Әлемде мұнай бағасы тағы 2 пайызға қымбаттады
Сарапшылар жыл соңында мұнай бағасының қанша доллар болатынын болжады

Фото: Freepik

Фото: Freepik
Дүйсенбіде әлемдік нарықта мұнай бағасы тағы да өсті. Бұған АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздердің тоқтап қалуы себеп болды. Сондай-ақ Ормуз бұғазындағы тасымалдың шектелуі шикізат құнын 2 пайызға жуық қымбаттатты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Reuters жазғандай, Гринвич уақыты бойынша сағат 23:46-дағы сауда мәліметтеріне сәйкес, Brent маркалы мұнайдың маусымдық фьючерстері 2,16 долларға қымбаттап, барреліне 107,49 долларға жетті. Бұл 7 сәуірден бергі ең жоғары көрсеткіш. WTI мұнайының бағасы 1,77 долларға өсіп, барреліне 96,17 долларға жетті.
Айта кетейік, өткен аптада Brent пен WTI бағасы сәйкесінше 17% және 13%-ға өскен болатын. Бұл әскери іс-қимылдар басталғалы ең жоғары апталық өсім ретінде тіркелді.
Goldman Sachs инвестициялық банкі Таяу Шығыстағы өндіріс көлемінің азаюына байланысты төртінші тоқсанға арналған болжамын қайта қарады. Сарапшылар жыл соңына қарай Brent бағасы барреліне 90 долларға, ал WTI 83 долларға дейін көтерілуі мүмкін екенін ескертеді. Мамандар мұнай өнімдерінің тапшылығы мен бағаның күрт өсуі әлемдік экономикаға қауіп тудыратынын мәлімдеді.










