Елімізде Абай күніне орай 350-ден астам шара өтеді
ЖИ көмегімен жасалған сурет10 тамызда Қазақстанда Абай күні атап өтіледі. Ұлы ақын, ойшыл, ағартушы және композитор Абай Құнанбайұлының туғанына 181 жыл толуына орай еліміз бойынша 350-ден астам мәдени, ғылыми-ағартушылық, білім беру және спорттық іс-шара ұйымдастырылады, деп хабарлайды Orda.kz.
Биыл қазақтың ұлы ақыны, ағартушысы, философы, композиторы, аудармашысы, қазақтың жазба әдебиеті мен әдеби тілінің негізін қалаушылардың бірі, реформатор Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының туғанына 181 жыл толып отыр. Оның шығармалары мен қара сөздері қазақ халқының рухани мұрасының ажырамас бөлігіне айналғаны рас.
Қазақстанда 10 тамыз – ұлы ақын, композитор әрі ойшыл Абай Құнанбайұлының күні ресми мереке ретінде аталып өтеді. Бұл атаулы дата елдің ресми мереке күнтізбесіне 2020 жылы енгізілді. Бұл күні елміздің барлық облыстарында ақын ескерткіштеріне гүл қойылып, әдеби оқулар мен мәдени шаралар ұйымдастырылады.
«Абай мұрасы халықаралық деңгейде кеңінен танылған. 1995 жылы ақынның 150 жылдығы ЮНЕСКО аясында аталып өтті. Оның әдеби, философиялық және музыкалық шығармалары, білім, еңбек, әділдік пен адамгершілік туралы идеялары бүгін де өзектілігін сақтап отыр», деп хабарлады Мәдениет және ақпарат министрлігі.
Семейдегі Абайдың мемлекеттік музей-қорығында арнайы бағдарлама дайындалған. 10 тамызда бұл жерде «Абай дәуірі: құжаттар мен естеліктер» және «Бейнелеу өнеріндегі Абай әлемі» көрмелері ашылып, әдеби квест, Абай әндерінің фестивалі және «Абай ұлдарымен» ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтеді.
Сондай-ақ тақырыптық жобаларды Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейі, Ұлттық орталық музей, «Берел», «Таңбалы» музей-қорықтары және басқа мекемелер де дайындаған.
Театрлар мен кино ұйымдары музыкалық және бейне жобаларды, Абай шығармалары мен оның туындылары негізінде қойылған спектакльдерден үзінділерді ұсынады.
10 тамызда Алматыда Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы қолдауымен түсірілген «Алғашқы кітап» деректі фильмінің ресми тұсаукесері өтеді.
Халықаралық бағдарлама Бейжің қаласын да қамтиды. 10 тамызда Қазақстанның мәдени орталығында «Цзиньтай» музейімен бірлесіп, «Абай — ұлы тұлға» атты дөңгелек үстел ұйымдастырады. Онда ойшылдың әдеби-философиялық мұрасы мен оның идеяларын шетелде насихаттау мәселелері талқыланады.
Астанада да ауқымды бағдарлама жоспарланған. 8–10 тамыз аралығында Жазушылар аллеясында «Өлең — сөздің патшасы…» атты поэзиялық кеш, ал қалалық саябақтарда «Әнді сүйсең, менше сүй» атты Абай әндерінен караоке өтеді. Әртүрлі өңірлерден келген жас авторларды «Сөз өнері. Жасампаз жас қалам» республикалық форумы біріктіреді. Сонымен қатар әдеби-музыкалық кештер, дәрістер, викториналар мен кітап көрмелері ұйымдастырылады.
Алматыда әдеби, музейлік және ағартушылық бағдарламалар жалғасады. Шымкентте поэзиялық және білім беру іс-шаралары өтіп, «Хакім Абай» музейінде ашық есік күні, тақырыптық көрме және экскурсиялар ұйымдастырылады.
Өңірлерде айтыстар, концерттер, спектакльдер, «Абай оқулары» байқаулары, поэзиялық оқулар, көрмелер мен білім беру жобалары жоспарланған. Абай облысында 8–9 тамызда «Abai Joly — 100 miles» республикалық ультрамарафоны, ал 10 тамызда «Адамзаттың Абайы» атты ақындар айтысы өтеді.
Мерекелік бағдарлама облыс орталықтарын, қалалар мен аудандарды, ауылдық елді мекендерді қамтиды.
Сонымен қатар, 10 тамызда Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және облыс орталықтарында Абай Құнанбайұлы ескерткіштеріне шығармашылық зиялы қауым, мәдениет қайраткерлері, жастар мен жұртшылықтың қатысуымен гүл қою рәсімдері өтеді.













