Уақытпен үндескен өнер

Ісмерлік – ғасырлар бойы көшпелі өмір салтымен қалыптасқан тұрмыстық қажеттілік өтеумен бірге, халқымыздың эстетикалық талғам, дүниетаны мен терең философиясын паш ететін мәңгілік мұра. Қолданбалы өнерді жаңашылдықпен үйлестіріп, ұлттық құндылықтардың өлмейтіндігін ісімен үлгі етіп келе жатқан шебер Әйтеке би кентінде тұрады.
КЕЗДЕЙСОҚТЫҚ ҺӘМ ГЕНЕТИКАЛЫҚ КОД
Шайхы Айдарбекқызы өмірі ұзақ жылдар тұрғындарға қызмет көрсету – сауда саласымен тығыз байланысты болады. Күнделікті тіршілік, тынымсыз ізденіс пен алға ұмтылу қабілеті оны күндердің күнінде мүлде басқа арнаға алып келді. Тағдырын түбегейлі өзгерткен сәтті ол былайша еске алады.
«Ешқашан қол қусырып отыру дегенді білмейтінмін. Саудадан қол үзгеніме көп болмаған. Жағдайға YouTube желісінен кездейсоқ шыққан қызылордалық қолөнершінің тігін тігу туралы видеосы себеп болды. Ешқашан қолына ине ұстамайтын менің ішкі қалауым оянып, көрген видеосын қайталауға кірістім», – дейді.
Үйдегі бар матаны жинап, бейнені бірнеше рет тоқтатып, құрақ түрін құрап шыққанымен, оларды қосу Шайхының көңілінен шықпайды. Әлгі желіні тауып алып, ақылы сабақтар алып, ізденістің шексіз әлеміне еркін енеді.
Өзі кездейсоқтық деп санаған өзгеріс расында кездейсоқ болмай шығады.
Әкесі ер тұрман мен ат әбзелдерін қолдан жасап, күміс ерітіп түрлі әшекей құятын шебер ұста болса, анасы өз киімін өзі тігетін тігіншілік қасиеті бар, көрші-қолаң мен ағайын-туысқа түрлі дизайнмен киім пішіп беретін өнерлі жан екен. Келін болып түскен шаңырағы да өнерден құр алақан емес. Енесі көздің жауын алатын кілем, алаша тоқып, киіз басатын өте өнерлі адам болыпты. Қайын атасы ұзақ жылдар энергетика саласында токар болып, темірден түйін түйген. Металды бағындырып, қажетті бұйымдар мен күрделі тетіктерді жасайтын, ерекше төзімділік пен жоғары дәлдікті талап ететін бұл мамандықты ұлы, Шайқының жолдасы Ақылбай жалғастырады.
«Асылында, көз көрген дүниесін сана өзіне қабылдайды деген рас болса керек. Шетелдерде бір кәсіпті бернеше буын ұрпақтың жалғастырып жатқанын жиі естейміз. Көп адам бойындағы қабілеті мен мүмкіндігін оята алмай кетіп жатады екен. Бұл орайда әркім ата-тегінде бар қабілетті қалыптастырып, дамытса, ешқашан қателеспейді деп едім», – дейді.
КҮРДЕЛІ ДИЗАЙН МЕН ҮЙЛЕСІМ
«Нағыз шеберді тәжірибе жасайды» деген де түсінік бар.
Бүгінде мата сырын терең меңгерген келіншекке оны өрнектеу, әдіптеу мен әсем бұйым дайындау ерекше күй сыйлайды. Құрақтың әрбір бөлшегін бір-біріне үйлестіру үлкен математикалық дәлдікті ғана емес, нәзік талғамды қажет етеді. Тігінші әрбір бұйымға аса жауапкершілікпен қарайды. Әсіресе, қиыннан қиыстырып, қазақтың дәстүрлі құрақ көрпесіне жаңашыл түрлер мен заманауи үлгілер енгізген сәтте барлық ауыртпалық пен шаршаудың ұмытылатынын жасырмайды.
Құрақтың күрделенген түрін ұнататын бір оюға бірнеше түсті үйлестіріп, күрделілік арқылы шеберлік жұмыстарын атқаруды жаны сүйетін ол біз барған сәтте жаңадан сатып алған шеберлік сабағындағы жаңа абстрактілі ою бойынша көрпелер құрастырап жатқан жұмысымен таныстырды.
Өнер туындысын көзбен көріп қана қоймай, оның ішкі философиясы мен болмысын тереңінен ұғыну, сөзбен жеткізу – үлкен парасаттылық пен талғамды талап ететін күрделі үдеріс екенін сезіндік. Нағыз туындыны қарапайым бұйым ретінде қарастырып, оны жай ғана шеберхана немесе бөлме төріндегі тігін мәшинесінен шыққан күнделікті заттай көру – әсемдік әлемінің тылсым сырына қиянат жасағанмен бірдей көрінді.
Тұтас бір дүниетаным мен жан сырын ақтаратын шығармашылық іс халықтың ғасырлар қойнауынан жеткен «Шешеннің сөзі – мерген, Шебердің көзі – мерген» деген қанатты сөзінің астарында жатқан шындық пен терең мағынада айқын көрініс тапқандай. Мұны – рух пен ісмерліктің үйлесімінен туған бұлжымас дәлдіктің айғағы деп бағамдадық
«Жүректен шыққан бұйым ғана жүрекке жетеді. Ол сезіледі, білінеді. Өзім бір жерінен қате кеткен, не осалдау болған дүниені басқаға ұсынбаймын. Құрықтың үсті қандай болса, астары да сондай тегіс, мінсіз түсуіне зер саламын. Ұзатылатын қызға, жаңа отбасына, туылған нәрестелер мен той үшін тапсырыс бергендерге жақсы тілек тілеп, тігемін. Жолы ашық, ұрпақтары көп болып құралуын тілейтін дәстүрлі қолданбалы өнер – құрақ сонысымен құнды», – дейді ол. Құрақ өнерінің терең мәні мен тәрбиелік сыры туралы оқиғамен де бөлісті.
«Құдаша қызымның жолдасының есімі – Құрақбай. Ата-анасы бала сүйе алмай жүргенде, көршілері, туған-туыстары үйлерінен бір-бір қиық құрақ әкеліп, шыңыраққа әкеліп қосқаннан кейін, осы ұл дүниеге келген екен. Бүгінде одан тараған ұл-қыздар көбейіп, өсіп-өніп жатыр».
Бұрын бабаларымыз оюдың тілін білген. Әрбірінің орны, статусы, мәні бар. Әр рудың, әр жастың, әр өңірдің өз оюы болған. Өңірге салатын оюды бас киімге, бас киімге салатын оюды аяқ киімге салмаған. Шебер кейбір әріптестері жіберіп жатқан осы қателікке қынжылысын да білдірді.
Өз өнімдерін әлеуметтік желілер арқылы кеңінен насихаттап жүрген Шайхы Айдарбекқызы алғашында Instagram арқылы бұйымдарын жарнамаласа, қазіргі кезде TikTok арқылы тікелей эфирге шығып, тапсырыс қабылдайды. Қызығушылық танытып, көрікті, сапалы бұйымдарыды алып жүргендер қатарында Орал, Маңғыстау, Атырау, Астана қалаларында тұратын тұрақты тапсырысшылар барын да білдік.
ӘЛЕМДІК РЕКОРДҚА ҰЛАСҚАН ҮЛЕС
Өз ісінің шебері жақында тағы бір үлкен жетістікке қол жеткізіп, биікті бағындырды.
Әселина Батыр есімді блогер-этнодизайнердің бастамасымен қолға алынған ауқымды жобаға қатысып, әлемдік рекордты орнатуға өз үлесін қосты. «Аламан құрақ» жобасы аясында 450 қазақстандық шебер бірігіп, жалпы аумағы 11 200 шаршы метр болатын алып құрақ көрпе тігіп шықты.
Осы бір айтулы шара барысында шебердің қолынан шыққан «көшен көрпе» мен ерекше «арғымақ жастық» көпшілікті тәнті етті. Бұған дейін «Тұмар» атты көрпе тігіп рекорд орнатуды көздесе, бұл жолы мыңнан аса тігіншінің басы құралған ауқымды шарада аудан атынан 15 шақты тігінші барып, абыроймен қатысқандар қатарында Шайхы да бар. Ұлттық өнерді заман талабымен ұштастыра білген бұл туындылар қазақ қолөнерінің шекарасы кең екенін әлемге паш етті. Бұл туралы ұлттық өнерді насихаттаушы: ««Кілең шебер жиналса, істері тез қызады» деген. Қажырлы еңбек пен тынымсыз ізденістің арқасында дүниеге келген бұл рекорд – тек бір адамның емес, тұтас бір ұжым мен елдің мақтанышы», – дейді.
Құрақ тек мата қиындарын біріктіру емес, ол үлкен философиялық мәні бар дүние. Бұл өнерді қолданумен бірге, дайындауға қызығушылық танытқан да көбін білдік. Осы уақытқа дейін талғам мен талапты ұштастырған жан асыл мұраны жас ұрпаққа үйретуде де үлкен істер тындырған. Оның онлайн және офлайн курстарына бірінеше шәкірт тәлім алып, көбі ісін дөңгелеткен. Ол туралы: «Әр адамның бойында қалау болса, жаңа кәсіпті үйренуі мүмкін. Адам әрбір істейтін ісін сезініп, жақсы көре білуі маңызды Біреуге көмегі тиетін, тұтынушы көңілінен табылатындай етіп жасауды мақсат қойып, бар мүмкіндігіңді соған салып, әрбір ұсақ-түйегіне ден салсаң – ол сөзсіз сапалы шығады», – дейді тәжірибесімен бөлісіп.
Өнерлі ананың артында асқар таудай тірегі – Ақыбай Күншығаров темір жол саласында еңбек етіп келеді. Перзенттері де әр саланың биігін бағындырған. Алматы қаласында тұратын қызы Айсұлу – екі баланың анасы, медицина қызметкері. Өнер жолын таңдаған ұлы Нұрболат пен келіні Гүлназ екі немере сүйдіріп отыр. Кенже ұлы Бексұлтан жоғары білім алып, ұстаздық жолды таңдаған.
«Бүгінгі қарқынды дамыған заманда кез келген өнер түрі уақыт көшіне ілесуі, заман талабына сай жаңарып отыруы тиіс. Қолданбалы өнер де бұл үрдістен тыс қалған жоқ. Бүгінгі шеберлер бабалардан қалған қағидаларды берік ұстана отырып, оған заманауи дизайн, жаңашыл технологиялар мен тың көзқарастарды батыл енгізуде.
Мәселен, қазақтың дәстүрлі құрақ көрпесі тек үй жиһазы емес, әлемдік деңгейдегі дизайнерлік туындыға айналып отыр. Бір-бірімен үйлесім тапқан түрлі түсті мата қиындылары арқылы қазіргі шеберлер абстрактілі оюлар мен күрделі геометриялық өрнектерді дүниеге әкелуде. Бұл – дәстүрлі өнерге тыныс беріп қана қоймай, оны жаһандық деңгейге көтерудің жарқын жолы», – дейді жаңашылдықты жаны сүйетін ару.
«Өзгеріс деп төл өнер бастапқы мағынасын ажырап қалмай ма?» деген алаңымызды да айттық.
«Қолөнердегі жаңашылдық ескіні жоққа шығармай, қайта оны байыта түседі. Өнердің өміршеңдігі осы. Жаңашылдық енгізгенмен, әрбір бұйымның түпкі мағынасы, бағыты өзгермейді. Құрақ құраудың маңызы, әрбір оюдың орны мен статусы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып жатыр.
Біздің мақсатымыз – болашақ ұрпақ мақтанарлықтай сапалы мұра қалдыру», – дейді.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА














