Қазақстан қатерлі ісік тудыратын вирусқа қарсы жаңа вакцина сатып алды: оны кімдер тегін алады?
Қазақстанда адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы "Гардасил-9" вакцинасы сатып алынды. Ол жатыр мойны обырын және онкологиялық аурулардың өзге де түрлерін тудыратын АПВ-ның тоғыз типінен қорғайды, деп хабарлайды Tengri Health.
АПВ-ға қарсы вакцинаның қанша дозасы сатып алынды?
"СҚ-Фармация" ЖШС-нің редакцияға берген мәліметі бойынша, бірыңғай дистрибьютор 2026 жылға адам папиллома вирусынан қорғайтын америкалық "Гардасил 9" вакцинасының 249 952 дозасын сатып алған.
Анықтама: АПВ - вирустардың 200-ден астам типін біріктіретін топ, олардың 40-қа жуығы жыныстық жолмен берілуі мүмкін. 14 типі онкогенді деп саналады және жатыр мойны обыры мен ісіктің кейбір басқа түрлерін тудыруы ықтимал. АПВ-ға қарсы вакцина вирустың ең қауіпті типтерінен қорғайды және соған байланысты онкологиялық аурулардың дамуын болдырмауға көмектеседі.
"Алғашқы партия - 155 589 доза - Қазақстанға 2026 жылдың маусым айында келді. Денсаулық сақтау басқармалары бекіткен кестелерге сәйкес, 92 959 доза өңірлерге жөнелтілді. Бірінші партияның қалған бөлігін тамыз айында жеткізу жоспарланған", - деп түсіндірді СҚ-Фармация өкілдері.
Екінші партия - 94 000 доза - қазан айында күтіліп отыр. Оны облыстарға тарату қараша айына жоспарланған.
Анықтама: "Гардасил 9" - адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы тоғыз валентті вакцина. Ол АПВ-ның тоғыз типінен қорғайды: 6, 11, 16, 18, 31, 33, 45, 52 және 58. Вакцина жатыр мойны обыры жағдайларының шамамен 90 пайызына себеп болатын вирустың ең қауіпті типтерін жұқтырудан сақтайды және басқа да кейбір онкологиялық аурулардың қаупін азайтады.
Қазақстанда бұған дейін АПВ-ға қарсы қандай вакцина сатып алынды?
Қазақстанда адам папиллома вирусына қарсы вакцинация 2024 жылдың қыркүйегінен басталды. Ол профилактикалық егулердің ұлттық күнтізбесіне енгізілген. Вакцинация ерікті түрде жүргізіледі: егу тек қыздардың ата-анасының немесе заңды өкілдерінің рұқсатымен ғана жасалады.
Бастапқыда Денсаулық сақтау министрлігі АПВ-ның төрт типінен қорғайтын "Гардасил-4" вакцинасын сатып алған болатын.
Анықтама: "Гардасил 4" - адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы төрт валентті вакцина. Ол АПВ-ның 6, 11, 16 және 18 типтерінен қорғайды. Бұл жатыр мойны обыры жағдайларының шамамен 70 пайызын, сондай-ақ генитальды сүйелдердің көптеген жағдайларын тудыратын вирус түрлері.
ДСМ Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының хабарлауынша, бастапқыда "Гардасил 4" вакцинасын мына санаттар ала алды:
11 жастағы қыздар (жоспарлы түрде),
12-13 жастағы қыздар (толықтырушы иммундау аясында).
2026 жылдың мамыр айынан бастап вакцинация 14–17 жас аралығындағы (қоса алғанда) қыздарға да қолжетімді болды.
Қанша қыз АПВ-ға қарсы вакцина алды?
Ұлттық орталықтың 2026 жылғы шілде айының басындағы мәліметі бойынша, Қазақстанда АПВ-ға қарсы 482 000 екпе жасалған:
11–13 жастағы қыздарға бірінші дозамен – 265 000 (оны алуға тиістілердің 38,1 пайызы);
11–13 жастағы қыздарға екінші дозамен – 175 000 (25,2 пайызы);
14–17 жастағы қыздарға бірінші дозамен – 42 000.
Баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, қазіргі уақытта төрт валентті "Гардасил-4" вакцинасының қалдығы 126 000 дозаны құрайды.
"Тұрғындарды иммундау үшін "Гардасил 9" вакцинасын қолдану "Гардасил-4" вакцинасының бар қалдықтары толық пайдаланылғаннан кейін басталады, бұл сатып алынған вакциналардың тиімді жұмсалуын және иммундау жүргізудің үздіксіздігін қамтамасыз етеді", - деп түсініктеме берді редакцияға.
Ұлттық орталықтың ақпаратынша, "Гардасил 9" вакцинасын 11 жастағы қыздар жоспарлы вакцинация үшін, ал 12-13 жастағылар толықтырушы екпе ретінде тегін ала алады. Олар екі доза алуы тиіс.
Екпенің 14 жастан асқан жасөспірімдерге қолжетімді болу-болмауы туралы түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ.











