Серпінді тірлік Сарбұлаққа тән
Тұрақты оқырмандарымыз жақсы біледі. Басылымның әр нөмірін ауданға қарасты ауылдардың тыныс-тіршілігіне арқау етіп келеміз. Сонымен бірге ел ішінде атқарылып жатқан жұмыстар легі мен ақжолтай жаңалықтарды да алғашқы болып өздеріңізбен бөлісудеміз. Әдеттегі ісімізден жаңылмай, бүгін де тағы бір ауылдың тынысынан хабар етуге асық боп отырған жайымыз бар. Бұл жолғы бағытымыз – ауданнан шалғай ораналасқан Сарбұлақ ауылы.Тарихы тереңнен тамыр тартқан
Әр ауылдың атының астарында бір тарих, әр төбесінің қойнауында бір тағдыр жатады. Сарбұлақ та сондай қасиетті мекендердің бірі. Аудан орталығынан шалғай орналасқан бұл ауылдың өткені – еңбекпен өрілген өмірдің, елдік пен бірліктің шежіресі.
Көнекөз қариялардың айтуынша, ауылдың «Сарбұлақ» атануының өзіндік сыры бар. Ертеректе осы маңда қазанның аузындай ғана жерден бұрқылдап шығып жататын бұлақ болыпты. Оның айналасын қалың қамыс көмкерген. Ең қызығы – шоқ сары түсті қамыс дәл сол бұлақтың басында ғана өсетін көрінеді. Табиғаттың осы бір тосын сыйы халық жадында сақталып, кейін елді мекеннің атауына айналған.
Сарбұлақтың іргесі соғыстан кейінгі қиын кезеңде қаланды.
1946 жылы бұл өңірге Кемаладин, Нұрабай, Шалғынбай, Ізтілеу және Сайман ақсақалдар бастаған үш-төрт отбасы қоныс аударып келді. Бір жылдан соң Қазалы совхозы директорының орынбасары Қирабайдың ұйымдастыруымен Кемаладин мен Ізтілеу ақсақалдарға екі отар қара қой сеніп тапсырылды. Осылайша жаңа қоныстың негізі қаланып, араға үш жыл салып мұнда Қазалы совхозының бөлімшесі құрылды. Алғашқы ферма меңгерушісі болып Маханбетжан Тілекешов тағайындалды. Сол кезеңнен бастап ауыл Сарыбұлақ атауымен танылып, шаруашылықтың негізгі бағыты ет пен жүн өндіретін қой шаруашылығы болды.
1951-1952 жылдары шаруашылықты Айтжан Өмірзақов басқарса, 1953 жылы бұл міндет тәжірибелі ұйымдастырушы Мырқияс Әліпбаевқа жүктелді. Ол Қарақалпақстан мен Қазақстан аумағында мал бағып жүрген ағайынды бір орталыққа топтастырып, шаруашылықтың еңсесін тіктеуге өлшеусіз еңбек сіңірді. Оның басшылығы тұсында ауылға жаңа отбасылар көшіп келіп, тұрғындар саны артты. Табиғи жайылымдардың қолайлылығы мен шаруашылықтың тұрақты дамуы елдің осы өңірге орнығуына негіз болды. Мырқияс Әліпбаев ширек ғасырға жуық уақыт ауыл шаруашылығын басқарып, абыроймен зейнет демалысына шықты.
Кеңес Одағы тараған тұста көптеген ауылдар босап, халық үдере көшкені белгілі. Ал Сарбұлақ жұрты туған жерден табан аудармады. Ел бірлігін сақтап, шаруашылықтың берекесін кетірмеуге күш салды. Әр кезеңде ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына Мереке Алматов, Жалғасбай Сүттібаев, Маханбетқайыр Дәріхожаев, Төлеген Пазылбеков, Серікбек Ерімбетов, Өмірбек Бердібаев, Жетпіс Жаңабаев сынды азаматтар елеулі үлес қосты.
Ауылдағы білім беру ісінің де өзіндік тарихы бар.
1954 жылы төрт жылдық бастауыш мектеп ашылып, алғашқы ұстаздық қызметті Елдесов Өмірзақ атқарды. Кейін бұл білім ошағында Зияу мен Сағындық есімді ұстаздар шәкірт тәрбиеледі.
1966 жылы сегіз жылдық мектеп пайдалануға беріліп, оның алғашқы директоры болып Әлмеш Келдібаев тағайындалды. Мектеп жанынан елу орындық интернат, асхана және азық-түлік қоймасы салынды. Малшы отбасыларының балаларына арналған интернатта тәрбиешілер мен қызметкерлер ерекше қамқорлық танытып, білім мен тәрбиенің қатар берілуіне жағдай жасалды. Осы білім ордасының қалыптасып, дамуына Әлмеш Келдібаев, Әлиасқар Абдуллаев, Мырзаш Оразбаев, Әбубәкір Пшанов, Қуаныш Қалауов, Алмас Темірбаев, Жолдыбай Сағымбаев, Қарасай Есенаманов, Өмірбек Есіркеев, Сражадин Шамұратов, Күлдәрі Сабырбаева, Абат Алматов, Гүласыл Мопықова, Әлияш Ршымбетова және Жібек Сүйінбаева сынды ұстаздар мен тәрбиешілердің еңбегі зор.
Ауылдың өсіп-өркендеуіне Кеңес Одағы Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазалы ауыл шаруашылығы техникумының түлегі Жалғасбай Сүттібаевтың қосқан үлесі де ерекше. Оның бастамасымен ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымы жүйелі түрде дамыды. 1953 жылы ауыл орталығында алғашқы төрт тұрғын үй бой көтерсе, 1959-1962 жылдары көшелер бойына жаңа үйлер салынып, оларды кеңсе, пошта бөлімшесі, дүкен, медициналық пункт, мектеп, интернат, мәдениет үйі, мал баздары мен шопан үйлері толықтырды. Осылайша шағын қоныс уақыт өте келе толыққанды ауылға айналды.
Сарбұлақтың негізгі тірегі – мал шаруашылығы. Ата кәсіптің өркендеуіне Жұбанышбай Исалдаев, Ағділда Базарбаев, Әлібай Жолдасбаев, Жәнібек Абдрасулов, Назипа Қарымсақова, Айдаш Абдрасулов, Қарақұл Шәкішев, Күлшін Жүсіпова, Мәрия Алпысова, Шәмшә Омарова, Санақбай Жолдасбаев, Өтеубай Сағымбай бастаған көптеген еңбек адамдары адал қызмет етті. Олардың маңдай тері ауылдың берекесін арттырып, шаруашылықтың дамуына негіз қалады.
Уақыт өткен сайын ауылдың инженерлік инфрақұрылымы да жаңарды.
1985 жылы жоғары кернеулі электр желісі тартылып, Қуаңдария өзені арқылы көпір салынды. 2002–2003 жылдары тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында бұлақ іске қосылды. Ал Қазалы аудандық әкімдігінің 2005 жылғы 5 қаңтардағы №16 қаулысына сәйкес «Сарбұлақ ауылдық округі әкімі аппараты» мемлекеттік мекемесі құрылды.
Бүгінде облыс орталығынан 480 шақырым, аудан орталығынан 120 шақырым қашықтықта орналасқан Сарбұлақ ауылдық округінің аумағы 3045 гектарды құрайды. Ауылдық округтің орталығы саналатын Сарбұлақ елді мекенінің негізгі тіршілік көзі – мал өсіру және оның өнімдерін өңдеу. Қазіргі таңда мұнда 74 шаңырақта 465 тұрғын өмір сүріп жатыр. Ғасырға жуық тарихында талай сыннан сүрінбей өткен Сарбұлақ бүгін де ата кәсіптің алтын арқауын үзбей, өткеннің өнегесін келешекке жалғап отыр.
Атқарылған шаруа ауқымды
Сарбұлақ ауылдық округінде серпінді тірліктің табын аңғардық. Мұны округ әкімдігі ұсынған мәліметтер де айғақтайды. Қолда бар деректерге сүйенсек, биыл округ әкімі аппаратының қызметін қамтамасыз ету бағдарламасы аясында 48 786,0 мың теңге қаржы қарастырылып, оның 99,9 пайызы игерілуде. Бөлінген қаражаттың басым бөлігі ауылдың тыныс-тіршілігін жақсартуға, инфрақұрылымды дамытуға, санитарлық тазалықты қамтамасыз етуге және елді мекенді абаттандыруға бағытталған.
Нақтырақ айтсақ, ауылды көркейту, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарына 1 877,7 мың теңге, автомобиль жолдарын күтіп ұстауға 1 275,0 мың теңге, көше жарықтарын қамтамасыз ету мен электр энергиясы төлемдеріне 655,0 мың теңге, санитарлық тазалық шараларына 350,0 мың теңге бөлініп, тиісті жұмыстар толық көлемде атқарылды.
Ауылдың экономикалық әлеуетін айқындайтын негізгі көрсеткіштердің бірі – жергілікті бюджетке түсетін салық түсімдерінің көлемі. Осы бағытта Сарбұлақ ауылдық округі әкімі аппараты жауапкершілікпен жұмыс жүргізіп, салық базасын нығайту, міндетті төлемдердің уақытылы әрі толық түсуін қамтамасыз ету бойынша бірқатар нәтижелі шараларды жүзеге асырып келеді.
Нақты деректерге сүйенсек, жер және мүлік салығы бойынша 24,0 мың теңге қаржы түсіп, жоспар 100 пайызға орындалған. Ал көлік салығынан 1 614,0 мың теңге жиналып, орындалу көрсеткіші 99 пайызды құрады.
Округ әкімі Руслан Жаңабай алдағы уақытта да салық түсімдері бойынша белгіленген межені толық орындау, бюджет кірісін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасын табатынын атап өтті.
Кәсіпкерлік қарқыны қуантады
Шалғайдағы ауылдың тыныс-тіршілігін сөз еткенде, оның кәсіпкерлік әлеуетіне назар аудармай өту мүмкін емес. Өйткені елдің әл-ауқаты ең алдымен еңбекпен, ал еңбектің нәтижесі кәсіппен өлшенеді. Сарбұлақта да маңдай терін табысқа айналдырып, өз кәсібін дөңгелетіп отырған азаматтар аз емес. Бұл ауыл тұрғындарының нарық талабына бейімделіп, табысын әртараптандыруға бет бұрғанын аңғартып тұр.
Округ әкімі Руслан Жаңабайдың айтуынша, бүгінде округте 29 кәсіпкерлік субъектісі тұрақты жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 2 ауыл шаруашылығы кооперативі мен 3 шаруа қожалығы өңірдегі аграрлық саланың дамуына үлес қосуда. Сонымен қатар темір ұсталығы бойынша 1 шеберхана, балық шаруашылығымен айналысатын 1 кәсіпкер, 2 жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, 3 аралас тауарлар дүкені халыққа қызмет көрсетеді. Ал ауыл кәсіпкерлігінің негізгі тірегі саналатын мал шаруашылығы бағытында 17 кәсіпкер еңбек етіп келеді.
Айта кету керек, округте «Ауыл аманаты» жобасы аясында жылдық 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алып, өз кәсібін дамытып отырған азаматтар бар. Мәселен, 2023 жылы жеке кәсіпкер Алтын Шынберген жылыжай салып, кәсібін дамыту мақсатында 8 600 000 теңге көлемінде несие алып, бүгінде жұмысын табысты жүргізуде.
2024 жылы Қожаберген Шынболат 4 900 000 теңге жеңілдетілген несие алып, түйе жүнінен көрпе өндіретін станок сатып алып, кәсібін кеңейтуде. Ал 2026 жылы Саламат Ділманов асыл тұқымды қой шаруашылығын дамыту үшін 9 800 000 теңге көлемінде жеңілдетілген несие алуға өтінім берген.
– Ауыл тұрғындары мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдаланып, кәсіпкерлікті дамыту бағдарламаларына белсенді қатысуда. Соның нәтижесінде 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін қайтарымсыз мемлекеттік гранттар берілуде.
2024 жылы 4 кәсіпкердің әрқайсысы 1 476 800 теңге көлемінде грант иеленсе, 2025 жылы 3 кәсіпкердің әрқайсысына 1 572 800 теңгеден қайтарымсыз грант беріліп, өз кәсіптерін кеңейтуге және шаруашылықтарын дамытуға мүмкіндік алды, – дейді округ әкімі.
Қуаныштысы, ауылда кәсіпкерлік саласы жыл сайын жаңа бастамалармен толығып, тұрғындардың іскерлік белсенділігі артып келеді. Шағын және орта бизнестің дамуына жасалған қолдау шаралары өз нәтижесін беріп, ауыл азаматтарының кәсіп бастауға деген қызығушылығын арттыруда. Биыл Сарбұлақ ауылдық округінде тағы бір азамат кәсіпкер ретінде тіркеуден өтіп, өз ісін бастап отыр.
Жүзеге асқан жоба
Аңдасақ, округте соңғы жылдары бірқатар маңызды жұмыстар жүзеге асқан. Бұл туралы округ әкімі Руслан Жаңабай айтып өтті. Айтуынша, ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін түбегейлі шешу бағытында ауқымды жоба қолға алынған.
– 2015 жылдың қазан айында «Қызылорда облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» мемлекеттік мекемесінің тапсырысымен «Геотерм» ЖШС Сарбұлақ ауылының орталығында жер асты су қорын анықтау мақсатында геологиялық-барлау жұмыстарын жүргізді. Зерттеу нәтижесінде тереңдігі 150 метр болатын №5368 ұңғымадан тәулігіне 481 текше метрге дейін су беретін үшінші топтағы жер асты су қоры анықталды. Осы су көзін ауыл тұрғындарының игілігіне жаратып, елді мекенді тұрақты ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында су жинақтау қондырғысын орнату және сумен жабдықтау жүйесін салу бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Ауызсу мәселесін шешу мақсатында жүзеге асырылған жобаның жалпы құны 730 миллион теңгені құрады. Аталған жұмыстарды қаржыландыруға облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытындысы бойынша мердігер ұйым ретінде «Дәнекер» ЖШС анықталды. Құрылыс жұмыстары желтоқсан айында толық аяқталып, нысан пайдалануға берілді. Бүгінде ауыл тұрғындары толықтай таза ауызсумен қамтамасыз етілді, – дейді округ әкімі.
Байыпты бастамалар баршылық
Оруг әкімінің сөзіне сенсек, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған бірқатар маңызды жұмыстар жоспарланған. Айтуынша, алдағы кезеңде ауылдағы өзекті мәселелер кезең-кезеңімен шешімін тауып, халыққа қолайлы жағдай жасауға басымдық берілмек.
– Ауылдағы басты мәселелердің бірі – электр желілерінің жағдайы. Қазіргі таңда Сарбұлақ елді мекенінде бір ғана трансформатор арқылы электр қуаты беріліп келеді. Аталған трансформатордың қуаты 160 КВА болса, ол ауылдағы 74 тұрғын үйді электр энергиясымен қамтамасыз етуде. Дегенмен қуаттың жеткіліксіздігіне байланысты кейбір үйлерде электр желісінің тұрақтылығына қатысты қиындықтар туындап отыр. Осыған байланысты ауылға қосымша трансформатор орнату немесе қолданыстағы трансформаторды қуаты жоғары құрылғыға ауыстыру қажеттілігі туындаған. Сонымен қатар электр желілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бірқатар жұмыстар атқару жоспарлануда, – дейді Руслан Алпысұлы.
Мамандардың мәліметінше, ауыл аумағында ұзындығы 4,5 шақырым болатын 0,4 кВ әуе электр желілері тартылған. Бұл желілерде 18 бетон және 125 жартылай бетон, жартылай ағаш бағаналар пайдаланылған. Алайда уақыт өте келе кейбір бағаналардың тозуы тұрғындардың қауіпсіздігіне қауіп төндіріп отыр. Сондықтан электр бағаналарын толық ауыстыру, желілерді жаңарту және тұрғын үйлердің үстімен өтетін электр желілерін қауіпсіз бағытқа көшіру жұмыстары қолға алынбақ.
Жұмыспен қамту – жүйелі
Жұмыссыздық мәселесі ауыл тұрғындары үшін қашанда өзекті. Аядай ғана ауылда ата кәсіп – мал шаруашылығы мен егіншіліктен өзге тұрақты жұмыс орындарының аздығы тұрғындарға белгілі бір қиындықтар туғызатыны рас. Дегенмен, мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау шаралары ауыл халқының жұмыспен қамтылуына оң ықпал етуде.
