Қазақстанда электр энергиясын жүздеген жылдар бойы көмірден өндірмек
Қазақстанның ішкі электр және жылу генерациясының 70 пайызын көмірден алып келеді.
Фото: Жасанды интеллект көмегімен жасалдыДегенмен түтіні көп "қара алтынға" тәуелділік жақын арада шешіле қояр мәселе емес секілді. 300 жылға жететін кеніші бар еліміз үшін көмірге қатысты жағымды және жағымсыз тұстар жетерлік.
Әуелі айта кетер жайт, көмір өндірісі мен экспорты кейінгі 10 эыл аралықта өте жақсы қарқынмен келеді. Былтыр Нидерланды, Малайзия секілді елдер қазақстандық "қара алтын" сатып алуды көбейтті. Еліміздегі өндіріс 2010-2012 жылдары қатты жанданды, жаһандық дағдарыстың беті қайтып, Ресей мен Украина тарапының сұранысы артты, ақыры еліміздің жылдық өндірісі 120 млн тоннаға таяды. 2013-2016 жылдары Ресейде газдың үлесі артып, кей электр станциялары көмірден бас тартқанда Қазақстан өндірісті 102-105 млн тоннаға төмендетті. Дегенмен 2017-2022 жылдары өз нарығымыздың сұранысы артып, Азия мен Еуропа энергияға тапшы бола бастаған соң қайта 118 млн тоннадан асырдық. Ал кейінгі 3 жыл бойы жылдық өндіріс 105-112 млн тонна арасында ауытқып келеді.
Жалпы, елдегі көмір өндірісі негізгі 4 кен орнына тиесілі: Екібастұз көмір бассейні (жалпы өндірістің 55-60 пайызын алады), Қарағанды көмір бассейні (10-12%), Шұбаркөл кен орны (10-12%) және Қаражыра кен орны (7-8 пайыз). Майкүбенің де деңгейі Қаражырамен шамалас.
Еліміздегі жалпы өндірістің 80%-дан астам үлесі "Богатырь Көмір", ERG, "Qarmet" және "Қаражыра" сияқты саусақпен санарлық ірі өнеркәсіптік топтардың қолында тұрғанын айта кетейік. Дегенмен осы көмір өндіруші кәсіпорындар республикалық және жергілікті бюджеттерді толықтыратын ірі донорлар саналады, елдегі ең үлкен 100 салық төлеуші компаниялардың қатарына енген. Жыл сайын жүздеген млрд теңге бюджетке құяды.
Кейінгі жылдары жаһанда геосаяи ахуалдар ушықты, түрлі шектеулер енді, басқа жолдар ашылды. Соның әсерінен еліміздің көмір экспорты да қайта құрылымдалды. Сауда министрлігінің дерегінше, жыл сайын өндірілетін көмірдің 25-35 миллион тоннасы сыртқы нарықтарға бағытталып келеді. Алайда баға құбылмалы болғаннан кейін табыс та түрленіп тұратыны анық. 2022 жылы Еуропада энергетикалық дағдарыс болды. Сол уақытта "қара алтынның" бір тоннасының бағасы 300-400 долларға жеткен еді. Қазақстан сол жылы 946 млн долларға (39 млн тонна) көмір экспорттаған. Бұл – саладағы ең табысты кезең.
Қазақстан көмірін негізігі сатып алушы ел – Ресей. Жыл сайынғы экспорттың 20-30 пайызын алады. Қазақстандық "қара алтынды" Урал өңіріндегі Троицк және Рефтинский ГРЭС-теріне жеткізеді. Бұдан кейін Еуропалық Одақ елдері – Польша, Латвия, Эстония, Германия, Түркия. 2022 жылы ЕО Ресей көміріне эмбарго салды, осы кезде Қазақстан кәрі құрлыққа премиум сападағы Шұбаркөл мен Қаражыраны жеткізіп бастады. Бұл бағытқа кететін көлем экспорттың 45-50 пайызын алады.
Әйтсе де мәселе жоқ емес, 2025 жылдың басында ЕО-ның 16-пакет санкциялары аясында Ресей порттары арқылы транзитке шектеу қойылды. Еуропаға экспорт уақытша тоқырады. Абырой болғанда Қазақстанның Сауда министрлігі мен Сыртқы істер министрлігі жұмыла жүріп, ЕО-ның 18-пакеті аясында тек қазақстандық шығу тегі бар көмірге Усть-Луга сияқты Ресей порттары арқылы транзитке мүмкіндік алды.
