Телефоннан азық-түлікке дейін: Қазақстандықтар маркетплейстен нені жиі алады
Фото: depositphotos.comҚазақстандықтар телефоннан бастап азық-түлікке дейін маркетплейстен алатын болған. Үш жылда елімізде электронды сауда нарығы 50%-дан астамға өскен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Forbes.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстанда маркетплейстер жылдам дамып, жеткізу қызметтерінің өзгеріп келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша электронды сауда нарығы 3,7 триллион теңгеге жеткен. Бұл – үш жыл бұрынғы көрсеткіштен 50%-дан астам жоғары.
Қазір қазақстандықтар маркетплейстерден тек киім немесе гаджет емес, тұрмыстық техника, үйге қажетті заттар, тіпті азық-түлік те сатып алады. Ал тапсырысты күту уақыты да қысқарып, кейбір санаттағы тауарлар бір сағатқа жетпей жеткізіледі.
Электронды сауданың жалпы бөлшек саудадағы үлесі де өскен. 2023 жылы 12,7% болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 14,3%-ға жетті. Нарықтағы негізгі маркетплейстердің қатарында Kaspi.kz, OZON, Wildberries, Halyk Market, Forte Market және басқа да ірі платформалар бар. Олардың үлесіне бөлшек электронды сауданың 86%-ы тиесілі.
Ал маркетплейстердегі сұранысқа қарасақ, қазақстандықтардың таңдауы да көп нәрсені аңғартады. 2025 жылы сатылымның ең үлкен бөлігі — 17,1%-ы телефондар мен гаджеттерге тиесілі болды. Одан кейін киім, аяқ киім және спорт тауарлары – 12,4%, үй мен саяжайға арналған тауарлар – 12,1%, тұрмыстық техника – 10,3% және азық-түлік – 7,4%.
Саудамен бірге жеткізу жүйесі де жаңа деңгейге өтіп жатыр. Азық-түлік пен күнделікті қажетті заттарды жылдам жеткізуге бағытталған e-grocery сегменті дамып, Dark Store жобалары көбейген. 2025 жылы Алматы, Астана, Қарағанды және Ақтөбеде осындай бес жоба іске қосылды. Бұған қоса, маркетплейстер тапсырысты алу процесін жеңілдету үшін ел бойынша 2300 жаңа постамат орнатқан.