Осы бағыттағы жұмыстардың жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын округ әкімі де атап өтті. Айтуынша, жыл сайын ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға арналған нақты жоспарлар жасалып, тұрақты түрде жүзеге асырылуда. Жыл сайын орта есеппен 15-20 азаматты еңбекпен қамту көзделген.
Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Биылдың өзінде бірқатар азамат уақытша және тұрақты жұмыс орындарына орналастырылған.
Атап айтқанда, 5 тұрғын қоғамдық жұмысқа тартылса, 2 азамат «Күміс жас» жобасы арқылы еңбекпен қамтылған. Сонымен қатар 3 ауыл тұрғыны тұрақты жұмысқа орналасқан.
Мұндай мемлекеттік қолдау жобалары тұрғындарға тек табыс көзін табуға ғана емес, еңбек нарығына белсенді араласуға, кәсіби тәжірибесін арттыруға және өз мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға жол ашып отыр.
Тазалық – тұрақты назарда
Тазалық – ауылдың ажарын айшықтайды. Содан болар мұндағы ағайын ауылды абаттандыру жұмыстарына ауызбірлікпен атсалысады. Бүгінде округ аумағында «Таза ауыл» қағидатын қалыптастыру, көшелерді көркейту, аумақты абаттандыру және санитарлық тазалықты сақтау бағытында жоспарлы жұмыстар атқарылуда.
Округ әкімінің мәліметінше, мұндай игі шаралар дәстүрлі түрде жыл сайын көктем және күз айларында ұйымдастырылады. Наурыз-мамыр және қыркүйек-қараша кезеңдерінде ауыл аумағын тазарту, көгалдандыру, көркейту жұмыстарына ерекше мән беріледі.
– Елді мекенді таза әрі көрікті ұстау мақсатында алдын ала жұмыс жоспары жасалып, арнайы топтар құрылады. Олар ауыл ішіндегі тазалықты сақтау, абаттандыру және көгалдандыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Бұл – тұрғындардың жайлы өмір сүруіне қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама, – дейді округ әкімі Руслан Жаңабай.
Ата кәсіпті ардақ тұтқан
Мұндағы ағайын негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Округтегі төрт түлік санына тоқталсақ, бүгінде 846 бас мүйізді ірі қара, 1850 бас қой мен ешкі, 2285 бас жылқы және 745 бас түйе өсірілуде.
Мамандардың мәліметіне сүйенсек, барлық мал басы толықтай бірдейлендіріліп, дерекқорға енгізіліп, сырғаланған. Жоспарға сәйкес төрт түлікке сібір жарасы, аусыл, күл ауруы, оба, қарасан және құтыру ауруларына қарсы профилактикалық вакцинация жүргізілді. Сонымен қатар сарып ауруын анықтау мақсатында қан сынамалары алынды.
Жүргізілген ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде мал арасында жұқпалы ауру белгілері анықталған жоқ.
Мәдени құндылықтар мәйегі
Ауылдың рухани өмірін жандандыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және тұрғындардың мәдени белсенділігін арттыру бағытында ауылдық клуб жұмыс істеп тұр. Онда бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес ауыл тұрғындары арасында түрлі үйірмелер ұйымдастырылып, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ұлттық өнер мен мәдени мұраны насихаттауға арналған мәдени іс-шаралар тұрақты түрде өткізілуде. Сонымен қатар ауыл кітапханасы да тұрғындардың рухани қажеттілігін өтеу мақсатында кітап көрмелері, тарихи-танымдық және мәдени-көпшілік бағыттағы кездесулер мен кештер де жүйелі ұйымдастырылуда.
Тәрбие – тәртіп тетігі
Ауылда бұқаралық спортты дамыту және жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға көңіл бөлінген. Ауыл аумағында орналасқан жасанды көгалы бар шағын спорт алаңы – бүгінде ауыл жастары жиі бас қосатын орнына айналған. Осындай игіліктердің арқасында ауыл жастары жат қылықтан ада. Десе де ауыл аумағында қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстар да жүйелі түрде жүргізілуде. Учаскелік полиция инспекторлары мен қоғамдық ұйымдар бірлесе отырып, тұрғындар арасында түсіндіру және профилактикалық шараларды тұрақты ұйымдастырылуда.
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ














