Қазақстанда алтын өндірісі арта түспек
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, мемлекеттік есепте 374 алтын кен орны тіркелген. Ал олардың жалпы қоры – 2 369 тонна.

Дүниежүзілік алтын кеңесінің деректеріне сәйкес, Қазақстан алтын өндіру көлемі бойынша әлемде 14-орында тұр. Өткен жылы елде 71,2 тонна тазартылған алтын өндірілген. Бұл – Қазақстанда алтын өндірісінің соңғы үш жылда тұрақты деңгейін ұстап отырғанын көрсетеді.
Оның үстіне елімізде құрамында қоспасы жоқ, толық тазартылған, стандартқа сай алтынды экспорттауға тыйым салынған. Себебі бүкіл көлемді Ұлттық банк сатып алып отыр. Дегенмен әлемдік бағаның өсуінен еліміздегі Ұлттық банк алтын резервін 1 жыл ішінде 23,8 млрд доллардан 41,9 млрд долларға дейін ұлғайтты.
Елімізде алтынды өндіретін «Қазмыс», «Казцинк» және «Тау-Кен Алтын» секілді үш ірі компания бар. Олар жылына 70 тоннадан асатын аффинаждалған металл береді. Соған қарамастан 2026 жылға қарай кенді қайта өңдеу және Доре қоспасын, яғни алтынның бастапқы, толық тазартылмаған қорытпасын өндіру бойынша бірқатар ірі жобалар іске қосылмақ. Елдегі алтын өндіру ісін арттыра түспек.
Индустрия министрлігінің мәлімдеуінше, елде бар кәсіпорынды жаңғырту және тау-кен металлургия комбинатын салу қолға алынған. Инвестициялар көлемі тиісінше 2,8 млрд және 21 млрд теңге. Ең көп капитал қажет ететін жобалардың бірі – Ақтөбе облысындағы Юбилейное кен орнындағы фабрика. Оның қуаты – жылына 7,2 тонна, Доре өндіруге жетуі тиіс. Бұл 700-ге жуық жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жыл соңына дейін Ақмола, Алматы, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында және Ұлытау өңіріндегі Қужал кен орнында да жаңа фабрикалар іске қосылуы тиіс.










