Ардақты азаматтың есімі ұлықталды
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

«Баршаңызды бүгінгі турнирдің ашылуымен құттықтаймын! Жарыстың ашылу салтанатына орай Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нәлібаев Нұрлыбек Машбекұлы арнайы құттықтауын жолдады.
Қамбарбек Амангелдіұлы саналы ғұмырын Сыр өңірінің өсіп-өркендеуіне арнап, мемлекеттік қызметте адал еңбектің жарқын үлгісін танытты.
Қызмет жолында Шиелі ауданының әкімі, облыстық тексеру комиссиясының төрағасы, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары, кәсіпкерлік және өнеркәсіп, экономика және қаржы басқармаларының басшысы болған уақытта ел мүддесін негізге ала отырып, аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға, байыпты бастамалар мен тың жобаларды жүзеге асыруға ерекше үлес қосты.
Әріптесіміз қай қызметте де биік парасатымен абыройға кенеліп, азаматтық ұстанымымен, іскерлік қасиетімен, мол тәжірибесімен көпке үлгі болды.
Бүгінгі спорт сайысы асыл азаматтың есімін ел жадында мәңгі сақтап, жастарға үлгі-өнеге ретінде насихаттау мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырамыз. Осындай спорттық шараларда шыңдалған жастарымыз байрақты бәсекелерде ел мерейін үстем етіп, көк Туымызды биікте желбірете берсін!», – деді аймақ басшысы.

Айта кетейік, турнирге облыстағы барлық мемлекеттік мекемелерден 26 команда қатысуда. Жарыс қорытындысы бүгін шығады.





Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі














