Енді елімізде мобильді операторлар тариф бағасы көтерілетінін алдын ала ескертуге міндеттелді
Фото: ChatGpt арқылы жасалды20 тамыздан бастап Қазақстанда мобильді байланыс операторларына қатысты жаңа ережелер күшіне енеді. Енді операторлар тариф бағасын көтеретін болса, оны абоненттерге екі ай бұрын ескертуі тиіс. Бұл туралы Stan.kzақпарат агенттігі Информбюро арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
20 тамыздан бастап операторлар тарифтің өзгеретіні туралы хабарламаны абоненттерге SMS арқылы жіберуі керек. Сонымен қатар қызмет құнының өзгеретінін өз интернет-ресурстарында да алдын ала жариялауы тиіс. Демек абоненттерге жаңа тарифке көшу-көшпеуін шешуге немесе өзіне тиімді басқа операторды іздеуге уақыт беріледі.
Қазақстандықтар жаңа өзгерісті оң бағалап отыр. Алайда оларды тарифтердің жиі қымбаттайтыны алаңдатады.
“Бұл өте маңызды. Адам тарифті өзгерткен соң оған қаншалықты ыңғайлы болатынын және ақысын төлей ала ма, жоқ па, оны қайта ойлануы керек. Бағаны шексіз әрі негізсіз көтере береді. Операторларға осыны ойлану керек”.
“Алдын ала хабарлауы тиіс. Кейін тосынсый болмауы керек. Мысалы, 3 мың теңге тұратын тарифтің бірден 6-7 мың теңгеге өсіп кеткенін қаламаймыз”.
“Өте жиі көтереді әрі бұл өкінішті. Егер тариф қымбаттайтын болса, алдын ала ескерткен маңызды”.
Мобильді операторлар eGov сияқты әлеуметтік және мемлекеттік маңызы бар қосымшаларды тегін пайдалануға мүмкіндік беруге міндеттеледі. Телекоммуникациялар комитетінің байланыс саласындағы мемлекеттік саясат басқармасының басшысы Айнұр Бисенбаева бұл тізімге қандай қосымшалар кіретінін арнайы нормативтік құжатпен анықтау жоспарланып отырғанын айтты.
“Қазір министрлік қосымшалардың тізімі анықталатын нормативтік-құқықтық акт әзірлеп жатыр. Алдын ала eGov, eGov Business, eOtinish және Aitu қосымшаларының тізімге енуі жоспарланып отыр”, – деді Бисенбаева.
Сарапшылар не дейді?
Сарапшылар тарифтің көтерілетінін абоненттерге алдын ала ескерту маңызды талап деп есептейді. Алайда байланыс сапасына қатысты әлі де мәселе бар. Сондықтан нарықтағы бәсекелестікті күшейту қажет. Бұл операторлардың тарифті жиі көтермеуіне де әсер етуі мүмкін.
Қазақ-Америка университетінің CIO-сы Қалилалло Байтаcовтың айтуынша, нарыққа жаңа ойыншылардың келуі бәсекелестікті күшейтіп, байланыс сапасын арттыруға және қызмет құнын төмендетуге мүмкіндік береді.
“Жаңа ойыншылар бәсекелестікті күшейтіп, сапаны арттыруға және қызмет құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Екінші жағынан, қоғамда заманауи технологияларға, соның ішінде 5G-ге қатысты қорқыныш бар. Сондықтан мемлекет технологиялардың қауіп төндірмейтінін түсіндіретін құрылым ретінде жұмыс істей алады”, – дейді Байтасов.
Смартфондарды тексеру күшейеді
20 тамыздан бастап мобильді байланыс саласында өзге де өзгерістер күшіне енеді. Смартфондарды тексеру тәртібі күшейтіледі. Енді сатушылар құрылғыларды сатылымға шығармай тұрып верификациялауға міндетті болады. Ал мобильді операторлармен келісімшарт жасау үшін абонент биометриялық сәйкестендіруден өтуі керек.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда енді мобильді операторлар тарифтерді аяқ астынан қымбаттата алмайтыны туралы жазған едік.