Келесі бағыт – Орталық Азия, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдері. Өзбектер Қазақстан көмірін алуды арттырды, қазір жалпы экспорттың 5 пайызын иемденген. Қытай және Азия-Тынық мұхиты өңірі, Үндістан мен Малайзияны да ұмыт қалдыруға болмайды. Бірақ жолды тағы баға деген түсінік бөгейді. Мысалы, жырақтағы Еуропа немесе Үндістанға 100 млн доллардың көмірін экспорттадық делік. Соның шамамен 60 млн доллары теміржол мен логистиканың шығынына кетеді. Бір ғана көңілге медет болатыны, елімізде өндірудің өзіндік құны төмен.
Қазақстанда көмірдің жалпы ішкі өнімдегі тікелей үлесі шамамен 1,5-2 пайызды құрайды. Бірақ жанама әсері барын ескеріп, "қара алтынға" тәуелді салаларды – электр және жылу энергиясын өндіру, металлургия, теміржол тасымалы қосқанда, сектордың ықпалы 10 пайызға артады. Өнеркәсіпте көмір мұнай-газ бен металл кендерін өндіруден кейінгі 3-ші орында тұр.
Бірақ көмірге келгенде сарапшылар пікірі екіге жарылады. Дәстүрлі ұстанымдағылар көмірді жалғыз энергетикалық кепіл санайды. Жаңартылатын энергия көздеріне лезде көше салу қиын, әрі шығыны мол, сондықтан көмір өнеркәсібін тоқыратпау керегін алға тартады. Ал жасыл экономиканы жақтаушылар "көміртек тұзағы" барын жиі ескертеді. Бұған қоса, ЕО-ның CBAM салығы, халықаралық банктердің көмір жобаларына қаржы бермеуі секілді мәселелер жол тосады. Сондықтан екінші тарап көмір өнеркәсібін субсидиялауды азайтып, қаржыны біртіндеп жасыл технологияларға бағыттау қажетін айтып келеді.
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "таза көмір" технологиясын ұсынғанын білеміз. Соның негізінде Үкімет әзірлеген 2030 жылға дейінгі "Көмір генерациясын дамыту" ұлттық жобасы бекітілді. Жобаның бастапқы құны 8 трлн теңгеден асады деп бағаланып отыр. Оның аясында 2030 жылға дейін 7,8 ГВт жаңа энергия көздерін іске қосу жоспарланған, оның ішінде 8 жаңа электр станциясын салу және жұмыс істеп тұрған 11 станцияны жаңғырту бастамасы бар.
Жалпы, бұл жүйе жылу электр орталықтарынан шығатын түтін газдарын көпсатылы тазартудан өткізеді. Қарапайым тілмен айтсақ, станцияда көмір барынша тиімді әрі экологиялық талапқа сай жағылуы шарт, кейін мұржа арқылы сыртқа шығатын зиянды заттар сүзіп алынады. Дегенмен қазір энергетика саласында қолданылып жүрген "таза көмір" ұғымы жалпылама сипатта. Оның нақты үлгісі немесе белгіленген талабы жоқ. Әйтеуір дамыған елдер көмірді жағу технологиясы мен сүзгінің өзіндік моделін әзірлеп, көмір қолданылатын ЖЭС-терде пайдаланып жүргені айтылады.
Қазақстандағы жағдай мүлде бөлек, көп ЖЭО-ның салынғанына жарты ғасырға жуықтады әрі инфрақұрылым модернизацияны көтермеуі мүмкін. Сондықтан "таза көмірге" қатысты бар үміт жаңа нысандарға жүктелген. Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Абеновтің айтуынша, "таза көмір" технологиясы негізі 6 кезеңнен тұрады.
– "Таза көмір" технологияларының негізгі мақсаты – көмірмен жұмыс істейтін электр станцияларының пайдалы әсер коэффициентін 35 пайыздан арттыру және маркерлік ластағыш заттар шығарындыларын азайту. Осы мақсатта қолданылатын технологияны бірнеше сатыға бөлуге болады: көмір өндіру, алдын ала дайындау және байыту, жоғары тиімді жағу, газдандыру, түтін газдарын терең тазарту, көміртекті ұстау, пайдалану және сақтау, өндіріс қалдықтарын кәдеге жарату, – деп қысқа түсіндірді маман.
Түйіндер болсақ, Үкімет ұсынған 2026-2030 жылдарға арналған көмір генерациясын дамытудың ұлттық жобасында "таза көмір" басты бағыт ретінде қарастырылып отыр. Демек, Қазақстан үшін көмірден алыстайтын күн әлі алыс. Энергетикалық қауіпсіздік мәселесі осылайша "қара алтынға" байланды.










