5G желісінде тариф бағасы қымбаттай ма – "Қазақтелеком" АҚ жауап берді
"Қазақтелеком" АҚ 2027 жылдың соңына дейін барлық қазақстандық қалаларды 5G ұялы байланыс желісімен қамтымақ. Осыған байланысты операторлар тарифтердің жаңа нұсқаларын ұсынады. Бұл туралы stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Самұрық-Қазына" қоры Қоғамдық кеңесінің отырысынан кейінгі баспасөз релизі барысында "Қазақтелеком" АҚ инновациялар жөніндегі бас директоры Нұрлан Мейірмановтың айтуынша тарифтер бағасы бірден көтерілмейді.
“Енді трафиктің үлкен көлемі мен желіні пайдаланудың жаңа нұсқалары, жылдамдық көрсеткіштері ұсынылады. Пайдаланушылар жылдамдық немесе қозғалыс көлемі бойынша қолданыстағы көрсеткіштерге қанағаттанбаса, осы жылдам тарифке ауыса алады. Бұл қалыпты тәжірибе. Бүкіл әлемде осылай жасалады", - деді бас директор.
Нұрлан Мейірмановтың айтуынша, "Қазақтелеком" 5 жыл ішінде барлық облыс қалаларында 5G желісін салуды мақсат еткен. Ағымдағы жылы компанияның әрбір операторы 390 базалық станция салуы тиіс. Олардың жалпы саны шамамен 800-ге жетеді. Жыл сайын 780 базалық байланыс станциясын пайдалануға беру жоспарлануда.
"Сәйкесінше, бес жыл ішінде 7 мыңға жуық базалық станция 5G технологиясын қолдайтын болады. 2027 жылға қарай барлық қалалар бесінші буын ұялы байланыс желісімен қамтылады деп сенемін", - деп қосты спикер.