Осы аралықта 6 сәби дүниеге келіп, ана мен бала өлімі тіркелмеген. Денсаулықты сақтаудың бір жолы – аурудың алдын алу. Мамандардың сөзіне сенсек, осы бағытта жоспарланған вакцинациялау жұмыстары да толық жүргізілген.
Бірлігі жарасқан ауылдың әр күнін мерекеге айналдырып, тұрғындардың рухани өмірін мазмұнды шаралармен байытып отырғаны көңіл қуантады. Ауылдың мәдени тыныс-тіршілігіне көз жүгіртсеңіз, мұның барлығы мәдениет үйінде ұйымдастырылатын мәнді де мазмұнды іс-шаралардан анық аңғарасыз. Округ әкімінің айтуынша, ауылда атаулы күндер мен айтулы мерекелер назардан тыс қалмай, жыл сайын өз деңгейінде аталып өтеді. Ең бастысы, мұндай шараларға ауыл тұрғындарының белсенді қатысуы дәстүрге айналған. Есепті кезеңде мәдениет саласы бойынша 24 түрлі мәдени іс-шара ұйымдастырылып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлаған.
Мәдениет ошағы ауыл тұрғындарының басын қосып қана қоймай, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, жас ұрпақтың өнерге, әдебиетке және ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттыруға да ықпал етіп келеді. Өйткені ауылдың рухани әлеуеті оның мәдени өмірінің серпінімен тығыз байланысты. Ал тұрғындардың рухани әлемін кітаппен байытып, білімге деген құштарлығын арттыру бағытында ауылдық кітапхананың да өзіндік орны бар. Қазіргі таңда кітапхана қорында 10 705 кітап жинақталған. Есепті кезеңде қор 33 жаңа кітаппен толықса, тұрақты оқырмандар саны 288 адамды құрап отыр.
Ауылдың рухани өмірінде мешіттің де алар орны ерекше. Ауыл тұрғындарының, әсіресе жастардың діни сауаттылығын арттыруға өзіндік үлесін қосып келе жатқан «Рамберді ишан» мешіті 1998 жылдан бері халыққа қызмет көрсетіп келеді. Бүгінде мешіттің имамы – Сәбит Әлжанов. Ол 2002 жылдан бері осы мешітте имамдық міндетін абыроймен атқарып келеді.
2015 жылы депутат Б. Бекбауловтың демеушілігімен бой көтеріп, ел игілігіне берілген жаңа мешіт бүгінде ауыл тұрғындарының рухани қажеттілігін өтеумен қатар қайырымдылық пен ізгілік бастамаларының да ұйытқысына айналып отыр. Мешіттің материалдық-техникалық базасы жақсы, жамағатқа қажетті жағдай жасалған. Оған ауыл тұрғындары, жастар мен ерікті азаматтар да қолдан келгенше қолдау көрсетіп, қажетті тұрмыстық заттармен қамтамасыз етуге атсалысуда. Жамағаттың бірлескен көмегімен мешіт ауласында жаздық асхана салынып, пайдалануға берілген. Сонымен қатар қысқы қатты отын мен қажетті тамызықты алдын ала ұйымдастырып беру де жолға қойылған.
Мешітте рухани-танымдық бағыттағы жұмыстар да жүйелі түрде жүргізіледі. Имамның жеке жоспарына сәйкес бекітілген іс-шаралар тұрақты өткізіліп, тұрғындарға имандылық, адамгершілік, татулық пен өзара сыйластықтың мәні түсіндіріледі. Ұлттық және діни дәстүрлерді сабақтастыра отырып, қасиетті күндер мен айтулы діни мерекелер де назардан тыс қалмайды. Соның ішінде күллі мұсылман қауымы үшін маңызы зор Мәуліт мерекесі жыл сайын міндетті түрде аталып өтіп, ауыл тұрғындарының басын біріктіретін рухани тағылымды шаралардың біріне айналған.
Бүгінде округтегі 4 көшенің жалпы ұзындығы 7,1 шақырымды құрайды. Төрт көшенің барлығы жарықтандырылған. Оның ішінде 3 көше асфальтталған, ал 1 көшеге қиыршық тас төселген. Ел ішіндегі қоғамдық ахуал да қалыпты. Жыл көлемінде сыбайлас жемқорлыққа қатысты арыз-шағым түспеген, бұл бағытта теріс әрекеттер орын алмаған.
Атқарылған істің жалғасы ретінде алда тұрған міндеттер де айқын. Ауыл әкімі Бауыржан Толықболұлының айтуынша, ендігі кезекте тозығы жеткен электр желілерін ауыстыру, 100 орындық ауылдық клуб құрылысын салу, кітапхана жүйесі мен спорт кешенін дамыту және округ аумағынан бұлақ ұңғымасын қазу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ.
– Алдымызда ауқымды жұмыстар тұр. Оларды рет-ретімен жүзеге асырып, ауылдың тұрмыс-тіршілігіне қажетті жағдайларды жақсарта түсу – басты міндетіміз, – дейді ауыл әкімі Бауыржан Аман.
Жоспардың бәрі ел игілігіне бағытталған. Жаңа клуб ауылдың мәдени өміріне серпін берсе, кітапхана мен спорт кешені тұрғындардың, әсіресе жастардың уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік ашпақ. Ал электр желілерін жаңарту мен бұлақ ұңғымасын қазу ауыл тұрмысына тікелей әсер ететін маңызды жұмыстардың қатарында.
Қош. Берекесі мен бірлігі жарасқан ауыл үшін бүгінгі тірлік – ертеңгі игіліктің бастауы. Сондықтан қолға алынған әрбір бастама елдің тұрмысын түзеп, ауылдың ажарын арттырып, халықтың көңілінен шықса, одан асқан бақыт та болмас, сірә! Туған жердің түлеп, елдің еңсесі биіктегені – баршаға ортақ қуаныш.

Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ
01 қыркүйек 2026 ж. 23 0

Әлеуеті артқан ауыл

01 қыркүйек 2026 ж. 24

Туған жердің тарландары

01 қыркүйек 2026 ж. 25

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930